Жолға шығып кететін жануарлардан ҚАЛАЙ сақтану қажет?

0
3 115

Біз ұсынған кеңестерді қаперіңізге түйіп алуға тырысыңыз.


Жолға шығып кететін жануарлардан ҚАЛАЙ сақтану қажет?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жүргізушілердің басына түсетін ең жайсыз жағдайлардың бірі – жолға кенеттен жануарлардың шығып қалуы. Бетін аулақ қылсын, бірақ мұндай оқиғалардың соңы көбіне қайғыға ұласып жатады. Сондықтан біз ұсынған кеңестерді қаперіңізге түйіп алуға тырысыңыз. Ең алдымен әр жүргізуші жол белгілеріне мұқият болуы қажет. Әдетте, орманды, су ағатын жерлерде жануар бейнеленген белгілер тұрады. Сондықтан осы белгіге мұқият болған жөн.


Жылдамдық тағдырыңызды шешеді

Жануарлар жайлы белгі беретін жерде жылдамдықты барынша азйтып жүрген дұрыс. Межеге асығып жеткеннен көрі, аман-есен жеткен дұрыс емес пе? Мамандардың айтуынша, ауа райы жақсы болса, жануарлар мекендейтін аумақта ең жоғарғы жылдамдық 90км/сағ. болуы керек. Алда-жалда алдыңыздан жануар шығып қалса, осы жылдамдықтағы көлікті тоқтату немесе жануарды айналып өту оңайырақ болады. Ал, жылдамдық одан көп болса, жол апатының ықтималдығы артып, апаттың салдары да үлкен болады.


Қауіпсіздік дағдыларын қолданыңыз

Әдетте мұндай апаттың алдын алу үшін тәжірибелі жүргізушілер тежегішті тез басу немесе қаупі аз жермен айналып өту әдістерін қолданады. Соныдқтан рөлде отырғанда алдымен қауіпсіздік белдігін тағып, жарықшамдарды тазалап, ұйқыны қандырып алу қажет.


Айналаңызды бақылап отырыңыз

Жануарлар белгісі бар жерде жүріп келе жатқанда жол жиектерін мұқият бақылап отыру қажет. Сонымен қатар, көзді төменге түсірмеген дұрыс. Сонда жол жиегінде жүрген жануарларды алдын ала байқап, қауіптен сақтана аласыз. Әсіресе, олардың көзі жарық түскенде жарқырап жанатынын есте ұстаған абзал. Жануар алыс жерде екенін байқасаңыз да жылдамдықты түсіріңіз. Себебі, олар күтпеген жерден жолға шығып кетеді.


Таң атарда және күн батарда абай болыңыз

Мұндай келеңсіз оқиғалар көбіне күн шығып немес батып жатқанда орын алады. Сондықтан қазатар бұл уақытты «көз байланатын» кез дейді. Әрі мұндай кезде көліктің жарығы да физикалық заңдылықтарға байланысты жолды дұрыс көрсетпей қалады. Егер мұндай жағдайда жолға шықсаңыз, өзіңізге сенімді болғаннан көрі сақтанып жүрген жақсы.


Түнде абайлап жүргізіңіз

Түнде жол жүрсеңіз жарықтың ұзаққа түсетін режимін қолданыңыз. Бірақ, қарсы бағытта көлік келе жатса, басқа жүргізушінің көзін байламас үшін «жақын» режиміне көшуді ұмытпаңыз. Ал, жалғыз сіздің көлігіңіз болса, жол жолағын ортаға алып жүрген дұрыс. Мұндай әрекет арқылы жолдың екі жиегін де бақылау оңай болады. Сосын, көліктің әйнектерін тазартыңыз. Әйтпесе, әйнектегі кір көру қабілетін нашарлатып жібереді. Сосын, әдеттегідей жылдамдықты тым қатты асырудың мүлдем қажеті жоқ.


Басқа көліктер әдеттен тыс әрекет етсе, жылдамдықты баяулатыңыз

Егер жол қозғалысындағы өзге көліктер жарығын өшіріп-жағып немесе дыбыстық дабыл берсе, тоқтауға дайын болыңыз. Өйткені, бұл белгілер жолда қандай да бір кедергінің бар екенін білдіреді.


Елдімекен тұсында қырағы болыңыз

Әдетте, ауылдардың малы да жол жиегінде жайылып жүреді. Олардың кейбіреулері дыбыстық дабылдан қашса, енді бірі қасқайып тұрып қалады. Сондықтан, мұны да естен шығармаңыз.


Айналып өтуге байланысты

Кенеттен алдыңыздан жануар шығып қалса, бірден айналып өтуге тырыспай, жан-жақты көріп алыңыз. Мысалы, қарсы бағытта көлік келе жатса не болады? Өзіңізбен қоса, өзгелер де зардап шегеді ғой.


Соғысатыныңызды білсеңіз, салдарын азайтуға тырысыңыз

Егер, күтпеген жерден жолыңызға жануар шығып, жол апатының болатынын сезсеңіз, мын кеңестерді еске түсіріңіз:

- Көлікті жануар жүретін бағытқа қарай бұрыңыз. Сонда арақашықтық сәл де болса арта түседі.

- Жануар тұрған жаққа қарамаңыз. Өйткені, ондай жағдайда еріксіз түрде соған қарай бұрылып кетуіңіз әбден ықтимал.

- Тура алдыңыздан шыққан жануарға таяп қалғанда, есікке қарай жантайыңыз. Өйткені, көбіне көліктің екі шетіне зақым аздау тиеді.


Егер соғыссаңыз, жол апатынан кейін мына шараларды қолдану қажет

- Ең бірінші полиция мен жедел-жәрдем шақырыңыз. Көлікті жолдан шығарып, апаттық белгіні қосыңыз және жануардың денесіне де жарық түсіріп қою қажет;

- Жедел жәрдем қызметі келгенше, жолаушылар бір-біріне қарасқаны дұрыс. Мүмкін, бір адамның тағдырын сақтап қалатын шығар;

- Мүмкіндігінше жануарға жақындамаңыз. Олар да ашуланып сүзуі немесе жарақат салуы мүмкін.

- Қазір барлық адам сақтандыру компанияларына ақы төлейді. Егер көлігіңізді жөндеуге көп шығын керек болса, сол қызметке жүгініңіз.


Сапарыңыз сәтті болсын! Біздің мақсат – сақтандыру.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Шетелден әкелінетін көліктердің бағасы НЕГЕ ҚЫМБАТ болады?


Абайлаңыз! Көлік жүргізгенде КҮЗДЕ де ҚАУІП БАР