Руласына сәлем салса, сүйегі сырқырайды

0
3 960

"Руласына немесе аталасына сәлем салса, сүйегі сырқырайды деген рас екен ғой?! – деді Жанат құрбым. Тыңдауға құлықсыз болсам да, амал жоқ мойын бұрдым. Әңгіменің әуені ене туралы болмақ. Қайсыбір енесін үлгі тұтып мақтай қояр дейсің деп телефоныма шұқшиып отырғам...


Руласына сәлем салса, сүйегі сырқырайды

иллюстрациялық фото: qasym.kz

"Руласына немесе аталасына сәлем салса, сүйегі сырқырайды деген рас екен ғой?! – деді Жанат құрбым. Тыңдауға құлықсыз болсам да, амал жоқ мойын бұрдым. Әңгіменің әуені ене туралы болмақ. Қайсыбір енесін үлгі тұтып мақтай қояр дейсің деп телефоныма шұқшиып отырғам. Оның әңгімесі мүлде басқа, білмейтіндердің біліп жүруі керек жағдай болған соң тыңдамақ түгілі, көпшілікке жариялауды жөн көрдім.

«Мен осы үйдің босағасын аттағаннан бері енем дауасы жоқ дертке шалдықты. Барлық дәрігерге тексерілді. Олардың нұсқауымен анализ жасатып та көрді. Дәрігерден қайыр болмаған соң емшілердің үйінің табалдырығын тоздырды. Біреуі қой сойып, қанымен қандау керек десе, енді бірі үй-жайын аластап, тіл-көзден тазарту керектігін алға тартқан. Бұлардың бәрін де бұлжытпай орындадық. Бізге енеміздің сауығып кеткені керек. Емшілердің сұраған қаражатын анамыздың денсаулығы үшін садақа деп бердік.

Осыдан соң енем біраз уақыт өзін жеңіл сезініп жүрді де, арада ай өтпей қайтадан дел-сал күйге түсті. Денесі ауырлап, жүк тұрғандай сезіледі екен. Қанша тынықса да бойындағы ауыртпалықтан арыла алмай-ақ қойды. Бұл кезде үйдегі үш келін енеміздің қасынан табыламыз. Екеуі бас-аяғын уқалап, сылап-сипаса, ал мен баптап тамақ жасауға кірісемін. Осылайша енеміздің дауасы жоқ дертімен күресіп жүргенімізге бақандай бес жыл болды. Бұл уақыт аралығында әрбіріміз 2-еуден бала тауып, әулетіміздің санын көбейттік. Немере сүю бақытына ие болған енемді айналдырған ауру алыстай қоймады. Немерелерінің бал тіліне алданып, уақыт өте берді. Ал ауруы жазылудың орнына одан сайын асқына түсті. Бұған кәрілік те қосылған болу керек. Әйтеуір темірдей қатты енемнің көңілі босап барады. Кез келген сөзге ренжіп, оғаш тірлігімізге тырысады. Біз де бала тапқан соң, айналамызға басқаша қарай бастадық па, әйтеуір қиын кезде енеміздің жанынан табыла қоймаймыз. Өзімізше балаларымызға сілтеп, соларды жұмсаймыз.

Міне, осылайша уақытпен жарысып жүргенімізде келін болып түскен кезде оқушы қыз болып жүрген жалғыз қайынсіңлімізді ұзаттық. Оның үлкен енесі аузы дуалы, қолы шипалы, аты алысқа таныс белгілі емші екен. Ол құдағиын көре сала, «сенің дертіңнің дауасы өзіңде ғой. Бір ауыз сөзбен ауруыңнан айығасың» дегені. Мұны естіп бәріміз де елең еттік. Сөйтсек, енеміз бен үлкен абысынымның руы бірдей еді. Құдағиымыз соны меңзепті. Рулас, аталас ене мен келін немесе абысындар бір-біріне сәлем салуға болмайды екен. Сәлем салса, сүйегі сырқырайтын көрінеді. Керісінше бауырына тартып, қамқорлық жасауы керек екен.

-Негізінде сәлем салу – өзгенің босағасын аттаған кез келген келіннің асыл міндеті. Жас келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігінің белгісі. Сәлемді ата-енесіне, қайын ағасы мен қайын бикесіне, абысын-ажындарына салады. Келін оларды қалай құрметтейтінін сәлем салу арқылы білдіреді. Сәлем салып, кішкентай ғана иілгеннің еш қиыны да, зияны да жоқ. Керісінше «Бақытты бол», «Ұл тап», «Өркеннің өссін», «Көп жаса» деген әдемі сөздер мен ыстық ықыласқа бөленесіңдер. Бірақ руластар осы мәселеде өте сақ болғаны жөн. Егер айып болмаса, құдағи, рулас келініңізге сәлем жасатпай-ақ қойыңыз. Егер ол сізге сәлем салмаса, сіздің еш жеріңіз ауырмайды. Егер нәтиже болмаса, алдыма келіңіз. Сұрағаныңызды беремін,- деді жаңа құдағи.

Содан кейін абысыным бір міндеттен құтылса, ал енем осы уақытқа дейін арқалаған ауруынан айықты. Мұндай да болады екен-ау деп біз аң-таңбыз. Ал мұны абысыным білген екен. Жаңадан келін болып түскен кезде шет-жағасын енеме айтқан да көрінеді. Бірақ енеміз ол кезде елей қоймаған. Оның үстіне тұла бойы тұңғышының жары, ырымалды келіні. Кез келген ене келінінің сәлем салып ізеттілік танытқанын қалайды. Кейде абысындар қалжыңдасып «енемізге білдірмей сәлем салып қойсаңызшы, сонда бізбен шаруасы болмай, ауруымен алысып жүрсін» деп қоямыз. Мұны естіген енем:

-Тыныш жүріңдер, менің бауырымды бұзбаңдар. Бәрібір мендей асылды таппайсыңдар, - дейді еркелетіп...»

«Руластарына сәлем салса, сүйегі сырқырайды» деген бекер шықпаған-ау деп қалдым мен де құрбымның әңгімесінен соң. Негізі, ата-бабаларымыз білген соң соңына осындай сөздер қалдырса керек.

Ләззат Ахметова,

ERNUR. KZ