​БАЙЛЫҚ пен БАҚЫТ үйдің ҮШ жеріне ЖАСЫРЫЛҒАН

0
18 320

Жаныңыз, жүрегіңіз, қалтаңыз КЕДЕЙ болмасын десеңіз, мыналарды естен шығармаған абзал.


​БАЙЛЫҚ пен БАҚЫТ үйдің ҮШ жеріне ЖАСЫРЫЛҒАН

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөздің жаны бар. Үлкен әпкемнің үйінде жасы 96-дан асқан әжесі бар. Ол әпкемнің енесінің енесі. Бұл әулет жалғыз ұлдың ұрпағымен жалғасып келеді. Әженің бір ұлы болған, ол ұлдан тағы да бір ұл (жездем) туылған. Жездемнің де басына көлеңке түсірмей өсіріп отырған жалғыз ұлы бар. 5 қыздың ортасында өскен ұлының еркелігін әлгі әжеміз көтере алмай, «тәйт» деп таяғымен түртіп қалады. Бұл кезде келіні де, немере келіні де қабағын түйіп, шапшып шығатыны бар. Сондайда әже:


«Бала Алланың аманаты, оны даралап, елден ерек көрудің қажеті жоқ. Алла бергенді Алла өзі алады. Сондықтан да жалғыз екен деп жалпақтай бермеңдер. Ертең бармағыңды тістегің келмесе бүгін тентектігін тиып отырыңдар", деп жиі ескертетін.

фото: new.lisakovsk.online


Әженің сөздерін келіндері жақтырмай жатады. Мұнысын әже сезеді де. Үй-ішінің амандығын күнде Алладан тілейтін әженің ұстанатын ырымдары да жоқ емес. «Мынаны өйтпе, мынаны бүйтпе» деген сөздері бәрінің шамына тиеді. Кейде әпкемнің:


«Қартайғанда тыныш отырса екен менің ісіме араласа бермей. Қыдырып кететін қыздары да жоқ. Бір күн болса да құлағым тынышталар еді» деп кейіп сөйлейтінін талай естідім.


Бұл кезде әкем мен анам әпкеме ескерту жасап, сабасына түсіретін. Осы әженің айтқан ырымдары шынында да босағасына береке болып даритынын келіндері мойындайды.


Бір күні әпкем қонақ күтетін болып, мені үйіне көмекке шақырды. Шкафтағы шаң басқан ыдыстарды шығарып, жуып отырғанмын. Әже жаныма келіп жайғасты да ыдыстарды бір-бірлеп тексеріп отырды. Сөйтіп шеті шытынаған тәрелкені, кетілген кесені шетке қойып:


«Естеріңде болсын! Ешқашан сынық ыдысты үйде сақтамаңдар. Шаңырағымнан шаттық, босағамнан береке кетпесін десеңдер, сөрелеріңдегі сынық ыдыстың көзін құртыңдар» деді.


Осындай ақыл-кеңестерді тыңдау үшін қазақ әйелдерінің көпшілігі ақылы тренингке жазылып жүрген жоқ па?! Міне, тегін әрі құлаққа сіңімді ақыл. Тек еститін құлақ болса, жүзеге асыратын ми болса болды. Сенің бағыңның жанғаны. Уақытты ұтымды пайдаланайын деп әжеден басқа да ырымдарды сұрадым. Әжем білгенін бүгіп қалмады.


Әженің айтуына қарағанда бұл ырымдар үйіңізді жамандықтан, кедейліктен, қорқыныштан қорғайды екен. Қажет болса, қойын дәптерлеріңізге түртіп алыңыздар.


1. КӘРІ ЖІЛІК


фото: adyrna.kz

«Кәрі жілікте қасиет бар». Әрбір үйдің босағасында кәрі жілік байлаулы тұру керек. Бұрынырақта үлкендер «Кәрі жілікте шаңырақтың құты болады. Оны біреуге бермейді» деп айтып отыратын. Көбінесе үйдің иесінің сыбағасы ретін сақталатын да, той тарқаған соң етін мүжіп, сүйегін босағаға байлайды. Кәрі жілік – босағаңа береке, шаңырағыңа шаттық, құт-ырыс дарытады деп сенеді.


2. СЫПЫРТҚЫ

Бүгінде сыпыртқыны қолданатындардың саны кеміген. Әсіресе, көпқабатты үйде тұратын қалалық келіншектер қолына сыпыртқы ұстамайды. Ал жер үйдің келіншектері керісінше сыпыртқымен жақын дос. Күніне бір рет болса да сырласатыны анық. Міне, осы сыпыртқыны қолданып болған соң тұрғызып қоятындарды өзім талай көргенмін. Тіпті өзім де суы сырғысын деп тұрғызып кетемін. Ұсақ-түйек деп мән бермегенімізбен, айтарлықтай мәнге ие екен. Осы сыпыртқының өзі шаңырағыңызға келетін жақсылықты кері қайтаратын көрінеді.


3. СЫНЫҚ АЙНА


фото: yandex.com.tr

Бұрындары қазақтар айнаны көп қолданбаған. Ал бүгінде керісінше бір қабырғасын айнамен жалтыратып қоятындар бар. Сәнге айналған қиық айна құтыңды қашырып жатыр десе ешкім сене қоймас. Өйткені сынық айна жақсылық шақырмайды. Кішкентайлар үркіп қарайтын, қорқынышты көрінеді. Айнаның бетін тазалап, мейлінше қараңғы түскен кезде бетін жұқа матамен жауып қоюды әдетке айналдыру керек.


4. ЫДЫСТЫ ЖУМАЙ ЖАТПА

Өздеріңіз де бір рет болса да жуылмаған ыдыстың бетін майлықпен жауып, тазалауды таңертеңге қалдырған боларсыздар. Бұлай жалқаулыққа салынуға болмайды екен.


Әжемнің сөзінен түйгенім ҚҰТ пен БЕРЕКЕ, ЫРЫС пен ЫНТЫМАҚ, БАЙЛЫҚ пен БАҚЫТ үйдегі ҮШ жерде ЖАСЫРЫЛҒАН екен.


Біріншісі – БОСАҒАДА,

екіншісі – ЫДЫСТА,

үшіншісі – ПЕЙІЛДЕ.


Босағамыздан бақ, ыдысымыздан ас арылмасын. Қашанда пейілімізді кең етейік. Сонда кем болмайтынымыз анық.


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: