​«ИТАЯҒЫНА САЛУ» дәстүрін жаңғыртып жүрміз бе?

0
5 188

Итаяқ - жаңа туған сәбиді шаранасынан жуатын ыдыс.


​«ИТАЯҒЫНА САЛУ» дәстүрін жаңғыртып жүрміз бе?

Итаяқ деген не? Аты айтып тұрғандай, итке тамақ беретін ыдыс.

Ал, итаяқтың дәстүрге қандай қатысы бар? Бұл дәстүр қайдан шықты және мұның мән-мағынасы қандай?


Тағы бір нұсқасы, "итаяқ"- ол жаңа туған нәрестені қырық күндігінен шығарғанша шомылдыратын ыдыс.

Қазақтың қайсы ұстанымын, салт-дәстүрін алып қарасақ та түбінде бір тағылым бары рас. Сондықтан, қай ұлт болса да ата-бабаларының ұстанған жолымен, салт-дәстүрімен жүрсе ешқашан жаман болмайды.

Ал дәстүрлердің ішінде жыл өткен сайын жаңғырып немесе керісінше ескіріп жатқандары да кездеседі. Ел ішінде көп кездеспейтін, мүмкін мағынасы бір болғанымен, атауы өзгерген, елде бұны дәстүр деп санамайтын жағдайлар да бар. Солардың бірі «итаяғына салу» дәстүрі. Бұл дәстүрдің тағылымдық мәні керемет. Өйткені, ұрпақ сабақтастығына арқау болатын, өнеге беретін көрініс бұл.


Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына» сал деп сақина, күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.

Жас келін келген әулетімен танысу барысында жасы үлкен, сол әулетке сіңіп, ежелден сол әулеттің бір мүшесіне айналған апа-әжелерден осындай сый-сияпат алуды мәртебе көреді. Жас келінге абыз аналардың берген батасы, ырым мен жоралғысы деп есептелетін болған бұндай сыйлық.


Жас келін болашақ ана, осындай аналардың жолын қуып, алтын құрсақты, ұлағатты, саналы ұрпақ тәрбиелеген, кемеңгер, елге сыйлы ана болуды армандайды. Сондай аналардың қолынан теберік етіп алынған сыйлық көзге ыстық, көңілге жақын болады. Бір жағынан, тезірек балалы болсын деген ниетпен де беріледі.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Қазірде мұндай дәстүрдің атауы өзгерген шығар, бірақ жақында енемнің үйге қонақ шақырып, осы дәстүрді дәріптегені жүрегіме бір жылылық ұялатты.

Ағайындарымыздың үйіне келін түсіп, есік көрсету мақсатында жас келінді қонаққа шақырған болатынбыз. Абысыным келінін ертіп үйге келді. Өзара сый-сияпаты да бар. Сонымен қонағымызды күтіп, көңілді отырыс болған соң, оларды шығарып салар сәт жақындағанда енем орнынан тұрып, күміс сырға-жүзікті жас келіннің қолына ұстатты.

Бұл қазақтың керемет дәстүрі. Жас келін ағайын-туыспен жақынырақ танысу мақсатында үй көрсетіп, есік көрсетіп қонаққа шақырған үй осындай ырымдарды, қазақтың дәстүрлерін ұмыт қалдырмағаны жөн екен. Өйткені, сыйлық адамдардың сыйластығын арттырады, бір-біріне жақындата түседі.

Хадистердің бірнешеуін мысалға алар болсақ: «Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады»; «Сыйлық берісіңіздер, бір-бірлеріңізді жақсы көріңіздер»; «Жейтін нəрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады» деген секілді сөздермен сыйлықтың маңыздылығы, құндылығы жөнінде айтылады.

Г.ЖҰМАДІЛДЕВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сәбидің аузынан "су аға берсе", нағашысы ырымын жасауы керек

Есік көрген ҚЫЗҒА ЕКІНШІ рет ҰЗАТУ тойын жасамайды