"ҚАРЫН ШАШЫ алынбаған ​СӘБИДІҢ ҚАРҒЫСЫ жібермейді"

0
16 359

Сәбиге мына ТӨРТ түрлі ЫРЫМДЫ міндетті түрде жасаңыз


фото: ru.vividscreen.info

«Ырым мен тыйымға соқыр сенім деп қарайтын қазақтың бірімін. Бірақ менің анам өте ырымшыл жан. Біздерге жасаған ырымдары еміс-еміс есімде. Ал қазір немерелерін дүниеге келе салысымен-ақ ырым-жырымдарын бастайды. Бұл кей келіндеріне ұнамай жататыны байқалады. Бірақ жасаған әрекетінің оң нәтиже беріп жүргенін көріп келемін», деді Сапар ағай.


Бұл кісі әкемнің әскердегі досы. Ата-анамызбен қалың қарым-қатынаста. Құда боламыз деген серттері де бар еді. Бірақ Алланың бұйрығына қарсы келер пенде бар ма?! Екеуінде де тек ұлдар. Сөз арасында немерелеріміздің басын қосамыз деп айтып қалады. Қандай жиын жасасақ та әкем бірінші болып Сапар ағаға хабар береді. Аға да еш қарсылықсыз төрімізден табылады. Сондай басқосудың бірінде аға өте керемет әңгіменің ұшын шығарды. Мұны әсіресе бүгінгі жас ата-аналар білуі тиіс деген оймен қағаз бетіне түсірдім. Журналистер жаратып жатса жарыққа шығарар, шықпаса жанымдағылар арқылы жалпақ жұртқа жеткізермін.


Ағаның айтуы бойынша жаңадан дүниеге келген СӘБИГЕ мынадай ЫРЫМДАРДЫ жасау керек екен.


ҚАРЫН ШАШТЫ АЛУ

фото: infourok.ru

Жарық дүние есігін ашқан сәбиді қырық күн күтіп, баптайтын қазақпыз. Тіпті, кей отбасылар қырық күн бойы сәби мен анасын ешкімше көрсетпей, бір бөлмеден шығармайтын көрінеді. Ал қырқынан шығаратын кезде ұлды қырық күнге жеткізбей, ал қыз баланы қырық күннен асырады. Мұның да өзіндік құпиясы бар. Ұлды қырық күнге жеткізбеуі қалың малды аз береміз, ал қызды қырық күннен асыруы қалың малының көп болуы деп ырымдайды әжелеріміз. Мұны бәрі де біледі. Белгіленген күн келген кезде ауыл-аймақтың әжелері мен апалары жиналып, сәбиді қырқынан шығарады. Сол кезде тырнағын, шашын алады. Міне, шашты алатын кезде көпті көрген әжелеріміз өте мұқият болады. Өйткені қарын шашынан бір тал қалса, сәбидің қарғысы жібермейді екен. Аузынан шыққан әрбір наласын Алла қабыл етеді дейді. Сондықтан да сәбидің қарын шашын тазалап алу керек.


ҚОЙҒА ОТЫРҒЫЗУ

фото: m.alibaba.com

Естіген құлаққа ерсі әрі күлкілі. Бірақ сәбиіңіздің тісі күріштей әппақ, майда әрі тегіс болуын қаласаңыз, еш ойланбай сәбиді қойдың үстіне бір отырғызып алыңыз. Әрине, жаңадан туылған сәбидің отыра алмайтыны анық. Бастысы, ырымын жасап аласыз. Бірақ қойды да дұрыс таңдау маңызды. Отырғызатын қойдың тісін тексеріп алуды ұмытпаңыз.


ҚАЛДЫҚ ШАЙ ІШКІЗУ

фото: sjcyouth.com


Анам үнемі әрқайсысымыздан қалған кеседегі қалдық шайды бір кесеге жинап отырады. Сөйтеді де салқындаған кезде үстел жағалап жүрген немересіне ішкізеді. Сондағысы тілің тез шықсын деп ырымдайды екен.

Ал қой сойылған кезде немесе жиын кезінде немересін жанына шақырып алып қойдың тілін жегізеді. Бұл да баланың тілінің тез әрі түсінікті болып шығуына септігін тигізеді екен.


АУЗЫНА ТҮКІРТУ

Әділдікті ту еткен, іскер, еңбекқор кісілерге ырымдап немерелерінің аузына түкіртетін. Таңдаған адамын ыңғайын тауып үйге қонаққа шақырады. Дастархан жазып, тамақ асады. Баласының аузына түкіртіп, батасын алатын. Келген қонаққа арнайы сыйын ұсынып, ризашылығын алып шығарып салады.

Егер аузына түкіріп беріңіз деп айту түгілі, төбесін көрсетуге қаймығатын қайынағалары болса, отырған орындарына аунатып алатын. Бұрынғы келіндер қайынағалары тұрмақ, қайныларының көзіне тіке қарамаған ғой. Біздің шешелеріміз үшін қайынағаның айтқаны заң болатын. Ал бүгінде келіндеріміз қайын аға, қайын іні тұрмақ, қайын аталарымен бірге отырып, теледидардан сериал қарайды, интернеттегі жаңалықтарды талқылайды.


Міне, осы ырымдардың бәрін анам біздің ұл-қыздарымызға жасаған. Әсіресе, қойға отырғызу, аузына түкірту, қалдық шай ішкізу дегенді естігенде келіндері түгілі біздер де жиырылып қалатын едік. Аллаға сансыз шүкір, соның оң нәтижесін көріп келемін, деді Сапар аға.


Әрине, бұл ырымдар әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ, ырымның шығу түбі де тегін болмайтынын ескерсек, әсіресе, сәбидің қарын шашын алу туралы айтқаны маған әжептеуір ой салды...


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: