Қыз балаға СЫРҒАНЫ НЕШЕ ЖАСТА тағу керек

0
1 470

Қыз баланың құлағын арнаулы жаста тесіп, сырға таға ма?


Қыз балаға СЫРҒАНЫ НЕШЕ ЖАСТА тағу керек

фото: pngwing.com

Қазақтың салт-дәстүрі бойынша, қыз балаға сырға тағу да аталып өтіп, кішігірім той секілді өткен. Қыз бала жеті жасқа толып, ұсақ-түйек үй шаруаларына жарай бастаған кезде құлағын тесіп, сырға тағатын болған.

ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтар мен түрікмендердің әдеп-ғұрпын, тұрмыс-салтын зерттеген неміс этнографы Рихард Карутцтың жазуынша, баланы ұзақ күткен немесе кеш босанған әйелдер нәрестесінің жасы ұзақ болсын деген ниетпен оның құлағын уақытынан бұрын тесіп қоятын болған екен.

Қазір көбінесе бір жасқа толған қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағып қойғандарды көп көреміз. Нағашылары да осы кезде жиен қыздарына арнап, алтыннан сырға сыйлайды. Бірақ, қазақтың салт-дәстүрі жаппай бұрмаланып жатқан жоқ па деген ой келеді.

Қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттаушы Зейнеп Ахметова апайымыз бұл туралы егжей-тегжейлі айтып өткен.

«Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, есіріктік пе, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздардың құлағын тесіп, алтын, тіпті гауһар тасы бар қымбат сырға салғандарды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескен. Өйткені жетіге дейін ол тұлымшағы желбіреп асыр салып ойнап, балалық дәуренді басынан өткеруі тиіс. Өкініштісі, бұл күнде осыған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сырғаны тек сәндік үшін, әдемілік үшін салады деп түсінеді. Сол себептен тым кішкентай кезінен қыздарының құлағын тестіріп, қымбат тасты сырғаны салып жатады.

Қазақ ештеңені жайдан-жай әрі негізсіз істемейтінін мен ылғи да айтып келемін. Өз басым, 2-3 жасар титімдей қыздардың құлағының тесілгенін көргенде бір түрлі жаным ашиды. Кейбіреулер бұған аса қатты мән беріп қарамайтын да шығар, бірақ менің жүрегім ауырып қалады. «Әттеген-ай, мына бала балалықтан өтуі керек еді ғой…» деп ойлаймын.

Әр нәрсенің өз жолы болады, кез келген нәрсенің өз уақытымен жасалғаны дұрыс. Қыз баланың құлағын тесуді әжелері мойнына алған. Анығы, бұл — отбасындағы әйел адамдардың, апа-жеңгелерінің бітіретін шаруасы. Қыздың құлағын тескен кезде ауылдың әйелдері, апа-жеңгелері жиналып келіп, шашуын шашып, кішігірім той-томалақ жасайды».

Халық аузында «құлақ тесу – қыздың сүндеті» деген сөз бар. Яғни, ер бала үшін сүндетке отырғызу қандай мәнге ие болса, қыздың құлағын тесіп, сырға тағу да сондай мәнді білдіреді. Ол – қыздың бой түзеп, ертеңгі келін атанатын күнге дайындық жасауды бастайтын кезеңі.

Құлақ тесу ғұрпын әулеттің апа-әжелері жасайды. Қызына «Сен енді сырғалы қыз болдың» деп ақылын айтып, үй шаруашылығына бейімдей бастайды. Кейін ол бой жетіп, теңін тапқанда сырға салынып, өзге жұрттық атанғанын көрсетеді. Бұл да – әшекейдің мән-маңызын арттыра түсетін ғұрыптардың бірі. Бұрынғының ата-анасы қалыңдық жасына жеткен қыздардың сырғаларында тұқымның, гүл жапырақшаларының, дәндердің болуына мән берген. Ондай сырғаны тағу арқылы қыз баладан өрбитін ұрпақтың көп болуын ырымдаған.

фото: kaspi.kz

Сонымен қатар ертеде қай үйдің бой жетіп отырған қызы болса, керегеге, кілемге сырға іліп қоятын болған. Бұл келген қонақтарға үйде қыз бар екенін, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмағанын білідіреді. Естеріңізде болса, «Ер Төстік» ертегісінде осы туралы айтылады.

Ерназар тоғыз ұлын бір үйдің тоғыз қызына үйлендіргісі келіп, ел арасын кезетін тұсы бар. «Бірақ Ерназар ойлағандай тоғыз қыз бір үйден табылмайды. Сөйтіп күдер үзіп келе жатса, алдынан бір ауыл көрінеді. Ауылдың ортасындағы үлкен қоңыр үйдің тұсына келіп, мейман болатындығын білдіреді. Үйге кірсе, керегенің басында сегіз сырға ілулі тұр екен, соны көрген соң, Ерназар еңкілдеп жылай бастайды. Үйдің бәйбішесі Ерназардан:

— Неге жыладың? – деп сұрайды.

— Жылаған себебім: тоғыз ұлым бар, соған тоғыз келіншек іздеп жүрген адаммын, тоғыз ұлымның бір әке-шешеден туғаны сияқты, тоғыз келінімнің де бір әке-шешеден туған болуын іздеп жүрген адаммын. Керегенің басындағы көп сырғаны көргенде, тілегіме жеттім ғой деп қуанып қалып едім, санасам, біреуі кем екен, соған жылап отырмын, — дейді Ерназар.

— Ендеше жылама, тағы біреуі бар, әне тұр, — деп бәйбіше тұсбақаннан тағы бір сырғаны алып келеді. — Кенжекейімнің сырғасы еді, мұны сегіз қызымның сырғасына араластырмаймын, ана қыздарым бір төбе, Кенжекейім бір төбе. Сондықтан Кенжекейімнің сырғасы олардікінен бөлек тұрады, — деп сырғаны қайтадан іліп қояды».

Бұл жоғарыда айтқан сөзімізді қуаттай түссе керек. Бүгінде сырға тағудың да мәні, осындай ғұрып ұмыт қалып барады.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ПЫШАҚты жақыныңа сыйлауға болмайды


«КІНДІК ШЕШЕ» деген кім, атқаратын қызметі қандай?