​Жаңа жыл ҚҰТТЫ болуы үшін ҚАЛАЙ қарсы аласыз?

0
5 231

Қандай дәстүрлер бар?


​Жаңа жыл ҚҰТТЫ болуы үшін ҚАЛАЙ қарсы аласыз?

иллюстрациялық фото

ЖАҢА ЖЫЛ – бәріміздің асыға күтетін мерекелеріміздің бірі. ЖАҢА ЖЫЛ ескі жылға есеп беріп, жаңа жоспар жасайтын кез. ЖАҢА ЖЫЛ жақындарымызды қонаққа шақырып, қуантатын мереке. ЖАҢА ЖЫЛ достардың, туыстардың, ағайынның, көршінің басы дархан дастарқанда жиналатын мереке. ЖАҢА ЖЫЛ балапандарға арманындағы сыйлықты үлестіріп, шаттыққа бөлейтін мереке.

Бұл күні дәмді тамақ пісіріп, дастарқан жаямыз. «Құтты болсын!» айтып шаңырағыңызға құтты қонақтар келеді. ЖАҢА ЖЫЛДАН жаңа ҮМІТ күтеміз. Тіпті, жаңа жылда НЕСІБЕЛІ, БЕРЕКЕЛІ, БАҚУАТТЫ болу үшін жасайтын өзіндік ӘДІСТЕРІМІЗ де бар. Ал біздің оқырмандар ЖАҢА ЖЫЛДЫ қарсы алатын кезде қандай амалдар жасайтынымен танысып көрелік...


ИНДИРА ЖЕҢІСҚЫЗЫ,

Шымкент қаласының тұрғыны:

– Жаңа жыл – ең сүйікті мерекелерімнің бірі. Жыл сайын дәстүр бойынша бір атадан тараған ұлдар отбасымызбен бірге қарсы аламыз. Келіндер әдеттегідей дастархан жайып, дәмді тағамдар мен тәттілерге толтырамыз. Үйдегі шыршаны безендіру балалар мен әкелерінің еншісіне тиеді. Кешке қаладағы шыршаға балаларды серуендетіп қайтамыз. Сағат тілі түнгі 12-ні көрсеткенде бәріміз дастархан басына жиналамыз. Ата-әжеміз дастарханды ашып, ақ баталарын береді. Біз жолымызбен тілек тілейміз, ал балалар тақпақ айтып, мерекені керемет етіп тойлаймыз. Біздің әулетте ата-енемізден бастап бір-бірімізге міндетті түрде СЫЙЛЫҚ БЕРУ дәстүрге айналған. Балалар да осы сәтті асыға күтеді.

Фото: Жеке мұрағаттан


САРА СҮЛЕЙМЕНОВА,

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Биылғы жыл мен үшін ерекше болды. Аллаға сансыз шүкір, Доңыз жылы тізімдегі бірқатар армандарым орындалды. Енді Жаңа жылға да үлкен үмітпен қадам басқалы отырмыз. Жаңа жылды достарымызбен, отбасымызбен кең дастархан басында қарсы аламыз.

Әкеміз /жолдасым (суретте)/ үйдегі ханшайым екеумізге міндетті түрде ЖАҢА КИІМ алып береді. Біздегі ерекше дәстүр деп осыны айтуға болатын шығар. Сонымен қатар өзімнің жоспарыма енгізіп қойған мына дәстүрім де бар. Жылда желтоқсан айында үйге ЖАҢА ЗАТ сатып аламыз. Бір жылы техника алсақ, екінші жылы жиһаз деген секілді. Бұл да көңілге үлкен қуаныш сыйлайды.

Фото: Жеке мұрағаттан


АЙГЕРІМ ІҢКӘРБЕК,

Балқаш қаласының тұрғыны:

– Биылғы жаңа жылды демалып қарсы алуды жоспарлап отырмын. Бала кезден санама сіңген «жаман» әдетім бар. Биыл соған нүкте қоймақшымын.

Жылда 30-31-желтоқсан күндері ас үйден бастап, қонақ үй, жатын бөлме, жуынатын бөлме бәрін-бәрін ерекше тазалықтан өткіземін. Кілем, перде, жиһаз, люстра, ыдыс-аяқ түгел жуылады. Бірде-бір кір киім қалдырмауға тырысамын. Сосын ас үйден шықпай отбасымның сүйікті тағамдарын, тәттілерін әзірлеймін. Мол дастархан жайып, қонақ күтуге кірісемін. Құттықтап келген туысқандарды, көршілерді, достарды бірінен кейін бірін күтіп, күліп-ойнап шығарып саламын. Сөйтіп сағат тілі түнгі 12-ні көрсеткенде бәрін құттықтаймын, бәрінің құттықтауын қабыл аламын да сүйікті төсегіме құлаймын.

Ал биыл бұлардың ешқайсысын жасамаймын деп шешіп отырмын. Қалтаны ақшаға толтырып алып, отбасымызбен бірге мейрамханаға бару жоспарда бар. Мен де жұрт секілді жаңа жылды мейрамханада, шыршаның жанында өткізуді армандап отырмын. Арманымның орындалатынына 99 пайыз сенімдімін.

Фото: Жеке мұрағаттан


Хат жіберген оқырмандарымыздың арасында КЕДЕЙЛІКТЕН, ЖАМАНШЫЛЫҚТАН сақтанатын да ЫРЫМДЫ ұстайтындар бар екен. Олар ешқашан ЖАҢА ЖЫЛҒА:

  • қарызбен;
  • көңілсіз күймен;
  • көздегі жаспен;
  • әмиян мен телефонды ақшасыз;
  • жуылмаған шашпен ҚАДАМ БАСПАЙДЫ екен.


Иә, ардақты оқырман, біздің жолдаған сауалдарымызға бірі шынайы, екіншісі қалжыңмен жауап берген болатын. Бастысы, бәріңізге Жаңа жыл мерекелік көңіл-күй сыйласын! Жоспарларымыз жүзеге асып, арманымыз орындалсын!


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: