​Сутекті жанармай «су тегін» бола ма?

0
5 523

Автомобильге арналған сутекті қозғалтқыш жобасын жалпақ жұртқа алғаш болып жария еткен — «Тойота» концерні болды. 1997 жылы көлік концерні FCHV жол талғамайтын көлігін таныстырған еді. Бүгінде сутекті жанармаймен жүретін көлік өндіру ісімен басқа да бірнеше автомобиль құрастыратын компаниялар айналысуда.


​Сутекті жанармай «су тегін» бола ма?

фото: carextra.ru

Ерте ме, кеш пе, жер қойнауының қазынасы түгесілер күн туары хақ. Ал, адамзат алдағы күнін ғана емес, ғасырларын ойлауға тиіс. Болашақты қуатпен қамтамасыз етуді бүгіннен қамдауға кіріскен ғалымдар мен экологтар ұсынатын бір шешім — әлемдік су қорын жанармайға айналдырып, қажетке жарату.

Суға, дәлірек айтсақ, оның құрамындағы сутегіге — Менделеев кестесіндегі бірінші химиялық элемент деп қана емес, болашақтың энергиясы деп қарайтын уақыт жетті. Бүгінде жапониялық компаниялар жанармайдың осы түрімен ғана жұмыс істейтін қозғалтқыштар легін жасап шығаруда.

Автомобильге арналған сутекті қозғалтқыш жобасын жалпақ жұртқа алғаш болып жария еткен — «Тойота» концерні болды. 1997 жылы көлік концерні FCHV жол талғамайтын көлігін таныстырған еді. Бүгінде сутекті жанармаймен жүретін көлік өндіру ісімен басқа да бірнеше автомобиль құрастыратын компаниялар айналысуда. Олардың қатарында Honda Motor, Volkswagen, Mazda, Mercedes, Honda, Ford Motor, BMW тағы басқалар бар. Ал, сутекті қозғалтқышпен құрастырылып жатқан автомобильдер қатарына Ford Focus FCV, Mazda RX-8 hydrogen, Mercedes-Benz A-Class, Honda FCX, Toyota Mirai, Автобусы MAN Lion City Bus және Ford E-450, екі түрлі жанармай қолданатын гибридті автомобиль —BMW Hydrogen 7 кіреді.

Сутекті қозғалтқыш орнатылған Тойота Fuel Cell Sedan маркасы — жайлылық пен сыйымдылық сыйлаған стандартты модель. Көлік салоны мен жүксалғыш сыйымдылығын сақтап қалу үшін сутек багы еденге орнатылған.

Сутекті жанармайға көшудің ыңғайлылығына тағы бір дәлел болған көлік — BMW Hydrogen 7. Танымал тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралы мамандарына тестіден өткізу үшін көліктің жүз шақты данасы таратылған болатын. Шынайы жағдайда жүргізілген тәжірибе сутекті жанармайдың расында да жайлылық, қауіпсіздік және қарқындылықпен қамтамасыз ете алатындығын көрсетті.

Сонымен қатар, MAN автобустарының біршамасы сутекті жанармай күшімен қозғалады.

фото: 3dnews.ru

Жақын арада сутекті көліктер қатары тағы бір түрмен толықпақ. Ол — Hyundai NEXO кроссовері. Hyundai компаниясы Лас-Вегастағы (Невада, США) CES 2018 көрмесінде көлік шымылдығын ашып, көп құпиясымен бөлісті.

Сутекті автомобиль жанармай элементінің негізінде жетілдірілген қуат қондырғысына ие:

ондағы электрлі мотор 100 кВт қуатпен қамтамасыз етеді;

айналдыру жиілігі — 395 Нм.

0-ден 100 км/сағ. екпінге жету үшін небары 9,5 секунд қажет;

600 шақырымдық жүріске жететін жанармай багын толтыру шамамен 5 минуттай ғана уақытты алады.

Компания жаңа автокөлікті осы жылы сатылымға шығару жоспарларында бар екенін де жасырмады.

Сутекті қозғалтқыштың артықшылықтары:

  • сутектің жануы барысында түзілетін — су, осы себептен, ол ең экологиялық таза жанар-жағармай саналады;
  • сутекті қозғалтқыштың күші, қабылдағыштық және басқа да көрсеткіштері стандартты қозғалтқыш көрсеткішінен жоғары;
  • көлік гүрілі айтарлықтай бәсеңдейді;
  • қозғалтқыш энергиясын білдекке, машинаға, т.б. беруге арналған тетіктер мен үйкеліске түсетін детальдар саны азаяды, бұл дегеніміз — күтімі мен жөндеуі оңайлайды;
  • көлікті қолданудың өзіндік құны төмендейді;
  • жанармай шығыны азаяды;

Осыншалықты артықшылық пен экологтардың қолдауына ие сутекті жанармайдың кемшіліктері де жоқ емес, әрине. Ең негізгісі және көптің көңілін күпті ететін — оның бағасы. «Сутекті жанармай су тегін болмаса да, арзанырақ болатын шығар» деген үміт жоқ емес. Алайда, үміттің ақталуы тек уақыттың еншісінде болып тұр. Оған себеп — судан сутекті бөліп алу процесінің қиындығында. Сәйкесінше, қымбатқа түсетіні түсінікті. Сондықтан, мамандар бұл процесті жеңілдету жолын тауып, қызмет құнын төмендететін күнді күтейік.

Айгерім Бектұрғанова,

ERNUR.KZ