«Көгентүп» салтын ұмытпадыңыз ба?

0
10 841

Мәселен, алыстан бір ағайыныңыз бала-шағасымен амандасуға шаңырағыңызға келсе, малыңызды сойып, етіңізді асып, қонақ етесіз. Сөйтіп шығарып салатын кезде кішкентай балаларына сый ретінде шамаңызға қарай қой, қозы, бұзау, құлын не тайлақ жетектетесіз. Бұл сыйлыққа бала ерекше шаттанып қуанса, ал ата-анасы өздеріне деген құрметті сезінеді.


«Көгентүп» салтын ұмытпадыңыз ба?

Жақында Шымкентке ұзатылған қызым еншісін алып, үйіне қонаққа шақырды. Жай ғана дастарқан жайып жатқанын, шала бүлініп үлкен сөмке көтеріп келмеуімді ескертті. Там тойды келесі жылға сүндет тоймен қосып жасайтынын да айтып өтті. Содан әкесі бар, бауырлары бар ақылдасып, көрімдігімізді ақшалай беруді жөн көрдік.

Айтылған күні ұлдарым мен келіндерімді, қыздарым мен күйеубалаларымды ертіп қызымыздың үйіне келдік. Құдаларымыз асты-үстімізге түсіп, бәйек болып жүр. Қызым абысындарымен егіз қозыдай жүгіріп қонақтарды күтіп жатыр. Дастарқанды әдеттегідей жайнатып қойған. Салат пен тәттілердің түр-түрі бар. Көптен бері мұндай басқосу болмады білем, құдағилармен әңгімеміз таусылар емес. Тамақ та желінді, Құран оқылып, тілек те айтылды. Бірақ қайтуға жиналып жатқан бір адамды байқамадым. Көршілері де, ағайындары да татулығы жарасқан керемет жандар екен. Бір-біріне кәдімгідей жанашырлық танытып, ер кісілері шала біткен қорғанды асарлатып жексенбі күні бітірейік десе, ал келіншектері ыдыс-аяғын жуысып, абысындары ауласын тазалап әлек. Мұндай ауызбіршілікті көріп әкесі екеуміз қуанып қалдық.

Әдемі әңгіме, сырлы сұқбаттар уақытты қалай ұрлағанын байқамай қалыппыз. Бір кезде қонақтар қайтуға дайындалдық. Сол кезде қызым жүгіріп төргі бөлмеге кірді де, бір дорбаны көтеріп қайта шықты. «Қуыс үйден құр шықпаңыз» деп бәрімізге сыйлық үлестіріп жатыр. Көрші апалары «жаным-ау, бізді ұялтырып қойдың ғой. Керісінше сыйлықты біз саған беруіміз керек еді» деп бір-біріне қарасты. Үлкен апа-әжелерге орамал, келін-кепшікке крем, сабын, ал ер кісілерге тақия, шыт орамал секілді сыйлықтарын үлестірген қызым алғыстың астында қалды. Оны тәрбиелеп өсірген біздерге де мың алғыс деп ерекше ілтипатын білдіріп жатты. Әкесі екеуміз марқайып қалдық. Бойымызды қуаныш кернеп, перзентіміздің мақтанышты ісіне шын жүректен қуандық.

Осы кезде шетте тұрған орындыққа жайғасқан абыз ақсақал алақанын жайып бата берді де, 5-10 минут уақытымызды бөліп, кідіре тұруымызды сұрады.

– Айналайын, келінжан! Бұл жаңа аудан болғандықтан өздерің сияқты жас отбасылар үй салып, көшіп келуде. Күнде болмаса да, аптасына 2-3 рет шаңырақтарын көрсетуге үйлеріне шақырып жатыр. Осындағы көршілердің бәрі барып, дәм ауыз тиіп, кем-кетігіне көмектесіп, бітпеген шаруаларан аяқтауға асарлатады. Мұндай кезде үлкен-кіші демей атсалысады. Бірақ дәл осындай ілтипатты өзіңнің тең құрбыларыңнан байқай алмадым. Мына бір өзгелерге үлгі боларлық іс екен. Білетіндеріңіз насихаттап айтып жүріңіздер, білмейтіндеріңіз саналарыңызға сіңіріп алыңыздар. Бұл іс – көрегенділіктің, тектіліктің, тәрбиенің негізі. Білсеңіздер, бұрынғы кезде «көгентүп» деген салт болушы еді. Бүгінде ол ұмытылып барады. Бірақ мына келіннің қазіргі жасаған ісі осыған ұқсас келеді екен. Бір айырмашылығы көгентүп үлкендерге емес, балаларға беріледі. Мәселен, алыстан бір ағайыныңыз бала-шағасымен амандасуға шаңырағыңызға келсе, малыңызды сойып, етіңізді асып, қонақ етесіз. Сөйтіп шығарып салатын кезде кішкентай балаларына сый ретінде шамаңызға қарай қой, қозы, бұзау, құлын не тайлақ жетектетесіз. Бұл сыйлыққа бала ерекше шаттанып қуанса, ал ата-анасы өздеріне деген құрметті сезінеді.

Бір малмен баланың байып қалмайтыны анық. Десек те, бұл босағаңызды бірінші рет аттаған баланың болашағына үлкен үмітпен қарау. Есейгенде малды, жанды, берекесі мен несібесі мол болсын деген ниеттен туындайды. Көгентүп салты ағайындар арасындағы ауызбіршілікті, көршілердің сыйластығын, туысқандардың татулығын, ойын баласының қызығушылығын арттырады. Міне, қазақ даласында ұмыт бола бастаған бұл салттың кішігірім көрінісін қазір өздеріңізде көрдіңіздер. Қуаныштың куәсі болдыңыздар. Айналайын рахмет, босағаларыңнан бақыт, шаңырақтарыңнан шаттық кетпесін. Бесіктерің әрдайым тербеліп, ана үні бесік жырын шырқасын. Отбасыларың аман, бауырларың бүтін болсын. Әумин, – деп көпті көрген қария сөзінің соңын ақ батамен аяқтады.

Шынында да көгентүп деген салты білмейтіндеріміз арамызда көп. Десек те, арзымайтын ақшаға алынатын, бірақ көңіліңді таудай көтеретін сыйлықты беруді ескере бермейтініміз анық. Жас болса да көпшілігімізге үлгі болван қызымның ісіне аналық жүрегім елжіреп кетті.

Айналайын, ақ ботам, басыңнан бағың таймасын, дәстүрге берік ісіңді Аллам ардайым қолдасын!

Жазып алған Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ