​Қай ҚОНАҚТЫ сыйлықсыз ҚАЙТАРУҒА болмайтынын білесіз бе?

0
8 694

Егер ҚОНАҚ РИЗА болса, ҚҰТ сол үйге ҚОНАҚТАЙДЫ


​Қай ҚОНАҚТЫ сыйлықсыз ҚАЙТАРУҒА болмайтынын білесіз бе?

фото: sunhome.ru

Жаңадан киім сатып алсам дереу затбелгісін жұлып алып, жаңа ыдыстың қорабын қоқысқа тастайтын жаман әдетім бар. Пайдалансам да, пайдаланбайтын болсам да сатып алынған күйде сақтауды еш әдетке айналдырмадым.

"Түйіншегің түюлі тұрсын. Сандығыңның түбіне сүлгі, мата, орамал салып жүр. Нәрестелердің киімінен де 3-4 данасын тастап қой. Қажет болады. Арнайы шақыратын қонағың бар. Тосыннан келетіні бар. Мұны есікті үй деп қойыпты", деп әжем ылғи айтып отырушы еді.

Міне, осы ақыл құлағыма кірсе де, санамда сақталмады, әдетіме айналмады.


Мұны айтудағы басты мақсатым өзім құралпы құрдастарымның есінде жүрсін деген ой ғана. Өйткені үйге кіретін құт қонақпен бірге келеді екен. Егер қонақ риза болып кетсе, құт сол үйге қонақтайды деген сенім бар. Ал қазақ халқы үйіне келген мына қонақтарды сыйсыз қайтармаған. Сыйлық ұсынудың өзінде терең мән мен мағына жатыр. Осы орайда әжемнің ақылқалтасына сүңгіп, қажетті дүниелерді сіздермен бөліскім келеді.


Әжемнің айтуына қарағанда босағаңыздан аттаған мына ҮШ кісіні құрқол қайтармай, дәрежесіне сай сыйлық беруіңіз керек екен. Олар:


ҚАРИЯ КІСІ


фото: infourok.ru

Иә, иә. Айтатын өсиеті бар, көрсетер өнегесі мол, беретін батасы бар қарияларға міндетті түрде сый көрсетіп, қошеметтеуіміз керек. Есігімізден енгеннен бастап-ақ, қалың көрпе төсеп, жастық ұсынып, жылы-жұмсақ тамақ жасауымыз керек. Барлық құнарлы, пайдалы асты алдына тосып, қазыналарымыздан бата, тілек алуымыз керек.


Төрімізден орын алған қариялар ұрпақ болашағы үшін мәнді-мағыналы әңгімелер айтып, шежірені ақтарып, жанында отырғандарды талай дүниемен қамтиды. Ет жеп, қымыз бен қымыранға тойып, сорпаны сімірген соң екі дүниенің жақсылығын тілеп, ұрпағымызбен ұзақ жасауымызға тілектестігін білдіреді. Отбасымызға Алладан амандық-саулық сұрап, балаларымыз бақытты болсын деп ақ батасын береді.


Міне, бар жақсыны тілеп отырған қарияға сәулетіне сай шапан жауып немесе басына ақ орамал тастау керек. Қария дегенде тек ақсақалды меңзеп отырған жоқпын. Көпті көрген, кез келгенге өнеге болатын әжелерімізді де айтып отырмын.


НӘРЕСТЕ


фото: youngparents.com.sg

Жаңадан дүние есігін ашқан нәресте анасынан қалмай сіздің шаңырағыңызға қонақтардың санын толтырып келеді. Анасының құшағы мен бесігін ғана білетін оларға да сыйлық берсеңіз, кеміп қалмайсыз. Баланы қуантқанды Жаратушының өзі қуантады емес пе? Балаға берген сыйлық өзіңізге еселеп қайтады. Алла босағаңызға береке, шаңырағыңызға құт дарытады. Ырысыңыз молайып, қуанышқа кенелесіз. Бір сәтке болса да бесігіңіз тербеледі, ананың әлдиі шырқалады. Мұның өзі білгенге тамаша шаттық болмақ.


Ал есі кіріп қалған балаға кішкентай болса да ойыншық ұсыныңыз. Ойын баласы қолындағы жаңа затқа мәз болып, сізді ұзақ уақытқа дейін ұмытпайды.


ЖАС КЕЛІН


фото: syrboyi.kz

Бауырыңыздың, қайныңыздың немесе туысыңыздың таңдап алған жарын үй көрсетуге шақыру кез келген қазақ келіндеріне тән дүние. Үйді көрсін, жақыннан аралассын, той-томалақта қызметте болсын деген ниетпен жаңадан түскен келінді шаңыраққа шақырып, шай беру қазақтың дәстүрінде бар. Демек, отбасыңызға жаңадан келіп қосылған, сіздің сапыңызды толықтырған келінді де құр қол қайтаруға болмайды. Оған да шамаңызға қарай көйлек, халат немесе орамал секілді сыйлық ұсынсаңыз болады. Тіпті, ыдыс-аяқтың өзі де керемет сый болмақ.


Сізбен, сіздің отбасыңызбен жақыннан танысқан келін де өзін бөтенсітпей, сіздерге жақындайды.


Міне, осы аталған қонақтарға сый ұсыну арқылы көрегенділігіңізді, тектілігіңізді байқатасыз. Жалпы, дастархан жайып, қонақ шақыру – жақсы келіннің жақсы қасиеті болмақ. Жақсы келіннің үйінен қонақ үзілмейді. Құт қонақтап, береке дариды деген ескілерлің сөзі бар.


Біздің бар байлығымыз АТА-АНАМЫЗДЫҢ амандығында, БАЛАМЫЗДЫҢ саулығында және ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ бүтін болуында екенін ұмытпайық. Барымызды бағалайық.


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: