Жүргізуді ЖАҢАДАН ҮЙРЕНГЕНДЕР қандай көлік алғаны жөн?

0
5 865

«Жаңадан үйренгендер жаңа көлік аслын» немесе «ескі көлікпен жүрсін» деген ешқандай заң не ереже жоқ, әрине.


Жүргізуді ЖАҢАДАН ҮЙРЕНГЕНДЕР қандай көлік алғаны жөн?

Автомектепте білім мен тәжірибе жинадыңыз, емтиханды «беске» тапсырдыңыз. Жүргізуші куәлігіне өтініш беріп, оны да алып үлгердіңіз делік. Осымен арманның жартысы ғана орындалды. Ендігі қалғаны – автокөлік алу. Жаңадан үйренген, тәжірибесі аз жүргізуші бірінші ретке қандай көлік алғаны дұрыс?


МЕХАНИКА әлде АВТОМАТ?

Көлік рөліне жаңадан отыратын болсаңыз, бірінші кезекте оның беріліс қорабына назар аудары керек. Әдетте, автомектептерде механикалық қораппен оқытып, үйретеді. Алайда, автоматты беріліс қорабын таңдауға толықтай қақыңыз бар. Тек, сол қаншалықты дұрыс болар екен? Механикалық қорапты басқаруды жаңадан үйреніп, енді сол үйренгеніңізді тәжірибе жүзінде бекітуіңіз керек. Ал, сіз автомат-қораптың ерекшеліктерімен алысып кетесіз. Сөйтіп жүріп, бастапқы меңгерген машығыңызды ұмытасыз. Автомат-қорапты басқару жолы өте қарапайым, оны қай кезде болмасын оңай игеріп кетесіз. Сондықтан, бастапқыда механикаға басымдық беріп, соны әбден бекітіп алған дұрыс.


ЖАҢА әлде ЕСКІ?

«Жаңадан үйренгендер жаңа көлік аслын» немесе «ескі көлікпен жүрсін» деген ешқандай заң не ереже жоқ, әрине. Алайда, бұл мәселені өз жүйкеңіз бен қаржыңыздың пайдасына шешкіңіз келсе, бастапқыда ескілеу көлікті тізгіндеуге кеңес берер едік.

Себебі, қандай «үздік бітіруші» болмасын, алғашқы кезеңде машинаны мүлтіксіз айдайды деенге сену қиын. Міндетті түрде бірнеше рет жол ережелерін бұзады. Тіпті, жол-көлік оқиғасының кейіпкері болуы да ықтимал. Жамандық шақырғанымыз емес, шыны осы. Себебі, мұнда білімнен көрі тәжірибе маңызды. Көлік айдауға ойыңыз ғана емес, бойыңыз да үйренуі керек. Сондықтан, бірден жаңа көлік алып тәуекелге тікпеген абзал.


МАРКА маңызды ма?

Көлік маркасына келгенде көп ойланамыз. Бұл ретте ескеру керек нәрсе көп – автобрендтің беделі, жылдамдық пен тарту күші, жанармай «жеу» мөлшері, бөлшектерінің қолжетімділігі, тағысын тағылар. Бірақ, осы тұста рөлге жаңадан отырушылар ескеруге тиіс тағы бір нәрсе бар. Ол – автомектепте оқып үйренген, емтихан тапсырған көлігінің маркасы. Егер дәп сол көлікті сатылымнан таба алсаңыз, соны алыңыз деп қолқа салар едік. Әрине, таңдау өзіңізде. Бастысы, өзіңіз үшін ыңғайлы, жайлы болуын ескерсеңіз болғаны.


ҚОСЫМША КЕҢЕС керек пе?

  • Жүрілген көлікті қолдан алу – тәуекелді талап ететін әрекет. Көпті көрген кісінің түйген тәжірибесін, тыңғылықты тексеруді қажет етеді. Көлік жүргізуді жаңадан үйренген, аса көлік танымайтын кісілерді сан соқтырып кеткісі келетіндер көп. Сондықтан, көлік аларда қасыңызға тәжірибелі танысыңызды ертуді ұмытпаңыз.
  • Көліктің көлеміне де назар аударыңыз. Бірінші ретке шағындау үлгіні таңдаған жөн болады. Себебі, сіз әлі жол үстінде автокөлік габаритін жақсы сезінбейсіз. Мұндайда көлемі шағындау болғаны ыңғайлы. Онымен көлік нөпірі арасында қозғалу, бұрылыс жасау, тұраққа қою оңайырақ.
  • Міндетті түрде көлік рөліне отырып, біршама жер жүргізіп көріңіз. Тәжірибесі көп қой деп жаныңыздағы адамға рөлді беріп, өзіңіз жолаушы орнында отырмаңыз. Себебі, жүргізу кезіндегі жағдайды сезінуіңіз маңызды. Егер көлік иесі бұған рұқсат бермесе, бір кәкір бар деген сөз.

Қазір не көп, көлік көп. Бағасына қарай дейсің бе, сапасына қарай дейсің бе? Сәні мен салоны... Шыққан жылы мен шығыны... Қалауың мен қалтаңа қарай таңдау аясы өте кең. Сондықтан, біраз уақыт жан серігіңізге, қанатыңыз бен қуатыңызға айналар алғашқы көлігіңізді асықпай іздеңіз. Бастысы, жүргізуші орны өз үйіңіздегідей жайлы да қауіпсіз болсын.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Жазғы дөңгелектерді қайда, қалай сақтаған дұрыс?

Қазақстанда қандай көліктер құрастырылатынын білесіз бе?