Шымкенттік жігіттер ескі көлікті ЭЛЕКТРОМОБИЛЬГЕ айналдырып жүр

0
3 824

«Бірақ, Қазақстанда өндіріс жоқ. Жастарға деген сенім жоқ» - дейді олар.


Шымкенттік жігіттер  ескі көлікті ЭЛЕКТРОМОБИЛЬГЕ айналдырып жүр

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Адамның қиялында шек жоқ. Сондықтан да болар, күн сайын кемінде бір өнертабыс жарыққа шығады. Өнертапқыштардың бірі өз ойынан жаңа дүние ойлап тапса, енді біреулері әлемдік тәжірибеде бар заттарға қарап, өзіндік нұсқасын жасап жатады. Әсіресе, мұндай жаңалықтарды автокөлік әлемінен жиі байқаймыз. Осы орайда ескі көліктерді элетромобильге айналдырумен аналысатын шымкенттік жігіттердің жұмысымен танысып қайттық. Олар «бүгінгі күнмен емес, болашақпен өмір сүреміз» дейді.


Шымкент қаласында дүниеге келген Рахматуллаев Ерлан өнер мектебінде білім алып, той-томалақта оператор қызметін атқарған. Бір күні көлігі бұзылып қалып, оны электр қуатымен жүргізіп көруге кіріскен. Сол ойға жетем деген мақсат жолында бірнеше курстарда оқып, қызығушылығының арқасында инженер болып шыға келіпті.


- Негізі электромобиль жасауды осыдан 3-4 жыл бұрын ойлап жүргенмін. Мініп жүрген «гольфімнің» әр жері бір бұзылып шаршата бастады. Күндердің бір күнінде қозғалтқыштан түтін шығып кетті. Сол сәтте ойда жүрген дүниені іске асырмаққа бекініп, қозғалтқышты шашып тастап, мотор мен беріліс қорабын қарапайым аккумуляторға жалғап жүріп көрдім. Сол кезде бұл ойды жүзеге асыруға болатынын түсіндім. Бірақ, көлікке арналған батареяларды сатып алу оңайға соқпады. Қажетті қаржыны бір жыл бойы жинап, ескі гольфтен электромобиль жасап шығардым. Ойламаған жерден көп адам әлеуметтік желіге шығарып, ютубтағы блогерлер өз бағдарламаларына кейіпкер етіп түсірді. Сондай бір түсірілім кезінде қауіпсіздікті тексеріп жатып бір саусағым қозғалтқыштың ішіне кіріп кеткен жайы бар. Қуанышқа орай, тырнағымды ғана жұлып кетті, - дейді ол.

Оның айтуынша, осы бір жобаны алғаш бастаған кезде қалталы ағаларынан қаржылай көмек сұрап, алайда олардың ешбірі көмек көрсетпепті. Тек өнер жолында таныс, біліс болған Заттыбек Көпбосынұлы ғана қолдау жасаған. Солай-солай бағдарламаларға түсіп жүргенде қазіргі «Beren-motors» деп аталатын компанияның бас демеушісі әрі директоры Нұрсұлтан есімді әріптесімен танысқан.


- Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы ең алғашқы электромобильді жасап шығару. Қазір бұл сала бізде дамымағандықтан көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Ал, элетромобиль жасауды дамыта берсек, ертеңгі күні бағасы да қолайлы болып қалады ғой. Дегенмен, қазір ескілеу бір көлікті электромобильге айналдыру үшін 4-5 миллион теңге кетеді десек, 3-4 жылдың ішінде бензинмен жүретін көлікке бәрібір сол ақшаны салып қоямыз. Себебі, біз жасайтын көліктерге айына 3-4 мың теңге ғана шығын (электр қуатына) шығады. Бірақ, елімізде электромобильдерге арналған бекет болмағандықтан, көліктің батареясын үйде қуаттауға тура келеді. Тап қазір ол процесс ұзақтау жүреді, - дейді инженер Ерлан.

Біздің кейіпкеріміз бұл деңгейге бірден жете қоймағанын да жасырмайды. Тіпті, көлігіне салған батареямен артығырақ жүріп қойып, аккумуляторының жартысы жарамсыз болып қалған кездер де басынан өткен. Соншама қымбат аккумулятордың жарамай қалғанына да сынбаған Ерлан бүгінде екінің бірі қол жеткізе алмайтын маман болып отыр.


- Қазір біз өзімізге тәжірибе жинап жатырмыз. Көліктерге батарея орнату үшін 4-5 миллион теңге қаржы кетеді. Ал, жасап шыққан көліктерімізге 3 жыл кепілдік береміз. Сондай-ақ, қазір осы жерде жұмыс істейтін жігіттер болып қуаттағыш жасап жатырмыз. Ол жобамызды іске асырсақ, электромобиль өндірісіне тағы да бір табан жақындар едік, - дейді өз жоспарларымен бөліскен Ерлан.


Компания директоры Нұрсұлтан Сейсенбаевтың айтуынша, бұл жұмысқа кіріскендеріне 2 жылдай уақыт болыпты. Жас та болса, біршама бизнестің басын ұстап жүрген жігіт болашақта қазіргі жобалары ауқымды іске айналатынына сенімді.

- Біз мемлекеттік қолдау деген тақырыпқа енді ғана келіп жатырмыз. Бірақ, біздің жобамызды жақын арада мемлекет немесе ірі компаниялар қолдайды дегенге күмәнім бар. Мысалы, дамыған елдерде біз секілді бағытта жұмыс істейтін компанияларға жылдап кезекке тұрады. Тіпті, атақты Ford-тың өзі былтыр осындай қызмет көрсетуді бастағандарын жариялады. Өздері жаңа көлік шығаратын компанияға бұл не үшін керек? Пайдасы бар екенін біліп отырған жоқ па? Ал, біздің елімізде бәрі керісінше. Байлар бар ақшасын тойхана салуға жұмсайды. Мемлекет те бұл салаға көңіл бөлер емес. Әйтпесе, осы салаға жауапты шенеуніктермен сөйлесіп, түсіндіріп көрдік. Бірақ, нәтиже біз күткендей болмады. Электрмен жүретін көліктің шығыны көп болмайды, жиі бұзылмайды әрі экологиялық тұрғыдан өте тиімді. Бұл деген жақсы емес пе? Бізге сенім білдірмейтіндей болса, гаражымызға келіп, өз қолымызбен істеген мына көліктерді неге көрмейді? Өйткені, қазір елімізде дамудан гөрі жемқорлық, таныстық басым. Әйтпесе, біз сияқты қолынан іс келетін талай жас бар. Олар шетелде, мықты университеттерде оқиыды. Бірақ, Қазақстанда өндіріс жоқ. Жастарға деген сенім жоқ. Осы кемшілігімізді түзесек, индустримяыз, экономикамыз ілгерілейтін еді, - дейді ол.


Расында, қазір еліміздегі өндіріс, оның ішінде автоиндустрия саласы айтарлықтай дамып жатқан жоқ. Ал, ғалымдар болашақта мұнай мен жанармай азаятынын айтып жатыр. Сондай-ақ, экологиялық ахуалды түзеу де бүгінгі күннің басты мәселесі. Осының бәрін ескерсек, шымкенттік жігіттердің жұмысы қолдайтын-ақ жоба болып тұр.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Көліктің қандай жиынтығын таңдаған дұрыс?


КРУИЗДІК-БАҚЫЛАУ деген не және оны ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНҒАН ДҰРЫС