Жаңбырлы ауа райында көлік жүргізудің ӨТЕ ҚАРАПАЙЫМ ережелері

0
2 824

Бұл сіздің және өзгелердің қауіпсіздігі үшін маңызды.


Жаңбырлы ауа райында көлік жүргізудің ӨТЕ ҚАРАПАЙЫМ ережелері

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Күз мезгіліндегі нөсерлі ауа райы жүргізушілер үшін айтарлықтай қиындық туындатады. Мүмкін, кейбір адамдар бұл жағдайда күрделі ештеңе жоқ деп олайтын шығар, бірақ мұндай қорытынды жасауға болмайды.

Жолды көрудің нашарлауы, доңғалақтардың жол жабынымен әлсіз жанасуы, тежегіштер жұмысының нашарлауы – мұның бәрі көлік басқару мен бақылауға кері әсерін тигізіп, апаттық жағдайдың туындауына себеп болуы мүмкін. Егер, Сіз автокөлікті жиі жүргізетін болсаңыз, онда төмендегі пайдалы ақпараттармен танысып алыңыз:


• Тым батыл, тәжірибелі, өзіне сенімді жүргізушілердің өзі жаңбырлы ауа райында жылдамдығын төмендетіп, өзіне және өзге де жүргізушілерге зиянын тигізбеуге тырысқаны дұрыс. Тиісінше, мамандар мұндай кезде жылдамдықты 70 км/сағаттан асырмауды ұсынады. Себебі, жоғары жылдамдықпен келе жатқанда жолдағы су көлік дөңгелегінің «ойықтарынан» шығып үлгермейді де, нәтижесінде автокөлік пен жолдың жанасу деңгейі төмендейді. Сондай-ақ, бұл физикалық заңдылық автокөліктің қуатына, қандай жетекті екеніне, дөңгелегіне қаншалықты қымбат және сапалы шиналар орнатылғанына қарамайды. Соның салдарынан «темір тұлпар» жәй ғана жолдан шығып кетіп, қайғылы жағдайға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан, 70 км/сағат жылдамдықтан асырмау керек!

• Жаңбыр кезінде туындайтын тағы бір мәселе – тежегіш дискісіне және тежегіш қалыптарына су кіріп, оның қызметін және автокөліктің дер кезінде тоқтау қабілетін төмендетуі. Сондықтан, жаңбырлы ауа райында жүріп келе жатқан көлікті уақытында тоқтатып, қандай да бір нәрсеге соқтықпау үшін жылдамдықты төмендетіп, арақашықтықты дұрыс ұстану қажет.

• Жауын-шашын кезінде көру қабілеті де төмендейді. Ал, көру деңгейін жақсарту үшін алдымен әйнек сүрткіштердің (дворник) сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп қойыңыз. Сонымен қатар, бұрылыс кезінде барынша ұқыпты болу керек, өйткені жаңбыр жауып тұрғанда айнадан артқы жақты көру өте қиын. Сондықтан, өзіңізге де, өзгелерге де қауіп төндірмей, асықпай жүрген абзал.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


2019 жылдың жаңалығы болған ҮЗДІК автокөліктер


Мынандай көлікпен жүрсеңіз, КЕПТЕЛІСТІҢ не екенін ұмытасыз