Сәбидің аузынан "су аға берсе", нағашысы ырымын жасауы керек

0
4 649

​Ол қандай ырым?


Сәбидің аузынан

фото: temperaturka.com

Жас сәбидің қаратабан болып, жерді басып жүріп кеткенінше біраз қиындықтардан өтетіні рас. Яғни, жас босанған ананың да, жаңа туған сәбидің де ағзасы жалпы басқа адамдарға қарағанда әлсіздеу болатыны рас. Сондай кездерде қорғаныс иммунитетін қалыптастырып, мықты болып өсуіне де жағдай жасау керек. Бұл кезең анаға да, балаға да оңай уақыт еместігі белгілі. Сүйегі қатайып, «қатарға қосылып кеткенше» ана мен баланың денсаулығына күтім қажет.

Жас сәбидің сілекейі тоқтамай аға берсе, «анасының жерігі қанбаған» деп жориды. Бала іште жатқанда жүкті әйелдің аңсары ауған асын тауып беріп, көңіл-күйінің жақсы болғанына мән берген. Аяғы ауыр әйелдің дүниеге дені сау бала әкелуі үшін барлық жағдайын жасаған. Бұл мықты ұрпақтың қамы үшін жасалатын әрекет.

Қазіргі күнде жүкті әйелдің жерік асын табуы қиын ба әлде ішер астың құнары төмен бе екен, жаңа туылған сәбилердің екпеге барып, ерекше күтімді қажет етіп жатады. Тұңғышын босанған жас көрші келіншек бала күтіміне байланысты кеңестерді сұрайтын еді көбінесе. Анасы алыста, ата-енесі ауылда. Олардан да керекті ақыл-кеңестерін алып тұрады ғой, бірақ көзбен көріп жүр ғой деп көбінесе маған келетін. Екеуміз көрші тұрғандықтан, бір-біріміздің үйімізге бас сұғып, шәй ішіп, әңгіме-дүкен құруға уақытымыз болмаса да осылай көмек сұрап тұратынбыз. Бала күтімінде тәжірибесі де жоқ болғандықтан, баласы әр жылаған сайын есігімді қағатын көрші келіншекке мен де қолымнан келген бар көмегімді аямайтынмын. Жауырыны жабысып қалса, майлап, уқалап жауырынын ашып беретінмін. Іші ауырып жыласа табаға қуырылған тұзды басып, жылытылған май жағып, уқалап желін шығаратынмын. Анамнан көрген ем-домдарды жасап, «сен де кейінгі балаларыңа жасайсың, көріп ал» деп үйрететін едім. Рахметін айтып, «осы баламды сіз өсіріп бердіңіз ғой» деп әлі күнге дейін айтып отырады. Есімде қалғаны сол баласының үнемі сілекейінің тоқтамайтындығына шағымданатын еді.

Қандай шара қолданамын дейтін. Шынымды айтсам, мен де оның дауасын білмедім, сондықтан ештеңе айта алмадым.

фото: pediatrinfo.ru

Бір күні ол өзі айтты «Әпке, біраз уақыт бұрын сізге айтып едім ғой, баламның сілекейі шұбырып, біраз әбігерге салғанын. Қайта-қайта жейдесін ауыстырып отыруға тура келетін еді. Жиі ауыстырып отырмасам, өңірі су болып қалған соң дереу ықылық тиіп, салқындап ауырып қалатын еді. Енді одан да құтылдым.

Өткенде үйге көптен бері келмеген төркінім келіп, қуанғаным есіңізде ме? Сол кезде сәбиіме құтты болсын айтып келіпті. Өздері алыс қалада болғандықтан, сәті енді түсіп, жиендеріне келді ғой. Сонда анам үлкен ағама «Мына баланың сілекейі көп ағады екен, осы келгенімізді пайдаланып қалайық. Енді келемін дегенше өсіп қалады бұл бала» деп ағамның аяғындағы шұлының біреуін шешіп алды да жуып-жайып қойды. Кішкене кепкен соң, баламның аузындағы сілекейін үш рет сүртіп алды.

Ертеңіне олар қайтатын болды да кешегі ырымды қайтадан жасатып алайын деп ойладым. Сонда анам «Ағаңның сол шұлығын алып қал. Өзің сүрте бересің. Ал қазір қайшы әкел» деді. Мұнымен не істейді екен деп ойланып үлгерген жоқпын, анамның сұрағанын алып келдім.

Тура сол мезетте баламның аузынан суы қатты ағып тұрған, қайшыны ағама берді де, ағама «енді сен баланың сілекейін қайшымен кес. Қайшымен кескендей сап тыйылсын!» деді. Ағам да жоқ демеді, бір жағынан күлкісі келіп отырса да, анама ешқашан қарсы шықпайтын ағам қайшымен баламның аузынан ағып тұрған сілекейді «кеседі». Содан көп өткен жоқ, бірте-бірте баламның аузынан сілекей ағуы тоқтады. Өзім де ағам қалдырып кеткен шұлықпен сүртіп отырдым.

Өзім де таң-тамаша қалғаным, бұл ырымның күші бар ма, әлде шынында да анам да, мен де осыған сендік пе екен? Қалай болса да нәтижесін көргеніме қуанамын» деді.

Шынында да сенімнің күші шығар, әлде бір тылсым құдырет бар ма екен?!

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Есік көрген ҚЫЗҒА ЕКІНШІ рет ҰЗАТУ тойын жасамайды


Ағайынмен араңыз СУЫП БАРА ЖАТСА КҮЗЕМ ШАЙҒА шақырыңыз