Көлік дөңгелегі жарылса, МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОСЫЛАРДЫ ІСТЕҢІЗ

0
2 492

Мұның барлығы сіздің тағдырыңыз үшін маңызды.


Көлік дөңгелегі жарылса, МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОСЫЛАРДЫ ІСТЕҢІЗ

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Дөңгелектің жарылуы – бұл әрдайым күтпеген жерден болатын өте жағымсыз оқиға. Мұндай жағдайда ең алдымен рөлді мықтап әрі түзу ұстау қажет. Өйткені, жарылған доңғалақ ең бірінші автомобильді дұрыс басқаруға кедергі жасап, көлік жүрісінің ауытқуына соқтырады. Ал, ондай кезде жолдағы басқа көліктермен соқтығысып жатады. Сондықтан сіздің жүргізуші ретіндегі шеберлігіңіз қаншалықты жақсы болса да немесе сіздің көлігіңіз қаншалықты қауіпсіз болса да – жарылған доңғалақ жолда өте қауіпті болып қала береді. Тіпті, автомобиль шиналарын өндірудің заманауи технологиялары мұндай жайсыздықтарға жол бермегенімен, бәрібір осындай қиындықтармен бетпе-бет келіп жатамыз. Сондықтан мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін алдын-ала білген дұрыс.


Алдымен, қауіпсіз жылдамдық режимін ұстанудан бастаңыз. Сіз неғұрлым баяу жүрсеңіз, өмір сүру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Себебі, доңғалақтың 80-90 км/сағ жылдамдықпен жүріп бара жатып тесілуі 140-150 км/сағ жылдамдықта тесілуге қарағанда әлдеқайда жеңіл болады. Егер көлігіңіздің доңғалағы 150 км/сағ жылдамдықта жарылып, өзіңіз тірі қалсаңыз, оны Құдайдың сыйы деп санауға болады.


Тежегіш педальды түбіне дейін басып отырмаңыз. Әрине, мұны істегеннен гөрі айту оңай. Өйткені біз төтенше жағдайға тап болғанда ақыл-ойымыз тежегіш педальды үздіксіз басып отыруға мәжбүр етеді. Ал, шын мәнінде, бұл әрекет көлікті ауытқуын одан сайын күшейтеді. Сондықтан тежегішті басып, қайта жіберіп, осы әрекетті бірнеше рет қайталау керек. Бірақ, тежегіш педальдан аяқты бірден алып тастамаңыз. Егер круиздік бақылауды қосқан болсаңыз, оны дереу өшіріңіз.


Көлікті тік ұстау үшін бар күшіңізді салыңыз. Себебі доңғалақтың бұрылуы көліктің тіктелуін едәуір қиындатады. Егер автомобиль бір бағытқа тайып бара жатса, онда сіз рульді қарама-қарсы бағытқа бұрып, автомобильдің тік траекториясын ұстап тұруыңыз керек. Бұл өте маңызды сәт. Әйтпесе, көлігіңіз жанымен сырғанап, жолдан ұшып кетуі мүмкін. Көлікті тұрақтандыру кезінде рульді қатты бұруға да болмайды. Бұл әрекеттің нәтижесінде көлік төңкеріліп кетуі әбден ықтимал.

Мүмкіндік болса, көлікті инерция арқылы тоқтатыңыз. Қажет десеңіз, қозғалтқышты тежеуді де қолдануға болады. Көлігіңіз қауіпсіз қозғалыс жылдамдығына жеткен кезде тежегіш педальды ақырын басыңыз. Жол жиегіне тоқтау үшін бұрылыс белгілерін пайдаланыңыз және жолдың ортасына тоқтауға болмайды. Тоқтаған кезде апаттық жарықты қосыңыз.


Кеңестер

  • Егер автомобиль солға немесе оңға тартылса және рөл ауырласа, онда алдыңғы доңғалақтардың бірі тесілген. Көлік әрқашан алдыңғы доңғалақ тесілген бағытқа тартылады. Ал, көлік дірілдей бастаса, онда артқы доңғалақ тесілген.
  • Егер жол талғамайтын көліктің доңғалағы жарылса, оның басқа көліктерді қағып кету ықтималдығы өте жоғары болады. Сондықтан мұндай автомобильдерді басқаратындар қауіпсіз жылдамдық режимін сақтауы қажет.
  • Қозғалыс кезінде әрқашан рөлді екі қолыңызбен ұстаңыз. Өйткені, кенеттен доңғалақ жарылса, көліктің тұрақтылығын сақтау жалғыз қолға қиын болып қалады.
  • Дөңгелек тесілгенде көліктің басқа бөліктерін де зақымдауы мүмкін. Сол себепті, дөңгелекті ауыстырып, қозғалысты жалғастырмас бұрын, мүмкін болатын зақымдарды тексеріңіз.
  • Қандай жағдай орын алса да сабырлы болуға тырысыңыз. Оқыс оқиғадан қатты үрейленбей, күтпеген әрекетке бармау керек.
  • Егер доңғалақ дымқыл жолда жарылса, жағдай нашарлайды. Сондықтан жаңбыр жауып тұрған кезде қауіпсіз жылдамдық режимін ұстанған дұрыс.

Ескертулер

  1. Ешқашан көлігіңізге шамадан тыс жүк артпаңыз. Яғни көлігіңіз бен шиналардың рұқсат етілген максималды жүктемесін бұзбауға тырысыңыз.
  2. Доңғалақтардың жарылуының ең көп таралған себебі – шина ішіндегі ауа қысымының төмен болуы. Статистикаға сүйенсек, осындай жағдайлардың 75 пайызына дәл осы жағдай себеп болады. Өйткені, шинаның төмен қысымы оның қызып кетуіне соқтырады. Сондықтан жолға шықпас бұрын шиналардың қысымын жиі тексеріп отырыңыз.
  3. Танымал брендтердің сапалы шиналарын пайдаланыңыз. Белгісіз өндірушілердің арзан шиналарынан аулақ болыңыз. Ешқашан пайдаланылған шиналарды сатып алмаңыз және ескі шиналарыңызды қалпына келтірмеңіз.
  4. Көлік жылдамдығын шиналарыңыздың бүйірінде көрсетілген шекті жылдамдықтан асырмаңыз.
  5. Бетон жолдар көлігіңіздің шиналарын қатты қыздырады.
  6. Мүмкіндік болса, әр 90-120 минуттық жүрістен кейін өзіңізді ғана емес, шиналар мен тежегіштерді демалдырған дұрыс.
  7. Шиналарыңыздағы протектор тереңдігін тексеріңіз. Егер ол тозған болса, дереу жаңа шиналар жиынтығын сатып алыңыз.
  8. Көліктің шиналарын тексеріп тұрыңыз.
  9. Шиналарға жол жиегінен немесе шұңқырдан зақым тиюі мүмкін.
  10. «Камерсіз» шиналарды қолданыңыз. Себебі, ондай дөңгелектердің жарылу ықтималдығы жоғары.
  11. Егер сіздің шиналарыңыздың алынғанына бес жылдан немесе жүрісі 40,000 шақырымнан асса, оларды ауыстыру туралы ойлану керек.

Бастысы – мұның барлығы сіздің тағдырыңыз үшін маңызды екенін есте сақтаңыз!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Жанармай бекетіне ЖЕМ БОЛЫП жүрген жоқсыз ба? Олардың түрлі АЙЛАСЫ БАР!


БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ: Заманауи көліктердің КЕМШІЛІГІ ӨТЕ КӨП