​ҚЫЗ туған келіншекке екі ҚОЙ сою керектігін білесіз бе?

0
20 920

Жігіттер! Келіншектеріңіз қыз туса қуаныңыз. Ұл босанбадың деп ренжімеңіздер өтініш...


​ҚЫЗ туған келіншекке екі ҚОЙ сою керектігін білесіз бе?

фото: internetrasprodaja.ru

Әлемге әдемілік сыйлайтын әйелдердің де мерекесі жақындады. Бәріміздің де санамызда анаңызға, жарыңызға «қандай сыйлық алсам екен?» деген сұрақтың тұрғаны анық. Бастысы көңіл мен ниетте. Ал өмірлеріңіздегі ең қымбат асылдарыңыз – қыздарыңызға міндетті түрде сыйлық жасаңыздар. Қызыңыз қуанса – берекеңіз артады, ырысыңыз көбейеді, несібеңіз молаяды. Табысыңыз еселеніп, жаныңыз тыныштық табады. Өйткені қызды Алланың өзі таусылмайтын қазынаға теңеген. Бір қыздағы қасиет он ұлдан да табылмайды екен. Оны нағашы атамның сөздерінен пайымдадым. Сіздерге анықтау болу үшін басымнан өткен оқиғаны айтып берейін.

фото:boz.kz

...«Жамбыл, тұршы, ары қарай шыдай алар емеспін» деген бір мезгілде тістене, бір мезгілде үзіле шыққан дауыстан ояндым. Көзімді ашсам төбемде төніп келіншегім тұр екен. Түнімен толғағы қинағаны көрініп тұр. Дереу көлігімді оталдырып, үйдегілерге ескертпей шығып кеттік.


Перзентханаға кіре салысымен бірден босанатын бөлмеге алып кетті. Санамды жаулаған сансыз сұрақтармен соғысып отырғанымда медбикенің «Қызды болдыңыз, құтты болсын! Келіншегіңіз аман-есен босанып алды» деген сөзі селт еткізді. Бұл хабарға іштей қуансам да, үйдегілердің алдында кінәлідей сезініп, қызды болғанымды қалай жеткізерімді білмедім.


Өйткені тұңғышымыз Самал дүниеге келгенде ата-анам қуана қоймап еді. Келіншегім екінші рет құрсақ көтергенде нәрестенің жынысын білу үшін анамның өзі УДЗ-ге еріп барған. Сонда болашақ сәбиіміздің де қыз екенін білген анамның мінезі өзгеріп сала берді. Келіншегім айналасындағы қатулы қабақтан, ашулы мінезден, дөрекі сөздерден именіп, 9 айды әрең өткізді. Мен де келіншегімнің көңілін жұбатуға үлкендерден ұялдым. Кейде ата-анама еріп оған дауыс көтеремін. Бәріміздің де мінезімізге төзді. Енді көзін де толық аша қоймаған сәбиімді құшақ жайып күтіп отырмаған жақындарымды ойласам ет жүрегім езіледі. Оның жазығы не? Ал келіншегімде қандай кінә бар? Алланың бергеніне шүкіршілік ететін ата-ана қайда маған?! Олардың арманы – ұл бала.


Тұңғышым дүниеге келгенде де немересіне еміренген ата-әжені көрген жоқпын. Суығын да, ыстығын да келіншегім Арай көтерді. Еш шағым айтпайтын. Енем қарайласпайды деп ренжімейтін. Оған қырық күн күтіну былай тұрсын, бөбегін шомылдыру, майлап-сылауға дейін өзінің міндетінде болды. Мұны көріп анама іштей ренжісем де, білдірмейтінмін. Қайта үйренгенің өзіңе жақсы, ертең-ақ ас болып шығасың деп келіншегімді жігерлендіріп қоямын.


Бірақ екінші қызым дүниеге келгенде жүрегім қатты дүрсілдеп, күнә іс жасағандай күй кештім. Үйдегілерге қоңырау шалуға батылым да бармады. Арайдың да, бөбегіміздің де жағдайы жақсы. Алланың мұнысына да шүкір.


Келіншегіммен хабарласып, қажеттісін сұрасам, қыз туғанына өзін кінәлайтындай ештеңені керек етпейтінін, тек балапанға жөргек пен ауыстыратын қосымша киімдер әкелуімді өтінді. Жаным ашып кетті. Үлкен абысындары секілді түрлі-түрлі тамаққа тапсырыс беру, балаға жаңа киім сатып алу деген ол үшін арман секілді.


Таңғы 10-нан өте анама қоңырау соқтым. Тұтқаны әкем көтерді. Жөткірініп алып, тұтығып тұрып, келіндерінің босанғанын әрең айттым. Бұл хабарға әкем селсоқ болды. «Кім босанды?», «Жағдайы қалай?» деп те сұрамады. Тек қана анамның мазасының жоқтығын, басы ауырып әлі де төсектен тұрмағанын айтты. Келерімде дәрі алып келуімді тапсырды.


Іштей кіжіндім, күйіп кеттім. Бірақ шарасызбын. Басым салбырап үйге келдім. Алдымнан басын орамалмен таңып алған анам қарсы алды. Үндемей өзімнің бөлмеме кіріп, Арайдың сұрағандарын пакетке салып жатқам. Соңымнан анам кіріп, ыстық тамақ дайындауға денсаулығының келіңкіремей тұрғанын, осы қаладағы туысқан қайынағамның келіншегіне өтініш жасауымды айтты.


Үндемей, келіскен кейіп танытып шығып кеттім. Жақын маңдағы дәмханадан сорпа, манты салдырып алдым. Басқа да қажетті заттар алып, перзентханаға бардым. Терезеден телмірген келіншегімнің көзіндегі мұңды көріп, аяп кеттім. Тамақ әкеліп, әуре болмай-ақ қоюымды, перзентхананың тамағын талғажау етінін айтқанда, жүрегім қарс айырылып кете жаздады.


Перзентханадан шығаратын кезде, кішкентай бөпеге этаж үйдің ыстық болатынын, ауылдағы нағашы жұртыма жіберетінін айтты. Еңбек демалысымды алып, мен де бірге кететін болдым. Үлкен қызымды да қалдырған жоқпыз.


Нағашы атам мен әжем анамның бұл шешіміне ашуланса да сыр бермеді. Бір-біріңе деген сезімдерің сөнбесін, араларыңда дәнекер болып, бақытты перзент болып өссін деген ырыммен немересіне Сезім деп есім берді. Бірден екі қой әкеліп, союға кірісті. Әкесінің бұл ісіне таңданған анам: «Екі қойды қайтесіз, базардан 1-2 келі ет әкеліп беремін. Келіннің өзі-ақ тамақ жасай береді. Бұлай шала бүлінудің қажеті қанша?», деді.


Мұны естіген атам ашуын тежей алмай, ұлды да, қызды да Алла береді. Бір тырнаққа зар болып жүрген отбасылар қаншама? Перзент болмай қаншама шаңырақ шайқалып жүргенін көріп жүрміз. Қызда кие бар, қызда құт бар. Қыз туылғанда құт пен береке босағаңнан бірге аттайды. Байқаймын, өздерің қыз туылғанға қуана қоймағансыңдар-ау шамасы. Алла қызды сүйген құлына береді әрі қызы бар үйге күнделікті береке түсіреді.

фото: massaget.kz

Бұл жайлы Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ):

«Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай (үздіксіз) келіп тұрады. Әрбір күн, әрбір түн сайын олар (сол қыздың) ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады», – деген.

Тағы бір хадисте «Кімде-кім үш қыздың әкесі болса, сондай-ақ оларға мейірімділік көрсетіп, қамқорлық жасаса, аялап өсіріп, тұрмысқа ұзатса, ол кісіге жаннатқа кіру міндет болып қалады», делінген. «Байқап отырсаңдар, ұл балаға қатысты, дәл осындай жәннат төріне тегін шығаратын хадистер келмеген. Мұның бәрі қыз бала өсіргеннің ұл балаға қарағанда Алла алдында биік бір мәртебе екендігін білдіреді», деді атам.


Ал бүгін екі қой атап отырғанымның да мәнісі тереңде. Сендер сағына күткен ұл перзент бір елдің қамын ойлайды, ал қыз екі елдің де қамын ойлайды. Бір үйдің ошағының берекесі бола алатын, келер ұрпақтың анасы атанатын, екі елдің қамын ойлап, алтын көпір болатын міне, осы қыздар, шырақтарым, деді атам.


Мына сөздер шекемнен тер шығарды. Қамыққан көңілім жай тапты. Қызды болғаным үшін айыпталған ем. Енді арқамнан жүк түсті. Керісінше көңілімді мақтаныш кернеді. Қыздарымыз аман болсын!


Жамбыл ТӨРЕХАН,

ERNUR.KZ.



Оқи отырыңыз:


Қазақтың КЕЛІНІ екі жағдайда СӘЛЕМ салмайды


Босаға аттаған қос келінді бір есіктен бірге кіргізуге болмай ма?


Садақа қандай қауіптен сақтайды

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет