Аяғы АУЫР әйел ТОҚЫМА, ТІГІНмен айналыспайды

0
8 221

Жалпы жүкті әйел қолына қайшы мен ине-жіп ұстамау керек деседі...


Аяғы АУЫР әйел ТОҚЫМА, ТІГІНмен айналыспайды

«Жүкті әйел тігін тікпеуі, ұршық иірмеуі керек және тоқыма тоқуға болмайды» деген тыйымдарды талай естіген боларсыз?

Мүмкін бұл жай ғана қазақтың ырымы деп жүкті әйелге және оның құрсағындағы балаға ауырлық түспесін, денсаулығына зақым келмесін деген ниеттен туған болса керек.

Әрине, қазақтың қай салт-дәстүрін, ырым-тыйымын алсақ та негізсіз емес. Бірақ көпшілік «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп ырым-тыйымдарға онша мән бермейді. Мен өзім де солардың қатарында едім. Өмір көрген аналарымыздың, енелеріміздің бекерден бекер ырымдарды көлденең тартып, тыйым салмайтынын ұққандай болдым.


Тұрмысқа шығып, тұңғышымды өмірге әкелгенде дәрігермен қоса енемнің де бақылауында болдым. Алғашқы жүктілігім болғандықтан, қиналған сәттерім көп болды. Соған қарамастан, мен көбінесе енемнің көмегіне сүйенетін едім. Бала өмірге келгеннен кейін де бала күтіміне аса бір кірісіп кеттім деп айта алмаймын. Өйткені менің өзіме де күтім қажет болды.

Осы орайда енеме үлкен рахмет, сол кісінің арқасында балама да, өзіме де қырық күн бойы күтімін жасап, қалжалап, қатарға қосып алды.

Кейінгі баламда енді барлығын өзім жасай аламын, енемнен көргенім бойынша жүктілік мерзімінде де, бала өмірге келгеннен кейін де күтініп, баланы шомылдыру, бесікке бөлеу деген секілді шаруалардың барлығын да атқара аламын деп толықтай өзіме сенімді болғанмын.

Әрине, ана болғандықтан, өз балаң үшін барлығын да жасайсың. Дегенмен, жаңадан босанып келгенде, жүктіліктің соңғы айларында анаға ерекше күтім қажет, қолдау қажет екен.


Екінші рет құрсақ көтеріп, жүкті болғанда біз еншімізді алып, бөлек шығып кеткен болатынбыз. Сонда да менің сәби күтіп жүргенім жайлы білетін енем үнемі хабар алып, денсаулығым жайлы сұрап тұратын болды. «Ыстық моншаға түсерде абай бол, ауыр затты көтере берме, көп жата бермей, шаршап қалмайтындай қимылдай бер. Іштегі бала өсіп кетпесін, босануыңа ауыр болмасын» деп ескертпелерін айтып, жағдайымды сұрап отыратын.

фото: anatomiyasna.ru

Бірақ мен енемнен болмаса да басқалардан «аяғы ауыр келіншек тігіс тікпейді, ұршық иірмейді» деген тыйымдарды естігенмін. Ұршық иіру деген әжелеріміздің заманында келмеске кетті ғой, ал тігіс тігуді мен жанымдай жақсы көремін. Жаным қалаған іс болғандықтан, үйде бос отырған сәттерімде ермек қылып, қызыма кішкентай көйлектер, үйдегі онша-мұнда көрпеше, перде деген секілді бұйымдарды тіге беретінмін.


Баламен үйде отырғанда уақытта өтпей қойғандай болады ғой, сол кезде ермек қылып әртүрлі тігіс тігетін едім. Бірде енем үйге келгенде менің тігіс тігіп отырғанымды көріп «Таста оны. Аман-есен аяқ-қолыңды бауырыңа жиып ала бер, содан кейін қашпайды тігісіңді тіге бересің. Әйтпесе іштегі баланың кіндігі мойнына оралып қалады» деп тыйым салды.


Мүмкін мен сол сөзді көңіліме жақын алып қалдым ба екен, шынында да ай-күнім жетіп, босанатын сәтте біраз қиналдым. Бала кіндігіне оралып туылды. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында құдайға шүкір, ана мен баланың денсаулығына ешқайндай қауіп төнбеді.

Айтайын дегенім, «қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген сөзге аса мән бермей, ырымды да керек жерінде ұстану керек екен.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз:


АҚ ҚҰЙЫП ШЫҒАРУды БІЛЕСІЗ БЕ?


«ӘМЕҢГЕРЛІК» салты қажеттіліктен туған ба?