Байғазы мен көрімдіктің айырмашылығы

0
19 118

Байғазы мен көрімдік. Екеуі де – кәде, сыйлық. Екеуі де «жаңа»-ға сұралады, беріледі. Айырмашылығы байғазы – жансыз затқа, ал көрімдік жандыға, яғни, адамға және жан-жануарларға ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң тарапынан берілетін кәделі сый. Мысалы, жаңа туған нәрестеге, жас келінге, мал төлдегенде алғашқы сәтте көрімдік сұралса, жаңа киім немесе бұйым, жиһаз, баспана, көлік сатып алынғанда байғазы сұралады. Байғазы бала алғаш рет атқа мінгенде де беріледі. Байғазы кішкентай балаларға, жасөспірімдерге үлкендердің беретін сыйлығы.

Қызға сырға салуға барғанда жігіт жаққа қызды көрсетiп, көрiмдiк сұрау дәстүрі де бар. Болашақ келiн болатын қызды екi жеңгесi ертiп жiгiт жақтан келген құда-құдағиларға көрсетеді. «Болашақ келiндерiңiз мiне, көрiп көрiмдiгiн берiңiздер» деп көрiмдiк сұрайды. Жігіттің анасы орнынан тұрып келiнiнiң маңдайынан сүйiп, оған бақыт тiлейдi. Отырған басқа құда-құдағилар да жапатармағай көрiмдiктерiн берiп, екi жасқа ұзақ өмір, бақытты тiлейді. Қыздың екi жеңгесi көрiмдiктерiн алып, қызды алып шығып кетедi.

Байғазыға ұл балаға қамшы, жүген-ноқта, мүлік берілсе, қыз балаға әшекей бұйымдар, моншақ сыйға тартылады. Уақыт өткен сайын салт пен санаға да өзгеріс еніп, заман талабына сай жаңаруда. Сондықтан да көбінесе бүгінде байғазы ақшалай беріліп жүр. Байғазы берген адам «Жасың ұзақ, киiмiң тозғақ болсын», «Жаңа бұйымың құтты болсын, саған қызмет етсін», «Игілігіңе пайдалан» деген ақ тiлектерiн қоса айтады. «Байғазы - байдың қызы» деп те айтқан екен.

Тәрбиелік маңызы

Жалпы, қазақтың салт-дәстүрлерінің тәлімдік, тәрбиелік мәні зор. Байғазы мен көрімдік адамдар арасындағы қарым-қатынасты, достықты нығайтып, татулықты, бірлікті арттырады. Адамдар арасында құрмет тудырса, үлкен мен кіші арасында өзара мейірім-махаббатты орнатады. Сонымен қатар, адамдарды жомарттыққа, дархандыққа, кең пейілділікке тәрбиелейді. Балалардың қуанышын еселейді.

Байғазы мен көрімдік – сыйлық берудің, сый жасаудың бір түрі. Шариғат сыйлық беруге, оны алуға қарсы емес. Сыйлық беру жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұхаммед «Сыйлық беріңдер, бір-біріңе деген сыйластықтарың артсын» деген екен. Олай болса, байғазы сұратар және көрімдік берер қуаныш көбейе берсін. Халқымыздың осы бір тәрбиелік маңызы зор жоралғысын жаңғыртайық, ағайын!