​СОҒЫМ кезінде МЫНА үш ДӘСТҮРДІ ұмытпаңыз

0
17 731

Соғым дайындайтындар біле жүрсін...


​СОҒЫМ кезінде МЫНА үш ДӘСТҮРДІ ұмытпаңыз

фото: twitter.com

Соғым туралы білмейтін жан жоқ шығар. Тіпті ет жемейтін өзге ұлт өкілдеріне де бұл жақсы таныс. Соғым сою дәстүрі қазақтың ажырамас бір бөлігі әрі жыл сайын жасалынатын дәстүрлі салты.


Соғым союдың пайдасы мол, тәрбиелі мәні терең. Соғым сою – ағайын-туыстың қарым-қатынасын нығайтады, абысын-ажындардың ауызбіршілігін арттырады, құда-жекжаттың сыйластығын жақсартады.

фото: bigpicture.ru

Соғым соятын үй иесі жөн-жосықты білетін болса, соғым кезінде жасалатын дәстүрден жаңылмай, артынан сөз ертпей жоралғысын жасайды.


Өздеріңізге мәлім, соғымға арналған мал бір күнде таңдалмайды. Оны 2-3 ай алдын орнынан қозғамай, жемдеп, баптайды. Сосын әулеттің үлкендерімен ақылдаса отырып, соғым күнін белгілейді.


Сонымен, соғым кезінде қандай салт жасалатынымен танысып алайық.


СОҒЫМ БАСЫ

фото: kyzylorda-news.kz

Соғым күні белгіленгенде ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран және малды соятын қасапшы жігіттер арнайы шақырылады. Соғымға арналған малға пышақ тигізбей тұрып, ауыл ақсақалы құран оқып, бата береді. Ақ бата алған жігіттер өз жұмыстарын бастайды. Бұл кезде әулеттің кіші келіндері жылы суы мен үлкен ыдыстарын дайындайды. Қасапшы жігіттердің берген ішек-қарнын тазалауға білек сыбанып кіріседі. Ал үлкен абысындар соғымның өкпе, бауыр, жүрек, етінің бір кесегін алып, қуырдақ жасайды. Міне бұл қуырдақ «Соғым басы» деп аталады.

Бұл тағамнан соғымға жиналған қауым ауыз тиіп, өздерінің ақ тілектерін айтады.


СЫБАҒА

фото: ok.ru

Қазақ халқының дархандылығын танытатын ең көркем қасиеті – сыбаға үлестіруінде. Тойға, жиынға келе алмай қалған жақынына сыбаға беру негізгі дәстүрімізге айналғандай. Сол секілді соғымға келе алмаған алыстағы ағайынға, тұрмыстағы қызға, құда-құдағиға арнайы сыбаға бөлінеді. Оны үй иесі өзге еттен бөліп алып, әркімнің өз сыбағасын жеке-жеке бөліп қояды. Егер мүмкіндігі болып жатса беріп жібереді. Немесе «Сыбағаңызды жеп кетіңіз» деп арнайы үйіне қонаққа шақырады. Міне, осы кезде сыбағаға арналған етті асып, сыйлы қонағын риза етеді.


ҚОЛКЕСЕР

фото: cayyolu.com.tr

Соғым сойған қасапшы жігіттерге берілетін сый. Сайманын сайлап келген жігіттер өз ісін тыңғылықты атқарып, үлкендердің алғысын алған соң үй иесі оларға да етінің тиісті мүшелерінен салып береді. Ақысына риза болған жігіттер де көңілді қайтады.


Соғым сою – берекеңізді арттырып, ниетіңізді жақсартады. Жаныңызға жақын жандардың жиналуына септігін тигізеді. Алла Тағала пейіліңе қарап несібең мен ризығыңды береді емес пе? Қазақтың қазаны әрдайым асулы, соғымы дайын болсын! Жейтіні жілік, көретіні той болсын!


Ал, қадірлі оқырман, сіз соғым сойған кезде қандай салттар жасалатынын білесіз бе? Ойымызды ортаға салайық...


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: