​ПІТІР САДАҚАны қай кезде, кімге берген дұрыс?

0
7 636

Пітір садақасын шын мұқтаж жанға беріңіз...


​ПІТІР САДАҚАны қай кезде, кімге берген дұрыс?

Шымкент қаласы, "АҚМЕШІТ" орталық мешітінің бас имам орынбасары, Рухани тәрбие – Ихсан ілімі бағытының жетекшісі Мұхамеджан Естеміровтың бізге берген сұхбатында пітір садақа жайлы егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, дінтанушы:

Қасиетті Рамазан айында жан басына берілетін пітір садақа мөлшері еліміз бойынша 420 теңге болып белгіленді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан осылай бекітілді.


Пітір сөзі (араб тілінде) - «Жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітір садақасын «Дененің зекеті» деп атаған.

Пітір садақа – күнделікті қолданатын негізгі қажеттерінен тыс, кем дегенде, нисап мөлшерінен (85 гм алтын немесе құнына тең) байлыққа ие адамға уәжіб садақа.

Алла Тағала Құранда: «(Садақа беріп) өзін тазартқан әрі Раббысының есімін еске алып, намаз оқыған адам, сөзсіз, мұратына жетті», – деген («Ағла» сүресі, 14-15 аяттар).

Касир ибн Абдулладан, әкесінен, атасынан жеткен хадисте: «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы аят туралы сұрағанда, ол: «Бұл аят пітір садақа жайында түсірілген», – деп жауап берген.

фото: Instagram›asylarna


Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны парыз етті. «Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол зекет болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі» деді (Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).

Ханафи мәзһабында пітір садақа екі келі бидай (ұн, талқан, т.б.) не мейізбен немесе төрт келі құрма не арпамен есептеледі. Дегенмен азық-түліктің орнына пітір садақаға оның ақшалай құнын бергені абзал («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/210-211).

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаны ұнмен есептеуге пәтуа берген. Сөйтіп биылғы 2021 жылы пітір мөлшері 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері екі келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.

Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Алайда садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс. Қайтыс болған адамдар мен ана құрсағындағы бала үшін пітір садақа берілмейді.

Алла Тағала қасиетті айда берілген пітір, зекет садақаларыңызды қабыл етсін, Әмин!

Сұхбатты дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ҚОЛКЕСЕР дәстүрі қай кезде орындалады


Оразадан БОСАТЫЛҒАН адамға да САУАП жинауға болады