​Күзде балаларға А дәруменіне бай АСҚАБАҚ ботқасын беру керек

0
5 050

Күз мезгілінің ең пайдалы асы деп – асқабақты айтуға болады. Оның құрамы бета-каротинге, яғни А дәруменіне бай.


​Күзде балаларға А дәруменіне бай АСҚАБАҚ ботқасын беру керек

Күз айлары басталды дегенше ауа-райының құбылып, суыта бастайтыны сөзсіз. Мұндай кездері адам ағзасында да өзгерістер орын алады. Иммунитет әлсіреп, ағза түрлі инфекцияларға қарсы тұра алмайды. Әсіресе балғын балалар иммунитетін көтеруді ең басты міндет санаңыз. Балалардың дені сау болса, аналар да бақытты! Ендеше бүлдіршініңіздің саулығын ойласаңыз, мына азық-түліктерді ас мәзіәріне қосуға тырысыңыз.


Асқабақ

Күз мезгілінің ең пайдалы асы деп – асқабақты айтуға болады. Оның құрамы бета-каротинге, яғни А дәруменіне бай. Бұл дәрумен сүйектердің өсуін жылдамдатып, көздің көргіштігін жақсартады. Сонымен қатар, асқабақтың асқорытуды жақсартатын, өт айдайтын, несеп айдайтын қасиеттері бар. Асқабақтан қандай тағам дайындасам болады деп бас қатырудың керегі жоқ. Себебі асқабақтан сорпа да, ботқа да, бұқтырма да жасауға болады. Әсіресе бұл көкөністі пеште пісіріп немесе қайнатып жеу керек. Сонда ішек жұмыстары жақсарып, іш қату болмайды.

Балаларға ешқандай аллергиялық әсер бермейді. Бесіктегі балаларға да 4 айынан бастап асқабақ ботқасын 1 шай қасықтан беруге болады екен. Аз-аздан сәбиіңіздің ағзасын үйретіп, кейін келе көлемін арттыра бересіз. Асқабақта дәрумендер көп, ал, көмірсу аз болатынын ұмытпайық. Артық салмағы бар балаларға да асқабақ ботқасын жеген пайдалы.


Жаңғақтар

Баланың өсіп-дамуы үшін аминқышқылдары мен қанықпаған майларға бай жаңғақтарды да күзде жеген пайдалы. Жаңғақтың барлық түрін жеуге болады. Мысалы, грек жаңғағы асқорытуды жақсартса, орман жаңғағы қан аздықтың алдын алады. Жержаңғақ ми жұмысының қалыпты жұмыс істеуіне атсалысса, кешью жаңғағы тіс эмалін нығайтады.

Бір орнында тұра алмайтын ұшқалақ балаларға жүйке жүйені тыныштандырып, ұйқыны қалыпқа келтіретін балқарағай жаңғағын жеу керек екен. Алайда жаңғақтар балаға аллергия беретіндіктен 3 жастан асқаннан кейін алдымен 30-50 грамнан аптасына екі реттен жеу керек. Жаңғақтың балғын түрін таңдаңыз.


Итмұрын

Итмұрын қайнатпасы иммунитетті нығайтатын ең керемет сусындардың бірі. Бұл жидек С дәруменіне бай болғандықтан да күз-қыс айларында суық тиюдің алдын алады.

Итмұрында асқорытуды жақсартатын ленол қышқылы, иммунитетті күшейтетін каротин бар. Аталмыш итмұрын қайнатпасын балалар тағамына 6 айлықтан бастап қосуға болады. Бірақ, сақтық үшін, қайнатпаны сәбиіңіздің терісіне тамызып, тест жасап көріңіз. Ешқандай аллергияның белгілері байқалмаса, қайнатпаны ішкізудің ешбір зияндылығы жоқ.


Асқабақ ботқасы


Қажетті өнімдер:

  • 200 гр. асқабақ
  • 100 гр. тары
  • 250 мл сүт
  • Дәміне қарай қант, тұз қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Алдымен асқабақтың қабығын аршып, тазалап жуыңыз. Сосын асқабақты 20 минуттай қайнатып, суын төгіп, езбе жасаңыз.
  2. Сосын тарыны да қайнатып, суын төгесіз. Сосын кастрөлге езілген асқабақты, қайнатылған тарыны, қантты салып, жеміс-жидектер қоссаңыз да болады.
  3. Содан соң сүтті құйып, отқа қойып, 3-5 минуттай қайнатып аласыз. Сонда ботқамыз да дайын болады.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Пияз нанды пеште жұп-жұмсақ етіп пісірудің ең оңай әдісі


Шымкенттік КОНДИТЕР торт пісіріп-ақ 500 МЫҢ теңгеден астам табыс табады (сұхбат)