Сүт өнімдерінің 9 түрін өндіреді

0
6 352

ERNUR.KZ. Кентаудағы сүт зауытының іске қосылғанына үш жылдан асты. Мұнда қазір сүт өнімдерінің 9 түрі шығарылады. Атап айтсақ, пастерленген табиғи сүт, айран, қаймақ, құрт, ірімшік, сары майдың түр-түрі өндіріледі. Кәсіпорын тәулігіне 5 тоннадан астам сүтті өңдейді.


Сүт өнімдерінің 9 түрін өндіреді

ERNUR.KZ. Кентаудағы сүт зауытының іске қосылғанына үш жылдан асты. Мұнда қазір сүт өнімдерінің 9 түрі шығарылады. Атап айтсақ, пастерленген табиғи сүт, айран, қаймақ, құрт, ірімшік, сары майдың түр-түрі өндіріледі. Кәсіпорын тәулігіне 5 тоннадан астам сүтті өңдейді.

Кәсіпорын директоры Ахмет Өтепбаевтың айтуынша, жоба құны – 45 млн теңге.

«Оның 25 миллионын «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан несиеге алдық, - дейді жас кәсіпкер.- Пайыздық мөлшерлемесі – жылына 7 пайыз. 6 жылға рәсімделген. 25 млн теңгесіне Ресей мен Қытайдан сүт өңдеуші құрылғылар алынды. 20 млн теңгені өз қалтамнан шығардым. Оған ғимарат салынып, техникалар алынды. Бүгінде зауытта 12 адам жұмыс істейді. Тауарларымыз Кентау қаласы, осы маңдағы Хантағы, Байылдыр ауылдарына, алыс-жақын Түркістан, Жаңақорған, Шиелі елдімекендеріне тарайды. Мемлекеттік мекемелерден «Жансая» шипажайы, «Дәуір», «Таңшолпан», «Қарлығаш», «Көктем» сияқты бірнеше балабақшаға өткіземіз».

Цех бір тәуліктегі өнімнің көлемін 1 тоннадан бастап, бүгінде 5 тоннаға жеткізді. «Өндірілетін сүттің көлемі артқан сайын, тауарды арзандатуға мүмкіндігіміз болады» дейді кәсіпорын басшысы. Шикізат жеткілікті. Сүтті қарапайым тұрғындардан сатып алады.

Бүгінде сүтті сатып алмас үшін 120 бас асыл тұқымды сиыр асырауға лайықталған кешен салып жатыр екен. 25 млн теңге жұмсап, кәсіпорынды жаңартпақ ойы бар. Яғни, жаңа қондырғы алам деген жоспары бар.

Таяуда Үкіметте таза сары майдың бағасы 2500 теңгеден кем болмауы керек деген мәселе көтерілген болатын. Ахмет те бұл ойды қостайды.

«Майлылығы 80 пайыздан кем болса, ол май емес, спред. Таза сары май жасау үшін қаншама күш-қайрат, еңбек, уақыт және шикізат жұмсалады. Бәрін есептей келгенде майдың өзіндік құны қымбат болып шығады. Сосын қымбатқа сатпасқа амалымыз кем. Егер арзан май көрсеңіз, оны сапасыз дей беріңіз. Біздің майға сұраныс көп. Көбінде тұтынушылар зауыттан өздері келіп, алып кетеді» дейді кәсіпкер.

«Ұнтақ қоспайсың ба?» деген сауалымызға жас кәсіпкер: «Жоқ, ол бізге тиімсіз. ГОСТ стандарт бойынша, сүттің жарамдылық мерзімі 7 күннен аспауы керек. Біздікі де солай. Одан әрі тұрса, ашып кетеді. Өйткені, құрамында жасанды қоспалар жоқ» деп жауап берді.

Дегенмен, жергілікті тұрғындар жарамдылық мерзімі бір жылға шейін созылатын тетрапакеттегі сүтті жиі алатын көрінеді. Оны қымбатсынғандар базарда сатылатын «баклашкіге» құйылған, сапасы күмәнді сүтті сатып алады. Зауыт шығаратын сүттің бағасы қымбат емес. Мәселен, майлылығы 2,5 % болатын бөтелкедегі сүттің литрі – 160 теңге. Ал қолдың сүті 120-150 теңге көлемінде. Зауыт сүтінің айырмашылығы – өңделіп, пастерленгенінде. Демек, сенімді әрі сапалы.

«Несие алмағанда өз кәсібімді аша алмас едім. Оның өзі үлкен көмек болды. Экспорт туралы ойлануға әлі ерте. Кемі 3 жылдан кейін, 20 тонналық межеге жеткенде экспорт жайын қарастыруға болады. Әзірге негізгі мақсат – жергілікті жұртты сүт өнімдерімен толық қамту» дейді Ахмет Өтепбаев.