​Бастауыш сыныпты оқымаған миллионер қазақ

0
4 817

«Жақсы өмір сүру үшін көп жұмыс істеу керек, ал бай болу үшін ерекше дүние жасау керек» дейді. Ол өзін осы екі бағытта да қызмет етіп жүрмін деп есептейді. Өмір тарихы мен есімі де ерекше Салтанат Мінайхан бүгінгі «Кәсіпкер кейіпкердің» қонағы.


​Бастауыш сыныпты оқымаған миллионер қазақ

«Жақсы өмір сүру үшін көп жұмыс істеу керек, ал бай болу үшін ерекше дүние жасау керек» дейді. Ол өзін осы екі бағытта да қызмет етіп жүрмін деп есептейді. Өмір тарихы мен есімі де ерекше Салтанат Мінайхан - бүгінгі кейіпкер.

Мен даланың кітабын оқып өстім.

Салтанат Мінайхан: Әкем мал бағатын адам еді, сондықтан мен даланың кітабын оқып өстім деп айта аламын. Қаладан алыс тұрдық әрі денсаулығына байланысты әкеме көмекші керек болды. Сондықтан мені мектепке бермеді, ал қарындасым қалада оқитын. Әкем оқуды Киевте бітірген сауатты кісі, өзі маған қаладан кітап алып келіп хат танытты. Әлі есімде батырлар жыры бар төртінші сыныптың әдебиетін қайталап оқи беретінмін, тіпті қай бетінде кімнің суреті бар, қандай шығармасы жазылғанын жаттап алғанмын. Сол төртінші сыныпта мектепке бара бастадым. Сонда бүкіл кітапты дәптерге толық көшіріп шыққан болатынмын. Бала кезімнен барлық нәрсеге табандылықпен, жанкештілікпен жететінім есімде. Одан кейін студент болып, алды-артымызды танып, жаңа білімдерді игере бастағанда, әсіресе кәсіпке келгеннен кейін ойланып, заманауи құралдарды игеріп, өзіңе керекті ғана дүниені үйренуге машықтандым. Былайша айтқанда, өзімді табудың жолында жүрдім және өзімді таптым. Мен өзімді тапқан бақытты адаммын! Мамандығымды да, әдебиетке келуім, шығармашылықпен айналысуым, қазіргі тренер болуым осының барлығы болмысыма қоса біткен дүниелер. Өзімді табуым барлығын жеңілдетті.

Жалаң аяқ жазушы болғым келмеді!

Қазақ Ұлттық университетінің филология факультіне түсіп, он жетінші жатақхананың Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбаев жатқан бөлмесін аттай қалап сұрап алады. «Өйткені ол екеуі жарысып оқыған, бұл туралы Мұхтар Мағауиннің «Мен 400 бетті көп оқимын деп жүрсем, Әбіш 700 бет кітап оқиды екен» демей ме?Әбіш кітапханаға кетсе, Мұхтар архифке кетеді екен. Менің де сондай достарым болды, біз де жарысып оқыдық» деп еске алады студенттік жылдарын. Оның арманы жазушы болу еді, бірақ...

Салтанат Мінайхан: Мен жазушы болу үшін кәсіпке келдім. Өйткені қазіргі қоғамдағы жазушылардың жағдайы мені қатты қинады. Кеңес өкіметі кезіндегі жазушылардың жағдайы қазіргілермен салыстырғанда өте жақсы болды. Ал қазір өз кітабыңды шығару үшін, өзің қаржы шығарасың. Ол оңай емес, шығармашылықпен айналысу үшін сонымен ауыру керек. Тіпті отбасыңдағы кейбір құндылықтарды құрбан етуге тура келеді. Бірде маған қазіргі қоғамда жазушы болу үшін, қазаққа өзіңді мойындату үшін материалдық, шығармашылық тұрғысынан да тәуелсіз тұлға болуың керек деген ой келді. Қатты болса да айтайын, менің жалаң аяқ жазушы болғым келген жоқ! Жазушылар одағындағы мүйізі қарағайдай ағаларымыздың көріп жатқан күнін көргенде, жетіспеушілікті көргенде көзіме жас келген кез де болды. Мен сондай жағдайға түскім келмеді. Сол үшін «Алдағы 5 жылда материалдық тәуелсіздікке жетемін! Содан кейін үй-күй демей қалаған мемлекетімде өзімнің туындыларымды тудырамын» деп уәде бердім. Барлап қарасаңыз қаржылық тәуелсіздігі бар адамдар әлемді шарлап жүріп мықты туындыны өмірге алып келеді. Менің де миссия сол. Қазір шығармашылықтан қол үзсем, тоқырауға ұшыраймын ба деген қорқыныш та жоқ емес. Мен қазір қандаймын, менің қатарластарым қандай болып жатыр деген ой болады. Олар ақшаны қуып жүрген жоқ, ал мен шыны керек ақшаның артынан қуып жүрмін. Өйткені мен студент болып жүрген кезімде үйлендім, сол кезде материалдық жағдай көп мазалайтын. Шығармашылыққа деген жүз пайыздық ынтам болғанмен, үйдің үлкені болуым, өзімнің отбасы құрғаным, олардың маған қарап отырғаны кәсіпке баруыма жол ашты.


Үшінші курста 20 диплом мен 2 магистрлік, 1 докторлық десертация жаздым.

Еңбекқорлығы оның бірінші курс кезінен бастап кәсіппен айналысуына сеп болды. Үшінші курсында 20 диплом мен 2 магистрлік, 1 докторлық десертация жазып рекорд орнатқан жігіт сол қаржысына Алматыдан жер сатып алады. «Мұрнымнан қан кеткенше диплом жазатынмын» деген Салтанат ол күндерді қазір күліп еске алады.

Салтанат Мінайхан: Кәсіпті алғаш бірінші курсқа келген кезімнен бастадым десем болады. ҚазҰУ-дің он жетінші жатақханасында тұратынбыз, ол кезде әлеуметтік желінің енді белең алып жатқан кезі, бірақ интернет тапшы болатын. Ал жатақханада 500-ге жуық студент тұрады, олардың интернетке деген сұранысы жоғары. Сол үшін оқушы кезімде Сағынтаевтан сыйға алған ноутбугімді сатып, қазақтелекомнан интернет тарататын құрылғы алдым. Бірақ оны қалай қолдануды да білмейтінмін, жатақханада пысық өзбек жігіттер тұратын еді, соларға ақшасын төлеп, орнатқыздым. Өзім төртінші қабатта тұрамын, құрылғының күші 3 және 5- қабатқа ғана жетті. Сол қабаттарда тұратын ұл қыздарға айына 2500 теңгеге интернет тараттым (күліп). Бірінші курстың өзінде айына 90 мыңдай табыс тауып жүрдім, ол уақытта бұл біршама қаржы болатын еді. Бірақ жылдың соңына қарай бәсекелестер пайда болып, жатақханаға «ISPOT» деген желі келіп, оны басында тегін қолдануға берді, сол кезде менің интернетім керексіз болып қалды.

Екінші курстан бастап студенттер, ұстаздар «мақаламды жазып берші» деп жиі өтініш айтатын. Диплом жазып берші дейтіндер де болды, сол жылы алғаш рет он екі диплом алып, үш айда жазып бердім. Күндіз-түні, мұрнымнан қан кеткенше жазу жазып отыратынмын. Он екі диплом жаза отырып мен әр тақырыпты игере бастадым. Бір жағынан ол мен үшін ақша, екінші жағынан білімімді толықтырды. Осы кәсібімді үшінші курста қайта жалғастырдым. Ол жылы рекорд орнатып, 20 диплом мен 2 магистрлік, 1 докторлық десертация жаздым. Менің сауатты жазатыным шығар, димломнан бәрі бес алатын(күліп). Оны есіме алсам өзім таң қаламын. Үш айда тапқан бір жарым миллион теңгеме Алматыдан жер сатып алдым. Бірақ төртінші курста ол кәсіпті жалғастырғым келмеді. Дегенмен диплом жазғанымның есесіне менде көп ақпараттар базасы жинақталды. Оны не істеуге болады деген ойда жүріп, ғаламторда сатылатын рефараттардың жүйесін топтастырдым. Әрі диплом жазатынымды өзге аймақтардағылар да біле бастаған еді. Қазіргі серіктесім Исмайлмен сол кезде танысып, сайт жасатқанмын. Сонымен қолда бар ақпараттарды жүйелеп, баға қойып, сайтты ашқаннан соң маған тағы да ай сайын пайда түсіп тұратын болды.

10 миллион қарызға кіргенде "адамдар суицидті осындай жағдайда жасайды екен ғой" деген ой келді...

Магистратурада оқып жүрген кезінде отбасын құрған Салтанат өмірлің жары етіп кезінде диплом жазуға көмектескен қызды таңдайды. Қазір екі қыздың әкесі болып отырған ол барлық жетістікке тәуекелдің арқасында жеттім деп есептейді. Ақшаға деген құмарлық та, қызығушылық та болғанын айтқан кәсіпкер өзінің басынан өткен тәжірибелерімен де бөлісті.

Салтанат Мінайхан: Үлкен кәсіпке келген кезде тәуекелмен өзім көтере алмайтын жүкті көтеріп қойған кездерім болды. Алғашқы кезде алып-сатумен бастадым. Оның қыр-сырын білмегендіктен алдандық, заттарымызды уақытында өткізе алмай қалдық. Өзім сенген адамдардан 10 миллиондай ақшаға алған тауар желге ұшты. Серіктесім екеуміз білмегендіктен алданып қалдық. Бірінші рет сондай көлемдегі қарызға кірген кезде адамда күйзеліс болатыны түсінікті ғой. Одан шығудың жолы жұмыс істеу ғана, күндіз-түні жұмыс істеп, үш айдың көлемінде алты миллиондайын қайтардым. Адамдардың көңілі менен сол кезде бірінші рет қалды, алғаш рет біреудің ақысын жегендей сезіндім. Қайтарайын десем, амал жоқ қолдан келетін шара болмады. Бірақ қазақ болғасын түсіністік танытты. Он миллион қарызға кіргенде "адамдар суицидті осындай жағдайда жасайды екен ғой" деген ой келді. Адамдар ондай жағдайда екі-ақ жолдың бірін таңдайды. Біреуі - осы, екіншісі - алға қарай қадам басу. Екінші жолды таңдауыма адамдардың сенімі күш берді! Менің оған дейінгі жұмыстарым да оңай болған емес, сондықтан бұдан да шығамын деген намыс болды. Дәл сол кезеңде миымда үлкен жарылыс болды. Бұрын қабылдамаған шешімдерді қабылдауға, бұрын істемеген істерді істеуге тура келді. Шүкір оның бәрі маған жақсы тәжірибе болды.

20 кәсіптің 15-і сәтсіз болды.

Салтанат Мінайхан: Кәсіпте сәтсіздік болу қалыпты жағдай деп есептеймін. Зерттеу барысында көзім жеткені әлемде миллиондап қарызға кіргендер - миллионер, ал миллардап қарыз болғандар - миллиардер болған. Стив Джобстың «Мен неге баймын? Өйткені мен бәрінен көп қателік жасадым!» деген сөзі бар. Сондықтан менің қазіргі жасаған қателіктерім бизнесте ұсақ-түйек сияқты көрінеді. Қателіктер тәжірибенің аздығынан болады, ал оны жасап көрмей білмейсің. Бір рет жіберген қатені, екінші рет қайталамауға тырыстық. Соңғы жобалардың сәтті болуы, мектебізді ашып, елдің алғысымен дамып келе жатқанымыз - сәтсіздіктерді жеңіп сабақ ала білгенімізде деп ойлаймын.

Қазір барлық фокусты Q4 бизнес мектебіне бұрдым. Бұрын бастаған кәсіптеріме серіктестер алдым, өйткені олардың басы қасында бола алмаймын. Өзіміз құрған мектепті дамытқым келді. Одан бөлек массаж орталығым жұмыс істеп тұр, екінші кәсібім де дәстүрлі медицина саласында қызмет етеді. Одан кейінгі фаст-фуд, дәл қазір Ресейден басқа өнімдер алып келіп бұл сала бойынша жаңалық жасамақ ойдамыз. Бұрынғы рефераттар жазатын сайтымды да серіктеске тапсырып қойдым. Қазір ол жерде тек рефераттар емес, кітаптарды да алуға болады.

Дәл қазіргі нарықта бес кәсібі жүріп тұрған Салтанат жан тыныштығын тренер болған кезде тапқанын айтады. «Үлкен аудиторияға шыққан кезде арқам қозып, рахатқа бөленемін. Ол ләззатты ештеңеге сатпас едім!» деген ол болашақта әлемге танымал кауч болуды және әлемді таңырқататын шығарма жазуды мақсат еткен.

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ