​«Отқа шақыру» келінді СЫНАЙТЫН ДӘСТҮР ме?

0
1 832

"Үй көрсетуге" шақырса, ілу апару керек.


​«Отқа шақыру» келінді СЫНАЙТЫН ДӘСТҮР ме?

фото: decormaster.kz

«Отқа шақыру» немесе «Үй көрсету» деген дәстүрді қазіргі күнге дейін жалғастырып келе жатқанымызбен, оны тек міндетіміз секілді қабылдаймыз. Өйткені қазақ халқы ежелден қонақжай халықпыз. Ал үй көрсету алғаш рет табалдырық аттайын деп отырған адамдарға жасалынатын құрмет.

Қазақтың «отқа шақыру» дәстүрі негізінен жаңа түскен келінге жасалынады. Жаңа түскен келінді туыс туған, көрші көлем, ілік жекжаттар «үй көрсетуге», яғни, есік ашарға шақырады. Мұның мағынасы - келін отбасымен танысып, үйге келіп жүрсін деген сөз. Бұл үйге келін құр қол бармайды, кәде жорасымен барады. Мұны «ілу» дейді.

Бұл мәселені шақырған үйдің дәрежесіне (үлкен, кіші отбасы деген мағынада) қарай келіннің енесі шешуі керек. Мұнымен бірге келінді шақырған үйлер келіннің мінез құлқын, жүріс-тұрысын, яғни әдеп, тәртібін байқап сынап отыратыны бар. Мұны болашақ келіндер ескере жүруі керек. Өйткені аталған дәстүр әлі жалғасып келе жатыр.

Бірақ келіндер ескі әдет-ғұрыптарға мән беріп, оны терең сақтайды деп айтуға ерте. Оның барлығын үйретіп отыратын әрине бірінші кезекте енесі.


Отбасылық өмірден хабары жоқ жас келінді сынап-мінеу де қаншалықты дұрыс?

Сондай-ақ ауылға жаңа түскен жас келінді ғана емес, күйеу жігітті де қайынжұрты есік көрсетуге шақырады.

Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата-енесінің үйіне келеді. Бұл дәстүр «отқа шақыру», «үй көрсету», «есік ашар» деп аталып жүр.

Негізі ертеде келін отқа шақыруға енесі, абысындары, қайын сіңлілерімен барған. Тойдан кейін орын алатын осы шақыруда келін өзінің бойындағы барлық әдептілігін, көрегенділігін көрсетуге тырысқан. Алғаш есігін ашып отырған үйге келін «ілу» алып барады. Бұрынғы дәстүрімізде келіннің артынан келген жасауынан бір зат апаруы керек екен. Қазіргі күні ілуге сол жасаудан болмаса да жаңадан сатып алып немесе тойға түскен сыйлықтардың ішінен кілем, қымбат мата, басқа да бұйымдарды апарып жүр. Ол кәдені «отқа салар» деп атайды. Шаңырақ көрсете отырып «Бүгіннен бастап келіп жүр. Бұл да бір үйің. Мұндағы бала-шағалар жақын екенін біліп жүрсін, араласып жүрсін» дегенді алға тартады. Бұрын «отқа шақыру», «үй көрсету», «есік ашар» деп шақырылатын қонақтарға ер адамдар ермейтін. Қазір күйеу жігітпен қатар атасы да еріп барып жүргенін байқайсыз. Негізі дәстүрлердің де орнымен атқарылғаны жақсы.

Ауылда анамыз «пәлен үйге келін түсті, шақырып жіберу керек еді» деп қамданып шала бүлініп жататын. Сонда осы қазақтың дәстүрін ұмытпай, «отқа шақыру» дәстүрін жаңғыртқаны екен ғой.

Өзім келін болып бір әулеттің босағасын аттағанымда екі үй ғана шақырған болатын. Себебі біз үйленгеннен кейін ауылда бір ай уақыт қана тұрдық та кейін жұмыс бабымен қалаға келдік. Сол бір ай уақыт аралығында көрші-қолаң, ағайын-туыс үйіне шақырып үлгере алмады.

Әр жолы ауылға барғанымызда «біраз уақыт боласыңдар ма осында?» деп сұрайтын туыстарға қарап олардың да жоспары бар екенін білмеппіз. Енді қазір сол туған-туыстарды былайша танысақ та етене араласып, кірісіп кете алмаймын.

Әрине қазақтың дәстүрлерінде керемет мән-мағына жатқанын осындай кездері мойындаймын.

Дәстүрдің негізгі мақсаты - беташар рәсімі өтіп, ағайын-туыс үйлеріне тарқаған соң, тек өз отбасы мүшелерімен бірге қалатын келін күйеуінің жақын-жуықтарымен, туыстарымен танысып үлгермейтіндіктен, «тезірек ағайынмен араласып кетсін» деген ниеттен туындаған. Қонақтан кейін келін келген жеріндегі үлкен-кіші, ағайын жұртымен осылайша жақындасып, араласа бастаған. Атқарылған рәсім арқылы келін үлкен кісілерді танып-біліп, оларға тиісінше құрмет көрсетеді. Үлкендердің алдынан өтпей, әдептілік танытады, сыпайылық көрсетіп, жақсы жағымды келін екенін көрсетуге тырысып бағады.

Осылайша, жас келін қысқа мерзімде «жаңа жерге бауыр бассын, отбасына үйренсін» деп тәрбие тәсіліне де айналдырған.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Есік сыртына ТҰЗ ІЛІП ҚОЮ қандай ырым?


АҚ МАТАны сандықта сақтаудың сыры бар