Көлік сатып алу үшін мыналарды БІЛУ КЕРЕК

0
2 500

«Автокөлікті сатпай ұстап тұрамын» деп алдап ақша алатын болса, ақшаны бергеннен кейін хабарландыруды көре де алмайсыз және телефонының тұтқасына жауап та бермейді.


Көлік сатып алу үшін мыналарды БІЛУ КЕРЕК

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бүгінде көптеген адамдар автокөлікті сәніне емес, техникалық сипатына, неғұрлым үнемділігіне қарап және шын мәнінде жағдайы жақсы екеніне көз жеткізіп барып сатып алады. Өйткені қазіргі экономикалық жағдай соған итермелеп отыр. Сонымен қатар, көптеген алаяқтар да баршылық. Егер олардың жымысқы әрекетіне алданып қалсаңыз нашар автокөлікке ұрынғаныңызбен қоймай, ұзақ уақыт еңбекпен жинаған ақшаңызды желге ұшырғандай боласыз немесе несиеңізді өкінішпен төлеп өтетін боласыз. Сондықтан, темір тұлпар тізгіндер кезде мамандардың кеңесіне жүгініп, осындай пайдалы ақпараттарды біле жүріңіз.



Қазір автокөліктерді интернетке жүктелген хабарландырулар арқылы немесе автобазарлардан сатып алады. Жалпы, кез келген сатушы өз көлігінің кемшіліктерін айтып, ещқашан жамандамайды. Біреу өз көлігін әбден сәндеген, бірақ техникалық жағынан ақауы көп болуы мүмкін немесе сыртқы келбеті нашар, бірақ жағдайы жақсы көлік кездесуі ықтимал. Ал автобазарға барғанда өзі көлік мінгісі кеп армандап жүрген адамның басы айналып, біреуіне байланып қалатынын жиі байқауға болады. Сол себепті, сатып алғасын өкініп жүрмеу үшін көліктің «асты-үстін» мұқият тексеру қажет. Сондай-ақ, автосалоннан сатып алар болсаңыз қалтадағы ақша неге кетіп жатқанын сезініп, барлық келісімшарт құжаттары мен көліктің сенімділігіне көз жеткізу маңызды. Ал, ақшаңыз жетіп тұрса немесе несиені төлеуге шамаңыз келсе, су жаңа көлік мінгенге не жетсін?!

Сонымен, көлікті қайдан, қалай сатып алуға болатынын айттық. Енді, бұл тақырыптың ұңғыл-шұңғылына бойлап, таңдаған тұлпарды лайықты бағасына алу немесе кемшілігін аңғару үшін аса мән беру керек нысандарды атап өтейік.


• Алдымен, хабарландырулармен танысқан кезде алдын ала төлем жасауды немесе қандай да бір кепілзат қалдыруды сұрайтындарды дереу тізімнен шығарып тастаңыз. Себебі, көлік ашып кететін тамақ, немесе ұшып кететін құс емес. Бірінші оны көрсетілген мекенжайға барып тексеру керек. Ал, Сізді «автокөлікті сатпай ұстап тұрамын» деп алдап ақша алатын болса, ақшаны бергеннен кейін хабарландыруды көре де алмайсыз және телефонының тұтқасына жауап та бермейді.

• Егер Сіз өте төмен бағада сатылатын көлікті көрсеңіз, хабарландыруға қатты қызықпай-ақ қойыңыз. Мұндаларда көбіне анық деректер болмайды. Ондайлардың құжаты жоқ немесе ұрланған, ұрылған-соғылған болуы әбден ықтимал.

• Ал көлік өзге елдің есебінде болып, бірақ сізге ұнап тұрса ойлануға тура келеді. Дегенмен, есептеп қарағанда кедендік бақылаудан өткізіп, толықтай Қазақстанға тіркеу үшін мол шығынға ұшырайсыз.

• Ойдағы көлікті тапқаннан кейін, оның тарихына назар аударыңыз. Егер автокөлік базадан өшіп кетсе немесе оны көптеген адамдар сатып алып, қайта сатқан болса, мейілінше жақындамаған дұрыс.

• Одан кейін көліктің иесімен кездесіп, жағдайын қарап, барлық құжаттарды тексеріп шығу керек. Әсіресе құжаттар мен шанақтағы таңбалар және нөмірлердің сәйкестігіне мән беріңіз. Егер символдары оқылмаса немесе арнайы жасырылғанын білсеңіз, кейбір жерлерден басқаша бояудың қалдығын, сыртқы сипатынан бір кемшілікті байқасаңыз, одан әрі саудаласудың қажеті жоқ. Өйткені мұндай жағдайдың соңы мәселеге айналып кетеді. Оданда біршіама уақыт жоғалтсаңыз да басқасын іздеген жақсы.

• Ал барлық тұсы ұнап, Сіздің және жаныңыздағы сенімді адамдардың тексеруінен ойдағыдай өтсе, саудаңыз сәтті орындалды деген сөз. Тіпті, ешқайсысына көңіліңіз толмаса және жағдайыңыз жетіп тұрса, басты қатырмай салоннан су жаңасын ала салыңыз. Есесіне, ұзақ уақыт бойы қызмет етеді және алғашқы иесі болғандықтан барлығына сенімді боласыз.

• Тағы бір айта кетерлігі – көлік алатын кезде дұрыс таңдау жасауға техниканың қыр-сырын білетін, көлік айдауда тәжірибесі бар досыңыз немесе жақын туысыңыз көмектесе алады.

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Көлік салонын КОНДИЦИОНЕРСІЗ-ақ салқындатуға болады


Алдыңғы терезені ӨЗІҢІЗ-ақ ауыстыра аласыз