​Қазақ халқы ЖҮКТІ КЕЛІНГЕ қандай ТОЙ жасайды?

0
6 431

Сіз қалай ойлайсыз, қадірменді оқырман! Осындай той бізге керек пе?


​Қазақ халқы ЖҮКТІ КЕЛІНГЕ қандай ТОЙ жасайды?

фото: twitter.com

Қазақ халқы тойшыл, думаншыл халық қой шіркін. "Шаншар" әзіл-сықақ театрының әртісі Жүсіп Ақшора дүйім жұртқа «TalkLeik» бағдарламасы арқылы тойдың санын қысқарту керек деп дабыл қағып жатқанда мұндағы апамыз тағы бір тойдың ұшын шығарды. Бұл маған қызық, мүмкін сіздерге де қызық болар деген оймен ортаға салып отырмын.


Күні кеше Батыс Қазақстанда тұратын жиен әпкеміз шақыру хат жіберіпті. Шақыру хатты қолына ұстаған анам:


«Мынадай шақыру хатты бұрын-соңды көрмеппін. Ұзатылатын қызы жоқ, ұлын үйлендіріп қойған. Сүндет тойға әлі ертелеу меніңше» деп таңданып отырды.


Әкем анамның таңдай қағып отырған түрін жақтырмады ма, құмалақ ашпай ішін ашып оқу керектігін айтты. Шақыру хатты ашқан анам мырс етіп күліп жіберді де артынан «О, тоба, естімеген елде көп. Сонда қалай болады екен? Ұят-ай мына тойға не деп барамыз?» деп бетін басып бізді одан сайын қызықтырып қойды. Анамның жұмбақ күйіне шыдамаған әкем шақыру хатты қолынан жұлып алып өзі оқуға кірісті. Сол сәтте-ақ «Еріккендер-ай» деп қағазды үстел үстіне тастай салды. Мен де сол сәтті күтіп тұрғандай шақыру хатты қолыма алдым. Сөйтсек, жиен әпкеміз жүкті келініне "Құрсақ шашу" той жасап жатыр екен. Менің ата-анамды таңғалдырып тұрған шақыру хаттың мәні енді түсінікті болды.

фото: ru.ilinaponomareva.ru

Осы кезде Шаншар" әзіл-сықақ театрының әртісі Жүсіп Ақшора ағаның:


- Қазаққа тойды тоқтату керек. Жартысынан көбісін алып тастау қажет. Үйлену тойды, қыз ұзату тойын қалдыру керек, болды! Қалғанының керегі жоқ. Сүндет той, бесік той деген мал сойылып, туғандарының ғана өз ортасында жасалатын дүние ғой. Оған алашапқын болып, үлкен той жасап, далақтаудың қажеті жоқ" деген сөздері еріксіз есіме оралды.


Иә, қазақ салтында жүкті келіншекке жасалатын тойлар жоқ емес. Бірақ оны дабыра етіп ел-жұрттың бәрін жинап той берілмейтін болар. Жалпы жүкті келінге қандай тойлар жасалатыны және қандай мақсатта жасалатыны мені қызықтырды. Қызығушылығым ғаламтор айдынынан бірақ шығарды. Жалпы қазақта жүкті келінге той жасалған. Оқығанымды, білгенімді, естігенімді сіздерге де аз сөзбен түсіндіріп өтейін. Жүкті келінге ҚҰРСАҚ ШАШУ және ЖАРЫСҚАЗАН сынды жиындар өткізіледі екен.


ҚҰРСАҚ ШАШУ – ұзақ уақыт құрсақ көтермей жүрген келіннің қуанышына жасалатын дәстүр. Бұл жиынды келіннің енесі жасайды. Ол отбасының ең жақын деген туыстарын, көршілерін, ағайындарын жинап, мол дастархан жаяды. Жиынға келген қонақтар жүкті келінге ақылын айтып, жүктіліктің жеңіл өтуі үшін не істеу керек, бала көтерген ананы неден тию керек, қандай қадамдардан сақтану керек деген секілді кеңестер беріледі. Дастархан басында көпті көрген әжелер ақ батасын беріп, бөбегін аман-есен бауырына басуына тілектестігін айтады.


Құрсақ көтеру кез келген қазақ отбасысының қуанышы. Оны отбасының ең жақын жандарымен бөлісу керек. Тойға шақырылған қонақтар да өз жөнімен келеді екен. Олар аяғы ауыр келіннің жерік асы осы болар деп болжап, түрлі тағамдар әкеледі. Сол тағамдар арқылы болашақ ана өзінің жерік асын табады деп сенеді.

фото: www.talkypic.com


Ал екінші тойымыз – «ЖАРЫСҚАЗАН» деп аталады. Бұл туралы да әркім өз ойын білдіріпті. Ал этнограф Бибизия Қалшабаева stan.kz сайтына былай деген екен.


«Жарысқазан дегеніміз – аяғы ауыр келіншектің толғағы басталған кезеңде жасалынатын әдет-ғұрып, салт-дәстүр. Толғақ басталғаннан бастап енесі көрші-көлем, жақын-жуық әйелдерді шақырып, толғағы тез болып, бала ертерек туылсын деген ырыммен жарысқазан береді. Яғни қазанға ет салып, жиюлы жүкті шешіп, көрпе-төсектің бәрін жазып, осы тәрізді ырымдар жасаған. Ол келіннің тезірек босануын тілеумен байланысты ғұрып».


Сайып келгенде екі жиын да жүктіліктің жақсы өтуіне, құрсағында бала көтеріп жүрген ананың көңілін көтеру мақсатында, оның шат қимыл, асығыс қадам, ерсі әрекет жасамай, өзін күтіп-баптауын үйрететін ақыл-жиын десек те болады. Бірақ алыс туысқандардың басын қосып, дүбірлетіп жасайтындай той емес екен деп ұқтым.


Сіз қалай ойлайсыз, қадірменді оқырман! Осындай той бізге керек пе?


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: