​«ҚАЛҒАН ҒҰМЫРЫН БАЛА-ШАҒАСЫНА БЕРСІН» деп айтуға БОЛМАЙДЫ

0
300 230

Көңіл айтуға барғанда қандай жұбату сөз айтасыз?


​«ҚАЛҒАН ҒҰМЫРЫН БАЛА-ШАҒАСЫНА БЕРСІН» деп айтуға БОЛМАЙДЫ

фото: egemen.kz

Көңіл айту - азалы адамды жұбатуға арналған салт. Бірақ салттан аттамаймыз деп, бұзып алып жатқан тұстарымыз да бар. Көңіл айтуды білмейтін жастар да жоқ емес. Бүгінгі мақаламызда қайғырып отырған жанға қалай көңіл айту керектігін, нені айтып, нені айтпау керектігін жазатын боламыз.

Сыныптасым Олжастың ағасының қайтқанына да қырық күндей болып қалыпты. Қайтыс болған кезде бәріміз қалада оқуда болдық та, Олжасқа көңіл айта алмадық. Біздер ауылда жиналамыз деп жүргенде ол қалаға кетіп қалыпты. Енді ағасының қырық күндік асына барамыз деп ұйымдасып жүрдік.

Көрші тұратын сыныптасым Әсел де төркіндеп келген екен. Оны да ерте шығайын деп үйіне барып, мән-жайды айттым. Ол бесіктегі баласын әжесіне табыстап "қарай тұрыңыз, мен сыныптастарымнан қалмай, Олжастың үйіне кіріп Құран оқып шығайық" дегені сол еді, әжесі ашуға булығып: «Жап-жас болып көңіл айтқаны несі? Өлімге жастар көп барып жүргендіктен жастардың өлімі көбейіп кетті. Азалы үйге үлкендер барады. Үйдің үлкендері барып, көңіл айтып, Құран оқып қайтты ғой. Жараның аузын тырнап, есіне сала бергендерің жақсы ма?", - деп ұрсып тастады.

Оқи отырыңыз:

ҰЛ сүйгіңіз келсе, ШҮМЕК ұрлаңыз


Әжесінің тәйт дегеніне қарамай Әсел асыға басып, жаныма келді. Ыңғайсызданып тұрсам да қатарласып жүріп барамыз. Бірақ әженің айтқандары ойымнан шықпай-ақ қойды.

фото: wholenesshealing.com

Қойшы, сонымен біріне қоңырау шалып, біріне ысқырып жүріп әрең жиналып, азалы үйге де кірдік. Қыздар басқа бөлмеге, ұлдар басқа бөлмеге бөліндік. Бізді танып жатқан жан жоқ. Олардың ешқайсысы ауылдың әйелдері емес, туған-туыс, құда-жекжат болуы керек. Біраз уақыт отырған соң ауыз бөлмеде отырған анасымен көрісіп, жанына отырдық. Қайғырып, жылап отыр. Баласының айтқан сөздерін, атқарған істерін, армандарын айтып... ана жүрегі қарс айырылып отыр. Шетте отырған келіншегі де жылай-жылай қалжырап қалғаны көрініп тұр. Бірден аузымызға сөз түсе қойсашы. Не деп жұбатарымызды білмей дал болдық. Қайғырмаңыз, жыламаңыз дегенімізбен қайғырмай қоймайды, жылауын тоқтатпайды. Олай айтсақ жұбату емес, мазақ еткендей боламыз ба? Өз ойыммен өзім арпалысып отырғанда Әсел: «Әпке, ағаның иманы саламат болсын. Артының қайырын берсін. Жас кетті. Амал нешік. Аллаға керек екен. Алла жанына жақсы пенделерін алады дейді ғой. Көп езіле бермеңіз. Мықты болыңыз. Жеңгейге де оңай емес. Қалған ғұмырын балаларына берсін» деп тоқтамай сөйлей жөнелді. Біз де «Иманды болсын», «Алланың шапағатына бөленсін» деп күбірлеп қойдық.


Ал анасы басын изеп, жасын сүртіп «әумин, әумин» деп отырды. Төрде отырған егде жастағы әже құран оқыды. Сосын келгенімізге рахмет айтты.


Бір кезде Олжастың кіші жеңгесі келіп, төргі бөлмедегі дастарқанға шақырды. Дәм ауыз тиіңдер сауап болады деп үлкендер де қолқа салды. Үшеуміз бір-біріміздің соңымыздан тізіліп, төргі бөлмеге кірдік. Бұл дастарқанның басында да үлкен апа-әпкелер отыр екен. Біреуі біздің жүріс-тұрысымызды бақылап отырған болу керек. Ә дегеннен-ақ біздің кім екенімізді, қайдан келгенімізді сұрақтай бастады. Бұған да тақылдап Әсел жауап берді.


Бір кезде әжей әңгімесін бастады:


«Мұндай азалы жерге бірінші рет келіп тұрсыңдар-ау деймін. Жас болған соң білмейсіңдер. Бұл сендердің кемшіліктерің емес. Ол біздің, яғни, үлкендердің қателігі. Үйдің үлкендері балаларына жас деп қарамау керек. Қай жерге қалай баруды, кімге қалай сөйлеуді, барған жерге не айтуды үйрету керек. Азалы үйге барғанда қандай сөздерді айтып жұбату керектігін, қуанышқа барғанда қандай сөздермен тілек айту керектігін ұқтыруымыз керек. Жаңа сендер есіктен кірген бойда тіп-тіке басқа бөлмеге кірдіңдер. Негізінде азалы үйге барған соң әйелдер отырған бөлмеге кіріп, отырғандардың бәрін құшақтап, арқасынан қағып, қолын қысып көрісу керек. Сосын Құран бағышталады. Құраннан соң қайтқан кісі туралы жақсы сөздер айтып, жақындарын жұбату керек. Міне сонан соң барып, үлкендердің айтуымен дастарқан жайылған бөлмеге келесіңдер», деді.


"Тағы үлкен кемшіліктерің - не айту керектігін білмейсіңдер" деп Әселге қарады.


«Қызым, жаңағы сөзіңді енді қайтып айтушы болма. Өлген адамның өмірі қалған жоқ. Ол өз өмірін таусылғанша сүріп кетті. Талқаны таусылған соң о дүниеге аттанды. «Қалған ғұмырын перзенттеріне берсін» деген сөз өте ауыр әрі қате. Оның орнына «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, өлгенге қайтып келмек жоқ», «Ат тұяғын тай басар», «Арты қайырлы болсын, қалғанына өмір берсін», «Алла сіздерге сабыр берсін», «Өмірден өткен жан иманды болсын, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын», «Амал дәптері оң жағынан ашылсын, Алла алдынан жарылқасын» деген сөздермен жұбату айтыңдар. Тіпті, жұбату сөз өмірден қайтқан қарияларға, орта жастағыларға, нәрестелерге бөлек-бөлек айтылады. Сауаттарың бар ғой. Оқып алыңдар. Ертең бір әулеттің келіні боласыңдар. Білгендерің өздеріңе жақсы. Айту біздің парызымыз» деді.


Өзіміз қысылып әрең отырғанда бұл апаның сөзі жығылғанға жұдырық болды. Дәм ауыз тидік те, сыртқа шықтық. Жол бойы Әселдің әжесінің айтқандарын, Олжастың үйіндегі апаның айтқандарын санаммен саралап келдім. Шынында да аузымыздан шығатын сөздерге өте абай болайық. Қай жерде қалай сөйлеу керектігін біле жүрейік. Сіз де, қадірлі оқырман, біздің қателігімізді қайталаудан сақ болыңыз.


Асыл АРМАН,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


Үйіңіздегі САНДЫҚТА сіз білмейтін СЫР бар


Құран бағыштағанда марқұмның әкесінің атын қоса айтыңыз