​АҚСАРБАС атау қандай жағдайда орындалатынын білесіз бе?

0
4 693

"Ақсарбас атау" деген салтты естіген боларсыз?


​АҚСАРБАС атау қандай жағдайда орындалатынын білесіз бе?

фото: qazaqytoi.kz

Ақсарбас атау деген салтты естіген боларсыз? Бұл салт қандай жағдайда орындалады, оның мәні мен мағынасы қандай?


Ақсарбас-құрбандық шалу салты екені белгілі, бірақ көп жағдайда қиындыққа душар болған адам Алладан медет сұрап, қиындықтардың артта қалуын, жеңілдеуін жалбарынып сұрау кезінде «Ақсарбас» шалады. Бұл ғұрыптың орындалуын мен бала кезімде көргендіктен, санамда қалып қойған түсінік осындай. Бірақ, мұның ауқымы кең екендігін өмірлік тәжірибем арқылы таныстым.

Негізінде ақсарбас тек қана қауіп-қатерге, қайғыға тап болғанда ғана емес, ерекше қуанғанда, қатты шошынып қалғанда да Жаратқанның жебеуін сұрап, арнайы мал сойылады. Құрбандыққа шалынатын мал бірыңғай бір түсті болғандықтан, бұл ғұрыптың атауы солай болса керек. Деректерге сүйенсек, көбінесе ақсарбас құрбандығы үшін үш түрлі мал шалынатындығы туралы айтылады. Бозқасқа, қызылқасқа және көкқасқа. Бозқасқа деп қойды, қызылқасқа-сиыр, көкқасқа-жылқы малын айтады.

Ақсарбас атасаңыз, малдың жастау болғаны және маңдайында ақ жолағы бар малды құрбандыққа шалуға тырысыңыз. Өйткені, ежелден келе жатқан ата-бабамыздың сенімі бойынша мұндай құрбандық қабыл болады деп жақсылыққа балайды.


Қазақта жас босанған анаға қалжа жегізу дәстүрі де бар. Бұл да ақсарбас атап, құрбандыққа шалынған қойдың етінен сорпа жасап, жас ананы терлетіп, қалжалаумен жалғасады.


Жаны қиналып, ауыр сырқатқа тап болған, қауіп-қатерге ұшыраған адам да ақсарбас айтып, Алладан жәрдем тілеп, үш рет «Ақсарбас» деп айтып, содан кейін малды құрбандыққа шалады.Кейін барлығы жақсарып, қалыпқа келген кісі ел-жұртты жинап, құдайы ас береді.

Айта берсек, ақсарбас айтылатын жағдайлар көп. Екі жас үйленіп, құдалық рәсімінде де жастардың бақытты болып, ары қарай жақсы отбасы болып кетуіне тілеулестікпен қызды айттырып, екі жақ өзара келісімге келіп, құдалар бір-бірін құда деп таныған кезде қыз әкесі ақсарбас атап, екі жақтың үлкен ақсақалдарының ақ батасын алады. Мұның бастау алған шағы құдаларға ақ қойды атап, «ақ қойдың қаны-ақ бата оқығаны» дегендей наным-сенімнен туындаған.


Қазіргі күнде «ақсарбас атадым» деп айтып жатқан адамды сирек кездестіреміз. Жолын жасап жатқанымен, көп айтылмайды.

Қазақ болғандықтан, құдалық, құдайы ас деген ғұрыптар бола береді. Ал, ақсарбас атаудың жолын ұғатындар мұндай ғұрыптың тигізер пайдасын, жеңілдік сыйлайтынын да түсінеді.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Нәрестенің шашын 40 күнде ала ма, 7 күнде ме? ҚАЙСЫСЫ дұрыс?

Ер адам БЕЛДІГІН ешкімге сыйламайды