ТӘТТІ ОРАМАНЫ үш түрлі рецептпен пісіріп көріңіз

0
3 624

Тәтті ораманы кондитерлік дүкендерден сатып алып жүрсіз бе? Оңай әдіспен үйде неге пісірмеске?!


ТӘТТІ ОРАМАНЫ үш түрлі рецептпен пісіріп көріңіз

Крем салынған тәтті орама

Қажетті қоспалар:

  • 140 мл сүт
  • 7 гр. какао ұнтағы
  • 80 мл өсімдік майы
  • 80 гр. ұн
  • 15 гр. құрғақ сүт
  • 6 дана жұмыртқа
  • 110 гр. қант
  • 0,5 пакет ванильді қант
  • 1 шай қасық лимон шырыны
  • Дәміне қарай шым-шым тұз.

Дайындалу тәсілі:

  1. Табаққа какао ұнтағын салып, сүтті құямыз. Екеуі біркелкі араласқанша қозғай береміз.
  2. Басқа табаққа ұн, құрғақ сүт, ванильді қант пен тұзды салып, араластырамыз.
  3. Отқа төзімді табаққа сүтті құйып, өсімдік майын қосамыз.
  4. Кастрөле су құйып, қайнатып, оның үстіне сүт құйылған табақты қоямыз да, ары қарай су буында қайнатамыз. Сүтті су буында 1 минут ұстаған жеткілікті.
  5. Сөйтіп осы сүтке құрғақ қоспаларды салып, жақсылап араластыру керек.
  6. Жұмыртқаның сары уызы мен ақ уызын бөліп алып, сарысын табақтағы араласпаға біртіндеп саламыз.
  7. Осы араласпаның жартысын басқа ыдысқа құйып алып, какао ұнтағын қосу қажет.
  8. Жұмыртқаның ақ уызын миксермен көпіршітіп, оған қант пен лимон шырынын қосамыз. Сөйтіп ақ уыздарды қоюланғанша миксерлейміз. 15 минуттай миксерлейсіз, сонда әдемі крем пайда болады.
  9. Осы көпіршіген ақуыздың жартысын какао салынған қамырға қосып, жай-жай араластырамыз.
  10. Ораманы пісіруге арналған формаға пергамент қағазын салып, оған какао қосылмаған қамырды салыңыз.
  11. Осы уақытта ақ уыздың қалған бөлігін какао қосылған қамырмен араластырсаңыз болады. Сөйтіп бұл араласпаны формадағы ақ түсті қамырдың үстіне жайып құйып шығу керек. Кондитерлік қалтамен құюға да болады. Пешті 170 градусқа дейін қыздырсаңыз, 10 минут пісіресіз. Сосын пешті 150 градусқа дейін төмендетіп, тағы да 25 минут пеште ұстайсыз. Піскен бисквитті суығанша қойып қоясыз.
  12. Содан соң пергамент қағазымен бірге орап, кейіннен қайта ашып, крем жағасыз да, қайтадан орайсыз.
  13. Кремді кілегейден немесе сары май мен қойылтылған сүтті миксерлеп дайындай аласыз. Ораманың сыртынан пергамент қағазымен орап, бірнеше сағатқа тоңазытқышқа салып қойған дұрыс.


Мак қосылған өте тәтті орама


Қажетті өнімдер: Қамырына:

  • 450 гр. ұн
  • 200 мл сүт
  • 20 гр. ашытқы
  • 3 ас қасық қант
  • 40 гр. сары май
  • 1 дана жұмыртқа
  • 1 дана жұмыртқаның сары уызы
  • Шым-шым тұз
  • Салмасына:
  • 50 гр. мак
  • 10 гр. сары май
  • 2 ас қасық сүт
  • 3 ас қасық қант.

Дайындалу тәсілі:

  1. Макты кастрөлге салып, 300 мл су құйып, қайнатамыз. Жай отта 15 минуттай қайнату керек. Сосын суын төгіп тастап, кептіріп қоямыз.
  2. Сосын макты блендер ыдысына салып, қант қосып, майдалаймыз.
  3. Содан соң макты қайтадан кастрөлге салып, сүт пен сары май қосамыз. Отқа қойып, араластыра отырып қайнатамыз. Масса қоюланған кезде оттан аламыз.
  4. Енді қамырын дайындаймыз. Сүтті жылытып, ашытқы мен қант саламыз. Жақсылап араластырып, жылы жерге қоямыз.
  5. Сары майды ерітіп, суыған соң жұмыртқа қосып араластырамыз да, ашытқы салынған массаға қосамыз. Сүттің қалғанын, қант, тұз, ұнның жартысын салып, біркелкі массаға айналғанша араластыру керек. Қамыр құймақтың қамырындай қою болады. Қамырдың бетін майлықпен жауып, жылы жерге 30 минуттай қою керек.
  6. Содан соң ұнның қалған бөлігін қосып, жұмсақ қамыр илейміз. Дайын қамырды майлықпен орап, 1 сағаттай көтерілгенін күтеміз. Дайын қамырды жайып, оның бетіне макты саламыз. Қамырды жақсылап орап, пергамент қағазы салынған табаға жайғастырамыз. Бетіне жұмыртқаның сары уызын жағуды ұмытпаңыз. Бірақ ораманы бірден пешке салмаймыз. 20 миунттай тағы да көтерілгенін күтеміз.
  7. Сосын пешті 180 градусқа дейін қыздырып, рулетті салып пісіреміз. 30-40 минутта орамамыз да дайын болады.


Жаңғақ қосылған рулет


Қажетті қоспалар: Қамырына:

  • 180 гр. сары май
  • 1 стақан қаймақ
  • 300 гр. ұн
  • 2 дана жұмыртқа
  • 150 гр. қант
  • 2 гр. тұз
  • Жарты шай қасық қамырқопсытқыш.
  • Салмасына:
  • 50 гр. сары май
  • 150 гр. грек жаңғағы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Табаққа қаймақ пен жұмсақ сары майды саламыз. Қант пен шым-шым тұз қосып, венчикпен немесе миксермен араластыруға да болады.
  2. Екі жұмыртқаны табаққа жарып салып, миксерлейміз. Сосын оны сұйық қоспаларға қосып, ұн салып, жұмсақ қамыр илейміз. Қамырды пакетке салып, тоңазытқышқа сала тұрамыз.
  3. Осы уақыт аралығында салмасын дайындап алуға болады. Ол үшін грек жаңғағын жуып, микротолқынды пешке салып кептіріп аламыз. Сосын матаға салып, оқтаумен майдалаймыз. Табаққа ұнтақталған грек жаңғағын, сары май, қант, шым-шым ванилин қосып, жақсылап араластырамыз.
  4. Тоңазытқыштан қамырды шығарып жаямыз. Қамырды үш немесе екі бөлікке бөліп, орамаларды жасай беруге болады. Қамырды жұқалап жайып, бетіне ұнтақталған грек жаңғағын салып шығамыз. Содан соң қамырды орап, 180 градусқа қыздырылған пеште пісіреміз. Рулеттің бетіне жұмыртқаның сары уызын жағуды ұмытпаңыз. 30 минутта орама да дайын болады.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ҰЛТТЫҚ ДӘМ: ЖЕНТ дайындаудың ЖАҢА әдістері


Сүзбе қосылған ерекше 3 нан мәзірі