КИІМДІ біреуге БЕРГЕНДЕ түймесін ҚИЫП АЛУ керек пе?

0
24 266

Не үшін бұлай жасалады?


КИІМДІ біреуге БЕРГЕНДЕ түймесін ҚИЫП АЛУ керек пе?

Тозбаған киімді тастауға болмайды. Қазақ халқында тозбаған киімді тастау - жаман ырым. Егер оны адам кигісі келмесе, біреуге сыйлау керек.


Әрбір үйде «киілмейтін киім» болады. Яғни өзіңізге немесе балаларыңызға сыймай қалған киімдерді біреуге беретініңіз де сөзсіз.

Бірақ өзіңіз кимейтін киіміңізді туысыңызға немесе құрбы, сіңліңізге, қажетсінген, мұқтаж адамға беретін кезде сіз ештеңені естен шығарып алып жүрген жоқсыз ба?

Мәселен, менің өзім тозығы жетпеген, киюге жарамды киімдердің барлығын ауылдағы ағайындарыма беріп жіберетін кезде оның ешқайсысының да түймесін кесіп алмайды екенмін. Керісінше, «түймесі жоқ, мұны қайтіп киеміз?» демесінші деген оймен, түсіп қалған түймелері болса қадап, жыртығы болса жамап дегендей, бүтін киімді ғана беремін. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқиға есіме түсіп отыр...

«Садақаға берілетін киімнің түймесін қиып беру керек» дегенді естігенде аздап таңырқадым. Мұны қоғамдық көлікте кетіп бара жатқанда бір әйелдің телефондағы әңгімесінен естіген болатынмын. Еріксіз құлақ түреді екенсің. Арғы жағындағы әйел қызы ма, сіңлісі әлде құрбысы ма білмеймін, бірақ «Бота, сол сөмкеге салып қойған киімдеріңді шығар да, барлығының түймесін кесіп ал. Содан кейін ғана тарата берсең болады. Өйткені ырымы сондай» деді. «Неліктен екен?» деп себебін білуге асыққаныммен, өзінен тікелей сұрауға ыңғайсыздандым. Оның үстіне ол әйел телефондағы әңгімесін аяқтамады, мен аялдамадан түсіп қалдым.

Осы тақырып мені қызықтырғандықтан, қазақтың салтын, ырым-тыйымдарын жақсы біледі деген апалардан да сұрастырдым, әлеуметтік желіден де іздедім. Мардымды жауап жоқ.

Уақытпен ілесіп менің де есімнен шыға бастағанда енемнің де айтқан сөздері өткен шақты жаңғыртып көз алдыма әкелгендей болды.

Қонаққа келген енеме «Ауылдағы немерелеріңіз киіп тастасын, қоқысқа тастауға обалсынам, бөтенге беруге қимаймын. Оның үстіне бөтен адам не ойлайтынын кім білсін?! Үйге киіп тоздырып тастасын» деп беріп жатқанымда енем де сол сөзді қайталады.

«Кімге берсең де киілген киім болғандықтан, киімнің түймесін қиып алып қал. Басқа нәрсеге қолданарсың, болмаса жинап қоя бер түймені, артықтық етпейді. Ал біз басқа түйме қадап аламыз, содан кейін барып ол киімді кисең өзіңдікі болып саналады. Яғни киімнің алдыңғы иесінің «күшін» алмайды. Сен де сол жинаған түймелеріңді «осындай киімдерге» қадап пайдалансаң болады» деген болатын.

Ежелгі таным бойынша адам мен оның заттары арасында ерекше энергетикалық байланыс бар деп саналады. Сондықтан ескі киімнің бұрынғы иесінен қалған жақсы-жаман энергия екі адамның арасындағы байланысты «үзуі» үшін түймесін үзіп алатын ырым қалыптасқан екен.

Әрине үйдегі «ескі-құсқысын» таратып беріп, «Жолым ашылсын, ескінің орнын жаңа алмастырсын» деп ырымдап жататындар да көптеп кездеседі. Бірақ адамдар киген киімін бұрындары кім көрінгенге бере бермеген. Көбіне жақын адамдарына берген, өйткені ол туысқанына жамандық ойламайды деп санаған. Сол секілді тек қайтыс болған адамның киімін ғана таратқан.

Бұл енді қазақтың сеніміндегі, ұстанымындағы дүние болғандықтан, қазірдің өзінде де қайтыс болған адамның киімін жасы үлкен болса «Сол кісінің жасын берсін!» деп ырымдайды. Көбінесе өзінің бала-шағасы кигенімен, бөтен адамға жаңа киімді теберік деп ұсынып жатады.


Қазақтың бұл ырымы қай кезден бері жалғасып келе жатқанын білмеймін, бірақ киімді садақаға тарататын кезде түймесін қиып алып қалуды әдетіме айналдыра бастадым.

Енемнің айтқан сөзінде жан бар шығар, содан бері балаларым әлжуаздығынан, көңілсіздіктен арыла бастаған секілді.


Мүмкін жай ғана сәйкестік те шығар, дегенмен мен өзім осы ырымның, сенімнің күші деп білемін. Сондықтан, ырым-тыйымдарды да аналарымыз, әжелеріміз текке қолданбаса керек-ті.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


«БЕС КИІМ» деген САЛТ қайдан пайда болған?


СЫПЫРАсы жоқ үйде ЫРЫС та болмайды