Алты жасында ата-анасынан айырылған миллионер

0
16 688

Таныс болыңыздар, Шымкентте елде жоқ кәсіпті дөңгелетіп отырған - Сейітбек Ертай.


Алты жасында ата-анасынан айырылған миллионер

@Karashash_esenbay: Мен онымен бизнес тренингте таныстым. 500-ден аса кәсіпкердің ішінен таңдалған 10 адамның ішіндегі ең жасы сөз алып «Мен алты жасымда ата-анасыз қалғанда елім мені 18 жасыма дейін өсірді, үй берді. Енді мен елім үшін еңбек ететін боламын! Маған ақша ешқашан маңызды болған емес, ол бәріне жетеді. Мен ел игілігіне жарайтын іспен шұғылданғым келеді» деп жүрегінен шыққан шынайы толғанысына елең етпеген адам болған жоқ. Мен де ол туралы жақынырақ білу үшін әңгіме тартқан болатынмын. Таныс болыңыздар, Шымкентте елде жоқ кәсіпті дөңгелетіп отырған - Сейітбек Ертай.

Сейтбек: Менің кітаптарды жалға беру қызметім қызық басталды. Осы жылы сәуір айының тоғызы күні досым туған күніме Дейл Карнегидің кітабын сыйға тартты. Әңгіме барысында одан кітапты қанша теңгеге сатып алғанын сұрап едім, «Өз бағасы 3500, мен 1950 теңгеге сатып алдым» деді. Бірден есептеп көрсем, шамамен 1500 теңге сатушыға пайда түседі екен. Сол кезде кітап жақсы дүние ғой, пайдалы кәсіп болар еді деп ойладым. Қазір қорымда біршама кітаптар бар. Олардың кейбірі сатуға арналған, ал бір бөлігі жалға беріледі. Кітапты жалға алып оқу тиімді деп ойлаймын. Өйткені бір рет төлем жасау арқылы бірнеше кітапты оқуға болады. Мен бұрыннан бизнесімнің қоғамға пайдалы болғанын қалайтынмын. Өйткені, мысалы арақ саттым делік, оның кесірінен бір үйде ұрыс болуы мүмкін. Себебі менің бала кезімде есімде қалғаны, біздің үйде сондай уақыттар болатын. Сол үшін не істесем де елге пайдасы тиюі керек деген қағидам бар.

Елі үшін елжіреп тұрған баланың бұндай қағида орнатуының мәні алты жасында ата-анасынан айырылуға осы ащы су себеп болған екен. Кәмелеттік жасқа толмаған төрт бала бір түнде ата-анасыз қалады. Ол кездерді есіне алған Сейтбек «Сол кезде үйімізді талан-таражға салған туыстар болды. Бірақ біздің көршілеріміз бен ұстаздарымыз қамқор еді. Бізге айтпай үйдің алдына бірі көмір төгіп кетсе, тағы біреуі азық-түлігімізді жеткізіп беретін» деген бала 12 жасынан бастап Қырғы базарда жұмыс істеп, табыс тапқан жылдарын баяндап берді.

Сейтбек: «12 жасымнан бастап жұмыс істедім. Ата-анам өмірден өткесін бірнеше айдан кейін үлкен әпкем 18 толып бізді өз қамқорлығына алды. Екі үлкен әпкем жұмыс істеп табыс табатын, екінші әпкем он сегіз жасында тұрмысқа шыққанда, үлкен әпкем қарындасым екеумізді жетілдіремін деген оймен біз үшін еңбек етті. Бірақ жездем «қарындасың мен ініңе де қараймын» деп үйленді. Жездем қырғы базарда құрылыс заттарын сатады. Мені де соған үйретті, негізі матиматикадан өте жақсымын, сондықтан да жездем кішкентайымнан сауданы сеніп тапсырған шығар деп ойлаймын. Екі жылда мен ол жердің өз «ережесін» үйреніп, келген адамдармен қалай сөйлесу керек екенін меңгеріп, маман болып шықтым десем болады. Күніне 100 мың теңгеге дейін сауда істеген күндерім болған. Менің жұмысыма риза болған жездем 9 сынып оқитын кезімде мотоцикл сатып алып берді. Ол кезде екінің бірінің оған қолы жетпейтін. Ал 11 сыныпқа өткенде, "Енді оқуға түсуге дайындал. Базарға жұмысқа шықпай-ақ қой» деп менің дайындалуыма бар мүмкіндікті жасады".

Әпкесі мен жездесінің үмітін ақтау үшін күні-түні білім іздеген азамат қазір Медицина университетінің студенті. Болашақта депудат болуды қалайтын жігіт, келешекте басшылық, ұйымдастырушылық қызметтерді жасайтынын айтады. "Өйткені біздің елімізде дәрігерлерге берілетін жалақы аз, ал менің пара алғым келмейді..." деген Сейтбек, адал ақша тапқысы келеді. Оқуда жүрген төрт жылының ешбірін бос жібермеген азамат әр демалыс уақыттарында түрлі кәсіппен айналысып көріпті. Өзінің айтуынша, бұл қасиет оған анасынан берілген.

Сейтбек: «Бұрын әр мейрам сайын орталықтарда ойыншық сататынмын. Бір кездері мал сатып көргім келді. Бір қызық айтып берейін, досым екеуміз 145 мыңға мал алып, оны 185 мыңға сатып 40 мың теңге пайда көргенбіз. Кейін ол кәсіппен айналысқан жоқпын, тек қалай болатынын байқап көргім келді. Тіпті сол кезде пайда көрмесек те, қайтпайтын едік. Тіпті балық пісіріп саттым. Мен барлық кәсіптің дәмін көргім келеді. Негізі менің анамның мектепте дүкені болатыны есіме. Ол кісі ешқашан бізді бетімізден қаққан емес».

Алты жаста жол апатының кесірінен ата-анасынан айырылған Сейтбектің әкесі полиция қызметкері болған екен. «Қарындасым сағынамын деп айтып жатады, бірақ мен мән бермеген екенмін» деген жігіттен бала жүрегінде әкесінің қандай бейнесі қалғанын сұрадық.

Сейтбек: «Әкем маған төбелесуді үйрететін. «Полицияның баласысың! Сен мықты болуың керек!» дейтін. Кішкентай болсамда мал сататын базарға алып баратын. Мал сатып алмаймыз, сатпаймыз тек көру үшін барамын. Төрт түлікті жақсы көрген екен, мен де жақсы көремін ғой... Сенсеңіз бөлмеме жылқының суреттерін іліп тастағанмын» (күліп).

Болашақта үлкен кітап дүкендер желісін ашқысы келетін жігіт осы кезге дейін екі баспаналы болған екен. Оны әпкесі мен қарындасына сыйға беріпті. Жүрегінен елге деген махаббат пен қамқорлық есіп тұрған жігіт болашақ балалары өзін мақтан тұтқанын қалайды. Сол үшін де еңбек етуден шаршамақ емес...

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ