​Ер адам БЕЛДІГІН ешкімге сыйламайды

0
3 368

Неліктен?


​Ер адам БЕЛДІГІН ешкімге сыйламайды

фото: market.kz

Әлеуметтік желіден қазақтың тойы түрліше жағдайларда өтіп жатқанын көріп жүрміз. Соның бірінде асабаның он бір балалы әкені ортаға шығарып, оған сүйінгені, қошеметтегені, мақтау сөздерді жаудырғаны әрине, өте әсерлі көрініс болды.

Тек қана бір «әттеген-ай» дейтін тұсы да табылды. Өйткені, қазақтың ежелден келе жатқан наным-сенімдеріне құрметсіздік танытып, елемеген сыңай танытқандай көрінді. Немесе шынында да қазақта мұндай ырым-тыйымның бар екендігін білмегендіктен, өрескел қателіктерге жол қойылды.


Ұлтымыз қазақ болғандықтан, ұлттық салт-сананы бойымызға сіңіріп, ұрпағымызға да сіңіре алмаудың кері нәтижелерінің бірі осындай.


Асаба ортаға шыққан көп балалы әкеге мақтау сөздерін жаудыра келе, ырымдағаны шығар, бірақ буынсыз жерге пышақ сұғып алғандай, ер-азаматтың белдігін сұрағаны дұрыс болмады. Белдігін сыйлыққа берген ер азаматтың да салт-дәстүрден хабары болмағандығы шығар, оның орнына басқа бір нәрсені ырымдап беруіне болар еді.

Қанша жерден көңілі қимас жақын адамың болса да, беруге болмайтын зат бар. Оны білетін адам да мұны сұрамауға тиіс.

Қазақта қазанын, от жағатын ошағын және ер азамат беліндегі белдігін біреуге бермейді. Қазан-ошақтың жайы түсінікті. Ошақ отбасының жылулығы, қазаны берекесі. Осы екеуін басқаға берген адам отбасындағы жылулық пен берекені өз қолымен біреуге бергенмен тең.

Сондықтан, қазақтың тыйымдарына, ырымдарына қырын қарамайықшы!

фото: zdorovieinfo.ru

Ал ер-азаматтың белдігін басқаға бермеуі, бұл да астарын ақтаратын шындық. Қазақтың ер азаматтары шапан мен ішіктің белбеуіне баса мән берген. Ерлердің қалтасы, қару-жарақ ілінетін оқшантайы бар белбеуі өте бағалы көрінген. Ерлердің қалтасы, құтысы, оқшантайы бар белбеуі өте бағалы көрінген. Кейде салпыншақ пен қосалқы белбеуге сән үшін тағылған.

Былғарыдан жасалған белбеулерге жартылай қымбат тастар орнатылған металл жапсырмалар жабыстырылып, сүйектен ойылған жалпақ тілікшелермен әшекейленген. Осындай жиынтығы бар белбеулер ежелгі киім саналып, кісе деп аталған. Мұндай белдіктер ер адамға күнделікті қажетті құрал есептелінген, жауға шапқанда немесе ат үстінде шаруаларын атқарып жүргенде ішкі ағзалардың орнынан қозғалып, зақым келмес үшін міндетті түрде белдік тағынған.


Белде өмірлік қуат болады. Сол өмірлік қуатты сақтауға әрбір адам талпынады ғой. Ал, қолданып жүрген белдікті біреуге шешіп беру, өмірлік қуатты біреуге бергенмен бірдей.

Сондықтан, ұлттық наным-сенімдерге бей-жай қарамағаныңыз жөн.

Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ПІДИЯ садақасы (фидия) деген не және КІМдерге МІНДЕТТІ?


ҚАДІР ТҮНІ қандай адамдардың ҚҰЛШЫЛЫҒЫ қабыл болмайды?