ЖҮРГІЗУШІГЕ КЕҢЕС: Қыста мәселеге тап болмас үшін НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?

0
3 684

Қыстағы қолайсыз ауа райына қарамастан, көлікпен емін-еркін жүргіңіз келе ме?


ЖҮРГІЗУШІГЕ КЕҢЕС: Қыста мәселеге тап болмас үшін НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қыста кей жүргізушілер көлігін оталдыра алмай, жолда бұзылып не қолайсыз жағдайға тап болып, түрлі мәселемен бетпе-бет келіп жатады. Ал, сіз ондай күйге түспес үшін біз ұсынған кеңестерді мұқият оқып алсаңыз болады.


• Әрине, кез келген адам күн суығанда көлігіне алдымен қысқы дөңгелектер салады. Сосын, терезе жууға арналған суыққа қатпайтын су қолданып, әйнек сүрткіштерді де жаңалаған дұрыс. Әйтпесе, терезеге шашылатын су қатып, ескі сүрткіштер қызметін дұрыс атқара алмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар, есіктің құлыптарын майлау артық болмайды. Есіктердегі, капот пен жүксалғыштың қақпағындағы барлық резеңке тығыздағыштарды қатып қалмас үшін арнайы силикон спрейімен өңдеу керек.


• Кейбір көліктердің қозғалтқышы алғашқы суықтың өзінде сыр беріп, жұмыс істемей қалады. Мұның себебі аккумулятордан басталып, стартердің жұмыс істемей қалуына дейәнгә ақаулар болы мүмкін. Сондықтан, көлік аккумуляторы жаңа болмаса, оның қандай күйде екенін және ішіндегі электролиттің тығыздығын тексеріп алған жөн. Сондай-ақ, қуаты жоқ деп жаңасын ала салмай, батареяны бір қуаттап тексеріп көріңіз. Ал, электролитте химиялық қоспалар болатындықтан оны арнайы мамандарға тексертіңіз. Себебі, оның бір тамшысының өзі көліктің бояуын зақымдап, киіміңізге немесе денеңізге зиян тигізуі мүмкін.


• Аязды таңдарда көлік қозғалтқышын іске қосатын болсаңыз, берілісті бейтарап етіп қойған дұрыс. Бұл механикалық беріліс қорабымен жабдықталған көліктерге тікелей байланысты. Сонда қозғалтқышқа түсетін жүк жеңілдеп, оталдыру оңай болады.


• Ал, тұрақта ұзақ уақыт бойы тұратын болса немесе түні бойы "қол тежегішін" қолданбауға тырысыңыз. Өйткені, тежегіш жастықшалары суықта қатып қалып, содан кейін дискіден ажырамай қалуы мүмкін.


• Қозғалысты бастамас бұрын, қандай көлік болса да қозғалтқышын мүмкін болса толықтай қыздырып алыңыз. Себебі, ол пештің жұмысын дұрыстап қана қоймай, трансмиссиялық сұйықтықтарды да жылытуды қамтамасыз етеді. Сосын, жылдамдықты бірден арттырмаған жөн. Бұл технологиялық сұйықтықтарды қолданатын суспензия бөлшектерінің қызуына мүмкіндік жасайды..



• Салонда ауа ағынын әйнекке бағыттап, жылуды қатты қоспаңыз. Ондай жағдайда көлік әйнегі шытынап, не жарылып кетуі ғажап емес.


• Көлікті қыста жууға болады. Бірақ, су шашқаннан кейін дереу құрғатып қойыңыз. Әйтпесе, аязда су тиген, кірген жердің бәрі қатып қалуы мүмкін.


• Шанақ бояуындағы зақымданған жерлерді де қыс түспей дұрыстап қою қажет. Өйткені, қыста жауын-шашын мен қар жиі жауып, ылғалдың мол болуына байланысты шанақтың зақымданған жерлерінде коррозия басталып кетуі мүмкін.


• Қыста жолдағы қар мен мұзды еріту үшін химиялық қоспалар қолданылатындықтан олар шанақтың сапасына зиян келтіреді. Егер, шамаңыз бен уақытыңыз жетіп жатса, сол коррозияға қарсы іс-шараларды қолданып жүріңіз. Ол үшін мамандардан кеңес алған дұрыс.


• Қыс жақындағанда мүмкін болса ақша үнемдеп, сапасыз сұйықтықтар қолданбауға кеңес береміз. Өйткені, қозғалтқышқа, тежегішке және басқа да қызметтерге арналған арзан майлар қақаған қыста қатып қалуы мүмкін.


Жалпы, көлікті қысқа дайындауға байланысты біраз кеңес ұсындық. Алайда, бұлар біздің емес, түрлі тәжірибеден шыққан ережелер болғандықтан, селқос қарауға болмайды. Әрине, кім не істесе де өз еркінде. Бірақ, суық мезгілге атүсті дайындалып, өз әрекетінен опық жеп жататындар кездеседі.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Ауа сүзгісін ҚАНША УАҚЫТТА ауыстырып тұру қажет?


ТІРКЕЛМЕГЕН ресейлік көліктерді «СОЙЫП САТУҒА» тура келе ме?