ТОЛҒАҒЫ басталған КЕЛІНШЕККЕ мынаны ЖАСАСА жеңіл БОСАНАДЫ

0
156 541

Сіздің толғағыңыз қалай өтеді - АУЫР әлде ЖЕҢІЛ... Жеңіл өту үшін не істеу керектігін білесіз бе?


ТОЛҒАҒЫ басталған КЕЛІНШЕККЕ мынаны ЖАСАСА жеңіл БОСАНАДЫ

фото: empowher.com

Толғақ – кез келген ананы бір сәтке дір еткізетін сезім. Толғату – ананы үнсіз тұңғиыққа батырып, қысқа әрі терең ойлауға үндейді. Тіпті танымайтын жанның толғатып жатқанын естісе сонымен бірге жаны ауырады. Оған тілеулес болады. Жалпы аяғы ауыр әйел үшін жанашыр болмайтын жан жоқ-ау сірә. Әсіресе, қазақтың ұрпағы жүкті ананы «Әлемдегі ең сұлу әйел» деп таниды. Оған құрметпен қарайды, бағалайды, сыйлайды. Үлкен апа-әжелері аман-есен баласын бауырына бассын деп неше түрлі ырымын істеп, салтын жасайды. Қандай ырым екенін көпті көрген апаларымыздың өз аузынан естіп, сізге де керек болар деген ниетпен қағаз бетіне түсірдік.


Салима апа, 5 баланың анасы:

- Перзент – біз үшін өте қадірлі ұғым. Аллаға шүкір бүгінде 5 перзентімнен 15 немере сүйіп отырған бақытты әжемін. Келіндерім де, қыздарым да құрсағына бала біткен кезде бірінші болып өзімнен сүйінші сұрайды. Бұл кезде көзден, сөзден қорқамын. Мейлінше 3-4 айға дейін басқаларға естіртпеуге тырысамын. Келіндерімнен де соны талап етемін. Ауыр зат көтертпеуге, барынша күтінуге мүмкіндік жасаймын. Жақсы, құнарлы тамақтануын қатаң қадағалаймын. Тырысып қалған киімдеріне шектеу қоямын. Қазақ өте ырымшыл халықпыз ғой. Ал босанатын сәті жақындағанда «оң-оң» ырымын жасаймын. Ол толғағы жеңіл, босануы оңай болсын деген аналық ниетім.


Білмейтіндер болса айтып өтейін. Жеңіл көрпе немесе жамылғыны жерге төсеп, жүкті келіншекті жатқызу керек. Екі жағынан екі әйел (міндетті түрде босанып, бала сүйген) «Бисмилаһи рахмани рахим, иә Жаратушы қолдай гөр» деп бастап, «ОҢ-ОҢ», «ОҢ-ОҢ» деп кезек-кезек бір-біріне қарата аударады. Өзім осы ырымды жасаған күні-ақ келіндерім толғатып перзентханаға жиналатынбыз. Сөйтіп тәп-тәтті немеремізді еш қиналмай қолымызға аламыз.

Босану сәтін асыға күтіп жүрген аналарға осы ырымды жасап көруге кеңес беремін.


Карима Ахметова, 4 баланың анасы:

- Алланың бере салған 1 ұл, 3 қызым бар. Қыздарымды иелеріне аманаттап тапсырғанмын. Олардың толғатқандарын көзіммен көрмесем де, жаныммен сезіп, жүрегім алқынып алаңдап отырамын. Ал қыздарымдай жақсы көретін жалғыз ғана келінімді бала көтергеннен бастап өбектеймін. Тұңғыш немеремді дүниеге әкелген кезде басы-қасында өзім болдым. Алла қаласа жақында тағы да бөпе күтіп отырмыз. Бар күшімді аман-есен босандырып алуға жинап отырмын. Келінім толғатып бастаған кезде ең алдымен құлағындағы, қолындағы алтындарын шешкіземін. Сандық біткеннің аузын ашамын. Есіктерді де айқара ашып тастаймын. Қай қазақтың сандығын, шкафын ашсаң түйіншек тұрады. Сол түйіншектердің түйінін шешіп, босатып қоямын. Тіпті шашын жайып алуға да рұқсат етемін.

Тағы бір қатты ұстанатын қағидам бар. Толғағы басталғаннан-ақ перзентханаға жүгірмейміз. Әбден пісіп-жетілген уақытын күтемін. Өйткені жас кезімде ішім ауырса болды ауруханаға жүгіретінмін. Сөйтіп толғақ қашып кетіп, 3-4 күнімді босқа өткізіп қиналғанмын. Осы қателігімді қайталамас үшін толғақты жақсылап пісіреміз. Тойдырып тамақтандырып алып, қажетті заттарымызды түгелдеп, содан кейін барамыз.


Ботакөз Исабекқызы, 4 баланың анасы:

– Толғақты ойласам бүкіл өмірім көз алдыма келеді. Уақытша ғана бірақ өте ұзаққа созылатындай әсер сыйлайтын бұл ауыртпалық жақындарыңды, балаларыңды жақсы көруге, оларды бағалауға септігін тигізеді. Мен де толғатып жүргенде жасайтын өзіндік сенімім, ырымым бар. Тұңғышымды дүниеге әкелетін кезде әжемнің айтқандарын құлағыма құйып алғанмын. 4 перзентімде де осы әдісті қолдандым.

Толғақ бірден басталмайды ғой. Белгі бере бастағаннан-ақ көбірек қозғалуға тырысамын. Шашымды өріп, басыма ақ орамал ораймын. Сөйтіп 2-3 зуала қамыр илеп, жаямын. Қамыр жаяу – толғақты пісіреді деген болатын. Сосын толғатып жүргенде құрманы, шоколадты, құртты көбірек жейтінмін. Бұл көбірек су ішуге ықпал етеді. Жалпы босануға жақын қалғанда қою тағам жемеуге тырысамын. Сұйық тамаққа аңсарым ауады. Қамырды жайып болған соң тоя кеспе көже ішіп аламын. «Сенің қарның тоқ болса, бала тоқ туылады» деп әжем миыма құйып қойған. Міне, осы әдістерді әр баламда жасаймын. Сенгеннен кейін бе, әлде Алланың сыйы ма толғағым өте жеңіл әрі тез болады.


Міне, біздің кейіпкерлеріміз осылай дейді. Оларға ұл-қыздарының қызығын көріп, немеренің рахатына бөлене беріңіздер дегіміз келеді. Ал сіздер ше, патша көңілді оқырмандар! Толғақтың жеңіл өтуі үшін әрі оңай босану үшін жасалатын ырымдарға сенесіз бе және мұнан басқа қандай ырымдарды білесіз?


Жазып алған – Асыл АРМАН,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


«САТЫП АЛУ» салтымен СӘБИ СҮЮГЕ бола ма?


Үйіңіздегі САНДЫҚТА сіз білмейтін СЫР бар