Тежегіш қатып қалса, МЫНА ӘДІСТЕРДІ қолданыңыз

0
4 743

Суықта қатып қалған тежегіш механизмін босатудың бірнеше тиімді тәсілдері бар.


Тежегіш қатып қалса, МЫНА ӘДІСТЕРДІ қолданыңыз

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жүргізушілер мұндай мәселеге сирек болса да, күтпеген жерден тап болып жатады. Мысалы, қыс мезгілінде күндіз дұрыс жұмыс істеп тұрған тежегіш таңертең қатып қалуы мүмкін. Ал, бұл проблеманы қалай шешуге болады, соған тоқталайық.


Бірінші тәсіл – ыстық суды шашу арқылы дискі мен тежегіштің арасындағы мұзды еріту. Демек үйдің маңайында болсаңыз қатты қиналмайсыз деген сөз. Ал, көшеде орын алса, жақын маңдағы көлік жуу орталықтарының көмегіне жүгінуге болады.


Екінші тәсіл – қатып қалған тежегіштің тұсына қозғалтқыштан бөлінетін жылы ауа ағынын жеткізу. Бірақ, бұл әдісті іске асыру үшін қозғалтқыш түтігі мен доңғалақтың арасына жететін «шланга» қажет болады. Сондықтан, қыста жүксалғышқа «шланга» салып жүрген артық болмайды.

Келесі нұсқа сәл күрделірек: алдымен доңғалақты шешіп, тежегіш жүйесін босатып аласыз. Сосын ыстыққа шыдамды ыдысқа қайнаған су құйып әкеліп, темір бөлшектерді суға салып ерітесіз.


Сондай-ақ, үйдегі электр тоғымен жұмыс істейтін жылытқыштарды пайдалану арқылы да қатқан мұзды еріте аласыз. Ал, ондай құрылғы таппасаңыз кәдімгі шаш кептіретін қуаты мол «фенді» қолдануға болады.


Сонымен қатар, тежегіш барабандарын басы үшкірлеу темірмен «шұқылап» босата аласыз. Алайда, бұл әдісті қолданарадан бұрын зақым тигізіп алмауды ойлаған жөн. Себебі, мұндай әдіс әрқашан оң нәтиже бере бермейді.

Тағы бір тәсілі – суыққа қарамай, алтын уақытыңызды бөліп, көлікті толықтай жуып шығу. Есесіне, бір іспен екі тірлікті бітіре аласыз. Бірақ, жуғаннан кейінгі құрғату процесін ұмытып кетіп, көлігіңіз толықтай қатып қалмасын.


Сөз соңында барлық жүргізушіге қолайлы әдіс – ыстық суды пайдалану екенін айта кеткенді жөн көрдік. Өйткені, мұны орындау оңай әрі қолжетімді. Оған қоса, тежегіштің мұзын толықтай ерітудің керегі жоқ. Шамалы босаса жеткілікті. Себебі, доңғалақ дискісі айналғанда үйкеліс пайда болып, мұздың қалған бөлігі өзі-ақ еріп кетеді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ЖҮРГІЗУШІГЕ КЕҢЕС: Қыста мәселеге тап болмас үшін НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?


2022 жылы автокөлік ТАҒЫ ДА ҚЫМБАТТАЙДЫ! Неге?