Қыстың қамы: МОХИТО ЖАУЫП АЛЫҢЫЗ

0
4 447

Бұл сусындар қазіргі кезде ХИТ-МОХИТОға айналған. Қыз-келіншектердің бәрі осы сусынды жауып жатыр. Сіз де қалыс қалмаңыз!


Қыстың қамы: МОХИТО ЖАУЫП АЛЫҢЫЗ

Нәрсу дайындаудың еш қиындығы жоқ. Әсіресе заманауи мохито секілді сусындарды банкаға жабу өте оңай. Бұгін біз МОХИТОның 6 түрін ұсынатын боламыз! Жауып көріңіз!


Апельсин мен лимон қосылған МОХИТО

Қажетті қоспалар:

  • 1 бума жалбыз
  • 0,5 бөлік апельсин
  • 0,5 бөлік лимон
  • 200-300 гр. қант
  • ¼ шай қасық лимон қышқылы
  • Қайнаған су.

Дайындалуы:

  1. Жалбыздың жапырақтарын сабағынан қиып, тазалап жуу керек. Сосын аз ғана кептіреміз.
  2. Апельсин мен лимонды да тазалап жуамыз. Апельсинді ортасынан бөліп, жұқалап тураймыз. Лимонды дөңгелектеп тураған дұрыс.
  3. Енді залалсыздандырылған банкаға алдымен апельсинді, содан соң лимон мен жалбыз жапырағын саламыз.
  4. Қантты себелеп, лимон қышқылын салу керек. Қайнаған су құйып, қақпағын бұраймыз. Дайын мохитоны төңкеріп қойсақ болғаны. Сыртынан матамен немесе корпемен жылы орап қойған да дұрыс. Суыған соң салқын жерге қоя бересіз.


Құлпынайдан жасалған МОХИТО


Қажетті қоспалар:

  • 3 литрлік банканың 1/3 бөлігіне құлпынай
  • 0,5 бөлік лимон
  • 1-2 жалбыз сабағы
  • 300 гр. қант
  • 3 литр сүзгіленген таза су.

Дайындалуы:

  1. Кастрөлге су құйып, отқа қоямыз. Құлпынайды табаққа салып, су құйып қою керек. Сосын тазалап жуып, жарамсыз әрі керек емес жерлерін алып тастаймыз.
  2. Банкаға алдымен құлпынайды саламыз. Сосын туралған лимонның жартысын, тазалап жуылған жалбызды саламыз.
  3. Лимонның дәндерін алып тастауды ұмытпаймыз. Соңында құмшекерді салып, қайнаған суды құямыз. Қақпағын жауып, 15 минуттай қойып, кейіннен кастрөлге құйып аламыз. Суды тағы бір қайнатып, банкаға құйсаңыз, банка қысқа дейін атылмайтын болады. Егер сатып алған құлпйнайыңыз балғын әрі таза болса, суды екі рет қайнатудың қажеті жоқ. Банканың қақпағын бұрап, жылы орап қоямыз.


Қарлыған қосылған МОХИТО


Қажетті қоспалар:

  • 350-400 гр. қарлыған (крыжовник)
  • 3-4 тілім лимон
  • Жарты бөлік лайм
  • 1 сабақ жалбыз
  • 300 гр. қант

Дайындалуы:

  1. Кастрөлге су құйып, отқа қойып қайнатамыз. Таза, стерилденген банкаға тазалап жуылған жемісті салып, туралған лимон, лайм, жалбызды жайғастырамыз. Бірден қантты салып, кастрөлдегі ыстық суды құямыз.
  2. Енді банкаларды залалсыздандырылған қақпақпен жауып, аузын бұраймыз да, ары-бері аунатып аламыз. Сонда қант тез еритін болады. Қант еріген кезде банканы төңкеріп қойып, сыртынан матамен орап қойсаңыз болады.


Таңқурай мен алмадан жасалған МОХИТО


Қажетті қоспалар:

  • 1,5 кг алма
  • 2 кг таңқурай
  • 1,5 кг өрік
  • 1 бума жалбыз
  • 2 дана лимон немесе 2 дана апельсин
  • 250-300 гр. қант әрбір банкаға

Дайындалуы:

  1. Әрбір банкаға тазалап жуылған таңқурайдан 500 гр. саласыз. 4 тілім лимон мен қалауыңызша жалбыз саласыз.
  2. Барлығын салып болған соң қақпақты жауып, 20 минутқа қалдырыңыз.
  3. Барлық банкадағы суларды кастрөлге құйып, қант салыңыз. Кастрөлді отқа қойып қайнатасыз. 5-10 минуттай қайнаған соң суды банкаларға құясыз. Дайын нәрсудың қақпағын бұрау ғана қалды. Сондакомпот та дайын болады.


Өрік пен апельсин МОХИТОСЫ


Қажетті қоспалар:

  • 2-3 кг өрік
  • 2-3 дана апельсин
  • 2-3 дана лимон
  • 1 бума жалбыз
  • 1 кг қант қосылады.

Дайындалуы:

  1. Өріктерді жуып, ортасынан бөліңіз де, сүйегін алып тастаңыз. Сосын өріктерді банкаларға шамалап саласыз. Енді өріктермен бірге туралған апельсинді салыңыз. 1 банкіге 3-4 тілім апельсин жеткілікті.
  2. Содан соң 1-2 тілім лимон мен жалбыз жапырағын саласыз.
  3. Банкаларға қайнаған су құйып, қақпағын жауып, 25 минутқа қалдырыңыз. Кейіннен банкаларды суды кастрөлге құйып алып, қант саласыз да 5-10 минуттай отқа қойып қайнатып аласыз. Қанты әбден еріген кезде суды қайтадан банкаларға құясыз. Банкалардың қақпағын бұрап жауып, сыртынан жылы орап қойыңыз.


Алма қосылған дәмді мохито


Қажетті қоспалар:

  • 1-2 кг алма
  • 1 дана апельсин
  • 1-2 дана лимон
  • Жалбыз жапырағы
  • Қалауыңызша қант қосылады.

Дайындалуы:

  1. Алмаларды ірілеп турап, дәндерін алсып тастау керек. Сөйтіп банкаларға саламыз. Әрбір банкіге 1-2 тілім апельсин мен 2-3 тілім лимон саласыз. Жалбыз жапырағын салуды ұмытпаймыз. Қайнаған су құйып, қақпағын жауып, 20 минут қоя тұрамыз. Осы уақыт өткен соң суды кастрөлге құйып, қант салып қайнатамыз.
  2. Банкаларға қайнаған суды құярда 5-6 дана таңқурай салып жіберсеңіз болады. Дайын нәрсудың қақпағын бұрап, жылы орап қойыңыз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


БАНКА жабу науқаны басталды: ЕРЕКШЕ САЛАТТАР



Еуропалық әдіспен дайындалған таңғы ас