Көліктен ВИРУС ЖҰҚТЫРМАУ үшін мыналарды ЕСТЕН ШЫҒАРМАҢЫЗ!

0
1 451

Қоғамдық көліктерге мініп жүргендер бұл қауіптен қалай сақтану керек?


Көліктен ВИРУС ЖҰҚТЫРМАУ үшін мыналарды ЕСТЕН ШЫҒАРМАҢЫЗ!

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

COVID-19 пандемиясы кезінде жеке көлікпен қатынау бір қарағанда, қоғамдық көлікті пайдаланумен салыстырғанда вирусты жұқтыру қаупін азайтудың тиімді тәсілі. Тіпті жеке көліктен бас тартуды насихаттайтын адамдардың өзі дәл қазір адам толы қоғамдық көліктерге мінуден аяқ тартады. Себебі, автобустарға көп адам мінсе, таксимен неше түрлі жолаушылар қатынайды. Сонда мұндай жағдайда вирустан қалай сақтанған дұрыс?


Жаппай дезинфекция

ДДСҰ мәліметтері бойынша, COVID-19 вирусы адам денесімен жанасатын заттар арқылы оңай жұғады. Сондықтан қазір кез келген жүргізуші құрамында спирті бар антисептик, сүлгі немесе дезинфекцияға қолданатын құралдарды үнемі алып жүруі керек.

Олармен қолды және көліктің басқару бөліктерін (рөл, беріліс қорабының иінтірегі, қол тежегіші, әйнек көтеріп-түсіргіш, есік тұтқалары, желдеткіш түймелері және т.с.с.) жиі-жиі сүртіп отыру қажет. Соның ішінде былғарымен қапталған бұйымдарға ұқыпты болу керек, өйткені спирт қосылған агрессивті заттар оларды зақымдауы мүмкін. Егер көлікте өзге де жолаушылар болса, олардың да залалсыздандыру құралдарын қолдаунуын сұраңыз.

Ал, такси болсаңыз, көлік ішіндегі адам денесі жанасатын барлық орындарды неғұрлым терең дезинфекциялау қажет. Өйткені, вирус екі-үш тәулік бойы өміршеңдігін сақтай алатынын ескерсек, немғұрайлы әрекет талай адамға зиянын тигізуі бек мүмкін. Оған қоса, қауіпсіздік белдігін залалсыздандырып, маска киіп алыңыз.


Желдету

Жеке автокөлік, такси немесе автобус болсын, жүргізуші мен жолаушылар бір кеңістіктің ауасын жұтады. Егер іштегі біреуге ауру жұқса, қалғандарының да жұқтыру қаупі өте жоғары болады. Сондықтан салондағы ауаның қамалып қалуына жол бермей, үнемі желдетіп отырған дұрыс. Тіпті, қазіргі ауарайында әйнектерді ашып қойып жүруге де болады.

Салонды тазалау құралдары

Бүгінгі таңда көлік салонын дезинфекциялауға арналған көптеген құралдар пайда болды. Оларға кварц шамдар, ауа тазартқыштар, ультракүлгін сәуле шығарғыштар мен микробқа қарсы әсер ететін формальдегид ерітіндісін шашатын арнайы дезинфекторлар жатады. Мұндай құрылғыларды тіпті Aliexpress-тен де оңай алдыруға болады, бірақ олардың тиімділігі ресми түрде расталмаған. Дегенмен, кез келген қосымша шара пайдалы болуы мүмкін.


Қолма-қол есеп айырысудан бас тартыңыз

Дәрігерлердің кеңесіне сүйенсек, қолдан қолға өтетін қағаз ақшалар арқылы да вирус өте жылдам жұғады. Сондықтан кез келген жағдайда қолма-қол есеп айырысуды тоқатып, қандай да бір тәсілді қолданған тиімді (мысалы банк картасымен). Бұл ескертуді дүкендерде ғана емес, жанармай бекетінде, көлік тұрағында, көлік бөлшектерін сатып алғанда, жолақысын төлегенде және т.б. кезде естен шығармау қажет.

Қазіргі таңда көптеген сауда орындары мен мекемелер адамдарға тиімді болу үшін осы әдіспен төлеу жолдарын қамтамасыз етіп жатыр.


Жалпы, бүгінгі таңда көлік қызметін тұтынбайтын адам кемде-кем. Оның үстіне қазір карантин енгізілген жерлерде жеке көлікпен жүруге тыйым салып жатыр. Ал қоғамдық көлікте сапарлас болған адамдардың қайсысынан қауіп төнетінін бет әлпетіне қарап білу тіптен мүмкін емес жағдай. Дегенмен ең қажетті орындарға өз көлігіңізбен баруға болады. Талай жанның жүрегіне селкеу түсірген аты жаман аурудан сақтанудың өте тиімді жолы – үйде отыру және кеңестерді есте сақтау. Үйде болыңыз!


Дайындаған: Б.ЕРМАН,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Коронавирус және көлік: Қандай ЕРЕЖЕНІ қатаң сақтау керек?


КӨКТЕМ: Көлікті бір ТЕКСЕРЕТІН кез келді