​«АБЫСЫН АСЫ» абысындардың өзара татулығын арттыратын ДӘСТҮР

0
5 824

«Абысын асы» бір-біріне абысын-ажын болып келетін әйелдердің сыйластығын арттыра түсетін, өзара жақындастыратын дәстүр


​«АБЫСЫН АСЫ» абысындардың өзара татулығын арттыратын ДӘСТҮР

Бұл дәстүрдің аты айтып тұрғандай, абысындардың бір дастархан басында бас қосып, бір сәт күйбең тірлік пен шаршап-шалдығудан арылып, көңіл-көтеретін, сергитін шақ.


Қазіргі күнде келін-кепшіктің, әйелдердің, апа-әжелердің де ортақ басқосулары «гәп» деп айтылып жүр ғой, сондай басқосу бұрындары "абысын асы" деп аталған. Бұл игі дәстүрдің заман ағымына сай аздаған өзгерістерге ұшырағанымен, үзілмегеніне қуануға да болады. Біз қазақылығымыздан, салт-дәстүрімізден түбегейлі ажырап қалған жоқпыз. Әлі де ата-бабамыздан, апа-әжелерімізден жалғасып келе жатқан осындай жақсы салт-дәстүрді жаңартып, жаңғыртуға мүмкіндік те мол.


Бұрын келіндер күйеулерінің рұқсатынсыз көңіл көтермейтін. Ер адамдар тойға, айтқа кеткен кезде, ауылда әйелдер ғана қалатын. Сол кезде олар өздері ет пісіріп, самауырға шәй қайнатып, ән айтатын, әзілдеп, сырларымен бөлісетін, әңгімелесіп, көңіл көтеріп отыратын болған. Бұл қазақ әйелдерінің береке мен бірлігінің, достығының белгісі.

«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген сөздің төркіні де осыдан шықса керек. Қазіргі кезде көп жағдайда, ер-азаматтардың бір-бірімен етене араласып, бауырларынан қол үзбеуі, тату-тәтті, ынтымақта өмір сүруі, бір-бірінің балалары да бір-біріне бауыр екендігін ұғындырып, қазақтың әдемі сыйластығы мен бауырмалдылығын, мейіріміділігін ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру міндетін терең ұғына білсек ешқашан ұтылмаймыз.

Менің айтқым келгені, өзара абысындарыммен сыйластығым туралы еді.


Біз төрт келінбіз. Үлкені өзіммін. Менен кейін келін болып түскен үш келінді енем өзінің көрген-түйгенімен бөлісіп, жақсылыққа тәрбиеледі. Келін болып түскенде енемнің де абысындары бар болатын. сол кісілердің өзара сыйластығын көріп, бір-бірімен апалы-сіңлілердей болып араласып, берекесі мен бірлігінің жарасқанын көріп, қызығатынмын. Өзімнен кейінгі түскен келіндерге үлгі-өнеге болып, енем секілді абысын-ажын болып бас қосып, татулықта өмір сүргім келетін.

Оңай емес, әртүрлі отбасынан тәрбие алып, өскен ортасы басқа болған жандардың бір шаңырақ астында топтасып, "үлкен әулеттің келіндері" деген атты абыроймен алып жүру де сын болатын шыны керек.



Сонда әр үйдің "еркелерін" келін етіп, олардың басын біріктіріп, татулығын, ынтымақтастығын қадағалап отыратын, жол көрсетіп, ақылын айтып отыратын ененің міндеті орасан зор.

Тек қана бір үйдің емес, бір әулеттің емес, бір рудың келіндері бір-біріне абысын-ажын болып сыйласатын, той-жиында бас қосып, жиынның бүкіл шаруасын бірлесе атқарып, ырысты ынтымағының көрінісін беретін ең керемет шақ "абысын асы".

Бүгінде енемнің жүрген жолымен жүріп, оның салған сүрлеуінен шықпай, абысындарыммен тату болып, ай сайын керемет кеш ұйымдастырып, бас қосамыз. мұнда не айтылмайды дейсіз?!.

Ән де, би де бар, көңілденіп, отбасымызға қатысты қызықтарды айтамыз, тіпті, арамыздағы біріміз шынында да жан қиналысын бастан кешіріп жүрсе, ақыл-кеңес сұрайтын жеріміз де, бір-бірімізге жол сілтеп, бағыт-бағдар беретін тұсымыз да осы. Талқылайтын маңызды мәселе болса, өзара талқылап, алдын-ала шешіп те аламыз.

Қысқасы, "абысын асында" барлығы да бар. Бүгінгідей бір-бірінің үйіне шақырусыз, ескертусіз бармайтын кезеңде осындай басқосулар керек-ақ. Әйелмен әйел болып сырласып, бір-бірінің жанын түсініп жатса, оның несі айып?!

Осы игі дәстүрді жалғастыруды насихаттап, жастарға үгіт айта жүремін. Өйткені, абысынынан ақыл сұрамайтын, білмейтіні болса, интернеттен көре саламын дейтін келіндер көбейді шыны керек.

Абысынды ақыл сұрау үшін емес, сырлас болу үшін, әулетке қатысты дүниелерді бірлесіп атқару үшін іздеу керек. Абысын да туысың, ол келінге күндес емес. Керісінше, қамқоршысы, қолдаушысы бола алуы тиіс.

Абысындардың басын қосып, ағайындылардың ара жігін ажыратпай, керісінше бауырмалдылықтарын арттырып отыратын, өзімнен кішілерге айтқанымды орындатып, ақылға шақырып, сыйластық пен береке-бірлікті татулықты ыдыратпайтын енеден кейінгі орынды басып, ененің орнына ене болып кейінгілерге өнеге болатын үлкен абысынның парасат-пайымына байланысты екен. Сол кезде енемнен алған үлгі-өнегені бүгінде кәдеге асырып, керек жерінде «абысын асын» ұйымдастырып, әулет болып, мәре-сәре болатын кездеріміз көп.

Ағайынның да, абысынның да ара-жігі ажырамасын, татулықтары ұрпақтан ұрпаққа жалғассын. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар демекші, мәңгі тозбайтын салт-дәстүрдің бірі осы «абысын асы» деуге болады.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


«Тышқаншық салу» ЫРЫМЫН білесіз бе?


СӘБИіңіздің «ТІКЕНі» бар болса текті бала деп санаңыз