​ҰЛ сүйгіңіз келсе, ШҮМЕК ұрлаңыз

0
22 583

Негізінде бұл ҰРЛЫҚ емес ЫРЫМ


​ҰЛ сүйгіңіз келсе, ШҮМЕК ұрлаңыз

фото: babyfit.us

«Қойшы, тегі» деуіңіз заңдылық. Мен де алғаш естігенде күмәнмен қарадым. Мүмкін Алланың пендесінің төзімін байқап, сабырын сынап берген ұзақ жылдардан кейінгі керемет сыйы шығар. Оқиғаның қалай болғанын қатарынан 5 қыз туған құрбымның аузынан естігендеріңіз дұрыс болар.


- Алланың бұл күнді көрсеткеніне сансыз шүкір деймін. Араға 1,5-2 жыл салып құрсақ көтердім. Бірінші УДЗ-ға барған кезде-ақ құрсағымдағы бөбегімнің қыз екенін айтып, жігерімді құм ететін. Сүйіншілейтін жаңалығым болмаған соң сұрағандарға «жынысын әдейі сұрамадым», «теріс қарап жатыр екен» дейтінмін. Көлікте күтіп отырған күйеуім де көңіліме қарап сезе ме, ол да үнсіз қалатын.

Осылайша әр таңымды Аллаға жалбарынумен өткізіп жүрдім. Қыз туғаныма жолдасым пәлен демесе де, ағайын-туыстың, абысын-ажынның, тіпті әпкелерім мен жеңгелерімнің, одан қалса құрбыларымның жанашыр жұбатулары мен сыни сөздері қамкөңіл жүрегіме жұбаныш болмайтын. Кейде жолдасымның даусы қаттырақ шығып кетсе де, «ұл туғанымда бұлай демеуші едің» деп көз жасыма ерік беремін. Өзімнің де, отбасымның да шырқын бұзамын. Қыздарыма да ашуланып, айқайлап алатын кездерім жиі болған. Отбасымды осы уақытқа дейін сақтап қалғаныма ата-енемнің қолдауы себеп болған деп сеніммен айта аламын. Өйткені жыласам да, қамықсам да солар жанымнан табылып, ақылын айтып жұбатады. Кейде қаттырақ айтып ұрсып та алады.


«Алладан үмітіңді үзбе, маңдайыңа жазылған тағдырыңа төзе біл, сүйген құлына сынақ береді. Біріне перзент беріп сынаса, енді бірін бір тырнаққа зар етеді. Сен несіне қапаланасың. Гүлдей қыздарың бар. Ертең-ақ өсіп, қолыңнан тірлігіңді алады, апалап жаныңда құрақ ұшып жүрген кезде осыларды керек етпей жылаған күндеріңе өкінесің. Сенің бұл түріңді көріп өскен қыздар да өмірге келгеніне өкінетін болады. Сабыр сақта. 7 қыздан кейін, 14 қыздан кейін де ұл сүйген әжелерді естігем. Сенікі қай сасқандық?! Алланың бергеніне шүкіршілік ет те, өміріңді қызықты етіп жалғастыра бер. Жұрт не демейді. Ашылған ауызға қақпақ болмақсың ба?! Кім не десе, о десін?! Қане, жанашыр болған қай туысың сен үшін, бала көтеріп ұл туып бере алады. Жеме-жемге келгенде жаныңнан табылатын жолдасың мен қыздарың. Осыларға сен, осыларға арқа сүйе, осылардан тап жұбанышың мен қуанышыңды» деген енемнің сөздері мені қамшылайтын.


Оқи отырыңыз:

Балаға КӨЗ ТИГЕНДЕ мына ҮШ ӘДІСТІ жасаңыз

фото: instructors.clairemockridge.com

Бесінші қызымды көтерген кезде де УДЗ-ның «жаман» жаңалығына қамығып, саябақта жалғыз отырғам. Көз жасыма ерік бердім. Алладан қай күнәларым үшін бұлай сынап жатқанын сұрап, зарладым. Жанымнан өтіп жатқандарды елеп жатқам жоқ. Қаланың адамдары да қызық қой. «Неге жылап отырсың, бір жерің ауырып тұр ма» деп сұраған бір пенде болмады. Бұл жерде отырып өліп кетсе де ешкім қайырылмайды екен. Содан әбден жылап, біраз жеңілдеген соң үйге қайтуға жинала бастадым. Сол кезде жаныма 1 кесе ашытпа көжесін көтеріп, үлкен жастағы апа келді. Кесесін қолыма ұстатып, жаныма жайғасты.


«Көз жасыңды неге көлдетіп отырсың. Біреу өлді ме?» деп сұрады. Үлкен кісіден мұндайды күткен жоқ едім. Көжеге шашалып қалдым да артынан «Жоға, Алла сақтасын. Бұл не дегеніңіз» дедім.


Ол өткір көзін маған қадап: «Өмірден өткен, қайтып келмейтін, оған енді үміттің де жоқ екенін білген соң сен сияқты зарлап жылайды. Қайтыс болған адам үшін жыламасаң басыңа қандай күн туды? Аяғың бар, қолың бар. Қандай қиыншылық үшін езіліп отырсың мұнда?», - деді.


Танымасам да ішімдегіні ақтарғым келіп:


- Тағы да қыз туады екенмін, дедім. Апа мырс етіп:

«О, сорлы, соған жылап отырмын де? Сонша қанша қызың бар еді. 40 қыз тумаған шығарсың?», - деп нұқып алды.


Апаға қарап еріксіз жымидым. 4 саусағымды көрсеттім де, ішімдегімен бесеу дедім.


"Сен осы бақытты бағалай алмаған бейбақ екенсің, ал күйеуіңнің бес елі бағы бар екен. Айналайын-ау, қыз деген ырыс қой, қызда береке бар. Ұл керек. Ізіңді жалғау үшін, басыңа тас қою үшін. Солай ма сенің де түсінігің. Бірақ Алла біледі. Кімнің кімге тас қоятынын, кімнің жанын ертерек алатынын. Қыз бердің деп Аллаға риза болмау ауыр күнә, шырағым. Құрсағыңдағы сәбиіңді аман-есен босанып, 2 жасқа жеткізген соң тағы да бала көтерудің қамына кіріс. Бірақ одан бұрын мен айтқан мына ырымды жасап көр. Ұл туған абысын-ажындарыңның үйінен ҰЛ ШҮМЕК ҰРЛАП ал. Оны сандығыңның түбіне сақтап қой. Міне, осыдан соң Алланың қалауымен ұл сүйіп жатсаң, маған сыйыңды дайындап, қымбат көйлек кигізесің", - деді.

фото: instahu.com

Мына сөзден кейін үміт пайда болды. Апаға қайта-қайта рахметімді айтып, кәдімгідей жеңілдеп, қуанып кеттім. Риза болып отаныма оралған мені қыздарым да қуана қарсы алды. Сол күннен бастап үйімнің берекесі кірді. Ұрыс-керістен аулақ болып, бақытты өмір сүре бастадық. Сонда күйеуім мені ұл туады деп ойлапты. Кәдімгідей үміттеніп жүріпті. Бірақ қыз туғанымда ренжіген жоқ.

Алты айдан кейін-ақ құрсақ көтеруге дайындалдым. Ауылдағы абысынымның үйіне арнайы барып, білдіртпей шүмекті ұрлап алдым. Ешкімге көрсетпей жасырып қойдым. Сөйтіп алтыншы құрсағымды көтеріп, тоғыз ай, тоғыз күнді толтырып, Алланың қалауымен өмірге шекесі торсықтай ұл әкелдім. Бәріміздің қуанышымызда шек болмады. Әсіресе, жолдасым мен ата-енем ерекше қуанды. Қайын атам жиған-тергенін шашып, той жасады. Қыздарым да інілі болдық деп, шаттанып, алақайлап жүр. Ешкімге көрсеткісі келмейді. Бетінен, қолынан, аяғынан сүйіп тоймай барады. Аллаға сансыз шүкір. Өзім сияқты ұл сүйгісі келіп жүрген келіншектерге де осылай жасап көруге кеңес беремін», - деп қуанды құрбым.


Иә, сәби деген Алланың ғана бере алатын керемет сыйы ғой. Ұл берсе де, қыз берсе де шүкіршілік деуіміз керек. Кейде пендешілікке салынып, осылай ренжитін кездеріміз болады.

Құрбымның айтқандары сізге де көмектессе, біз тек қана қуанамыз. Ал сіз ше, оқырман, ҰЛ СҮЮ үшін қандай ырымдарды білесіз?


Асыл АРМАН,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


ҚЫЗ немесе ҰЛ сүйгіңіз келсе, ырымын жасап көріңіз


Құрбандыққа сойылған мал етін кімдер жеуі керек?