«ҚОҢЫЗ КӨЛІК» әлем жұртын ҚАЛАЙ ТАҢҒАЛДЫРДЫ

0
3 511

Ол небір қымбат, небір алып техникалардың алдын орап кеткен.


«ҚОҢЫЗ КӨЛІК» әлем жұртын ҚАЛАЙ ТАҢҒАЛДЫРДЫ

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Өткен ғасырдың басында адамзат ғаламшарымыздың Оңтүстік және Солтүстік полюстеріне қызығушылық танытып, зерттеуге кірісе бастады. Зерттеушілер алғашқы сапарларға кәдімгі көліктерді пайдаланып, олар аз уақыттың ішінде бұзылып қала берген. Содан кейін әлемдік автоиндустрия аязға төзімді арнайы көліктер құрастыра бастайды. Бірақ, арнайы шығарылған көліктердің де біразы айнала тегіс мұз басқан аймақтың ауа райына шыдай алмапты. Ал, бүгін сол антарктидаға барған көліктердің ерекше үлгілерімен таныс боласыздар.


Арзан жұмыс күші – CIC Rover

Дания, Норвегия және американдық ғалымдар бірлесіп жасаған пилотсыз көлік модулі өзінің алғашқы миссиясын 2017 жылдың 4 шілдесінде Гренландияның солтүстігінде орындаған. 20 шақырым қашықтықтан 170 келіге дейін жүк тасымалдауға қабілетті бұл аппарат «EastGrip» – мұз қозғалысын зерттеу халықаралық жобасы аясында сынақ ретінде жұмыс істеген. Өлшемдері 80x60x61 см болатын төрт доңғалақты қорап көлік қарапайым қорғасын аккумуляторларынан қуат алатын екі электр қозғалтқышпен жабдықталған. Содан, бұл қарапайым аязға төзімді механизм өзінің жұмысымен ғана емес, арзан бағасымен де ерекшеленеді. Атап айтар болсақ, бұл көлік құралы дәл өзі сияқты қызмет атқаратын көліктерге қарағанда он есе арзан болған. Көлік құрастырушыларының айтуынша, бұл электрониканы басқару үшін арнайы бағдарламалық жасақтама да қажет емес екен.


Жылдам "Чаборз М-З"

2017 жылдың ақпан айында Гудермес қаласында "Чаборз М-З" үш орынды жеңіл тактикалық жер үсті көлігі шығарылып, артынша арктикалық жағдайларға бейімделген нұсқасы да жарық көрген. Ресей арнайы күштер университетімен бірлесіп жасалған ерекше сноуборд көлік бір жылдан кейін Франц Иосиф жеріндегі әскери жаттығулар кезінде өзінің керемет қабілеттерін көрсетеді. Оның артқы доңғалақтарының орнына шынжыр табан орнатылып, алдыңғы дөңгелектің орнына шаңғылар қойылған. Әртүрлі қару-жарақпен жабдықталған көлікте атқышқа арналған орын да бар. Ал, салмағы 1270 келі болса, ең жоғары жылдамдығы 130 км/сағ.-ты құрайды. Тағы бір айта кетерлігі – бұл техниканы операция орнына тек жүк ұшақтарымен ғана емес, тікұшақтар арқылы да жеткізуге болады екен.



Snow Cruiser

Ал, мына бір ұзындығы 17 метр болатын "қар крейсерінің" салмағы 34 тоннаны құраған. Ішіне бес адам сиятын алып техника 150 аттың күші бар, дизель жанармайымен сағатына 50 шақырым жол жүруге мүмкіндік беретін екі қозғалтқышпен жабдықталған. Ал, құны 300 мың АҚШ долларын құраған жобаның борттағы жанармай қоры 8 мың шақырымнан астам жолға жететін болған. Зерттеушілердің пікірінше, "мұз крейсері" алтыншы материктің бүкіл жағалау сызығын айналып өтіп, оңтүстік полюске екі рет баруы керек болыпты. Бірақ, қармен жүрген ауыр техникаға қосақты жоңғалақтар салған күннің өзінде екі аптада небәрі 148 шақырым ғана жол жүрген. Қозғалтқыштары қатты суыққа қарамастан қызып кеткен. Бірнеше ай бойы стационарлық полярлық станция ретінде пайдаланылған бұл сәтсіз өнертабыстың жол жүргенін 1958 жылдан кейін ешкім көрмеген.


Әмбебап сарбаз – Arktos Craft

Канадалық Arktos Development компаниясы шығарған апаттық-құтқару көлігі шынымен де «құдіретті» екенін дәлелдеп үлгерді. Салмағы 32 тонна тартатын машинада 52 адамға арналған орын бар және 20 тоннаға дейін жүк тасымалдауға қабілетті. Ыстыққа төзімді корпусы 2000 жылы өрт сынақтарынан өткен және мұзбен соқтығысудан «қорықпайды». Сонымен қатар, сынақтар нәтижесі көліктің -50 °C температурада қалыпты жұмыс істей алатынын растаған және 35 градустық биікке қиналмай көтеріле алады. Ол аз десеңіз, суда да емін-еркін жүре береді. Ал, судан шығу қажет болған кезде, арнайы гидравликалық механизмі алдыңғы бөлігін жоғары қарай көтеріп, тайғақ мұздың бетіне немесе қиыршық тасты жағаға өзінің темір тістерін қадап шығады. Содан да болар, бағасы өте қымбат болғанына қарамастан жол талғамайтын көлікті АҚШ жағалау күзеті бөлімшесі, тіпті Қазақстан құтқарушылары мен бірқатар мұнай компаниялары да сатып алған.


Аязға төзімді «қоңыз» – Volkswagen Beetle

Полярлық зерттеушілер күнделікті жұмысына шынжыртабанды тракторлар мен арнайы көліктерді ғана емес, жеңіл автомобилдерді де қолданған. Сондықтан біздің тізімімізде осы қызыл "қоңыздың" болғанын таңғалудың қажеті жоқ. Тарқатып айтар болсақ, «ANARE Mawson» станциясындағы австралиялық экспедицияның бастығы Рэй Макмахон 1963 жылдың қаңтарында Антарктидаға осынау арзан әрі үнемді хетчбэкбен қонған. Ал, неміс компаниясы зерттеушілерге Beetle көлігінің өзін ғана емес, қосалқы бөлшектердің жеткілікті қорын да тегін берген. Бұл көлікке таңдау кездейсоқ түскенімен, Оңтүстік полюске жібермес бұрын оның төмен температура жағдайында жұмыс істеу қабілетін сынақтан өткізіп, әбден дайындаған. Сөйтіп "қызыл қоңызға" скандинавиялық жиынтықтарға арналған бөлшектер, қосымша пеш пен екі аккумулятор орнатылыпты. Бір қызығы – біз көріп отырған қарапайым "фольксваген" Antarctica 1 станциясында бір жыл жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде оның жарықтандыру құрылғыларын қоспағанда, одан басқа ешқандай әлсіз тұсы анықталмаған. Сол кезде мұны естіген әлем жұртшылығы «қоңыздың» мықтылығына тәнті болған екен. Ал, сіз бұған қалайша таңғалмайсыз?!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Тежегіш қатып қалса, МЫНА ӘДІСТЕРДІ қолданыңыз


Аязда ОТАЛМАЙ ҚАЛҒАН көлікті ҚАЛАЙ ІСКЕ ҚОСУҒА болады?