​"Жанып тұрған ШЫРАҚты үрлесең, ҰМЫТШАҚ боласың"

0
691

«Жарықты қосыңдар! Мен бәрін де біліп тұрмын. Жастардың құлақтарына ілмейтіні-ай, осы!» деп бір кейіген апаның сөзінен соң, қонақтар жым-жырт бола қалды...


​

Қазақтың салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарының астарында үлкен мағына жатыр. Мұны кейбіреу «ескіліктің сарқыншағы», «неге сенсең, сол болады» деп мән бермеуге тырысқанымен, кейін «әттеген-ай» деп өкініп қалатын тұстары да кездесіп жатады.

Өйткені, мұның барлығы да тіршіліктен алынған, күнделікті өмірде орындалып жатқан жағдайлар болған соң, өзінен кейінгілерге ата-баба дәстүрі, тәрбие көзі деп деп мұра етіп қалдырып отыруға тырысқан.

Ырым-тыйымдар жайдан-жай қолданысқа енбеген, мұның барлығы да адамды тәрбиелеп, жат әдеттерден аулақ болуға үлес қосады.

Ертеде, қазіргідей электр шамы болмаған кезде киіз үйде өмір сүрген ата-бабаларымыздың қолданғаны, қазір бізге қажеті жоқ деп ойламаңыз. Себебі, майшамды қазір де қолданамыз, жарық сөніп қалған сәттерде әрине, уақытша болса да сіз міндетті түрде майшамды жағуға мәжбүр боласыз.

Немесе, туған күн секілді отбасылық мерекелерді атап өту үшін біздің әдет-ғұрпымызға еніп келе жатқан шетелден келген «ғұрып» бар. Ол туған күн кеші үшін арнайы әзірленген немесе арнайы тапсырып беріп, дүкеннен сатып алынған тәтті тортсыз туған күн өтпейді. Сондайда балалардың көңіл-күйі үшін деп түрлі-түсті, көздің жауын алатын әсем майшамдармен тортымызды безендіреміз.

Жарықты сөндіріп, торттың үстіне орнатылған майшамдарды сіріңкемен тұтатып, жағып қойған соң, оны туған күн иесіне үрлеп өшіртеміз. Негізінде бұл үрдіс бір жағынан, қызық та секілді, әсіресе, балалардың көңіл-күйін көтеріп, шат-шадыман етеді. Бірақ, шамды үрлеп өшірудің дұрыс емес екендігін туған күн кешіне қонаққа келген жасы үлкендеу апаның сөзінен соң «ұғынғандай» болдым. Бұрын да «отты үрлеме, жаман болады» дегенді аналарымыз бен әжелерімізден естуші едік. Бірақ, «не болады?» деген сұрағымызға «жаман болады!» деген екіұшты жауапты ғана алатынбыз. Ол кезде баламыз ғой, «жаман болады» дегенге күле қарап, «ештеңе де болмайды, үлкендердің ойдан шығарып алғаны» деп жүре беруші едік.


Сіңлімнің тұңғышы алты жасқа толып, мектеп табалдырығын аттауға дайындығын бастаған кезде туған күн кешіне арнайы шақырды. Сонда сыйлығымызды көтеріп, құттықтап шығу үшін кешке бардық. Шақырылған қонақтар саны да аз емес екен. Әдеттегідей көптен бері көрмеген сіңлімнің үйіне барған соң, сағынысып көрісіп жатырмыз. Балалар да бір-бірімен арқа-жарқа болып шұрқырасып ойнап жүрді. Кеш өте көңілді басталған.

Қонақтар дастарханға жайғасып, үлкендерден бастап, балақайға ақ тілектерін жаудырып, «үлкен азамат» болғаны құтты болсын, мектепке барып, жақсы оқысын, ата-анасының ақ үміттерін ақтасын деп ақжарма лебіздерін білдіріп жатты. Туған күн иесіне торт кестіріп, қалғандарына үлестіру кезегі де келді.

Жарық сөндіріліп, сіңлім үлкен тортты шырағын жағып алып кірді. У-шу болып, «туған күніңменен» әні «орындалып» жатыр. Әрине, мерекелік көңіл-күйді ешкімнің бұзуға хақысы жоқ еді. Бірақ, сол жердегі жасы үлкен бір апа барлығының көңілдерін «су сепкендей» басып тастады.

«Жарықты қосыңдар! Мен бәрін де біліп тұрмын. Жастардың осыны құлақтарына ілмейтіні-ай, осы!» деп бір кейіп алды. Әп-сәтте ол апаның неге ренжігенін алғашында түсіне қойған жоқ ешкім де. Бірақ, кейін мәнісін түсіндіргенде барлығы да бұл жайлы білмегенін айтып «жөн екен» деп кешірім сұрап жатты.

«Балам жасына жас қосты. Мектепке барады деп отырсыңдар. Мектепке баратын баланың алғыр, зейіні мықты, ойлау қабілеті жақсы болу үшін ұмытшақ болмаудың, есте сақтау қабілетінің мықты болғанын қаласаңдар, ендігіде бұлай жасамаңдар. Өзгенің қаңсығын таңсық көретін әдеттің жақсысы жоқ. Біздің ділімізге де, дінімізге бұл сай келмейді. Ата-бабаларымыз отты қастерлі, қасиетті санаған. Сондықтан, ешқашан жанып тұрған отты үрлеп сөндірмеген. Тіпті, ошақтың отын да сөндірмей, ас піскен соң, қазанды көтеріп алған немесе астындағы шоқты сыртқа шығарып тастаған. Отты үрлеп сөндірсе, шырағың сөнеді дегенге сеніп өстік біз де. Ал, шырақты үрлеп сөндіру жаман ырым. Әсіресе, желкілдеп өсіп келе жатқан балаға болмайды. Өйткені, шырақты үрлеп сөндірсе, бала ұмытшақ болып қалады. Ұмытшақ болған жақсы ма?!», - деп біраз насихатын айтты.

Туған күнді ұйымдастарып отырған үй иелері ғана емес, сол кешке жиналып, бас қосып отырған қонақтардың барлығы да ой түйді, меніңше...

Г. ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


«ҚАРА ЖАМЫЛУдың» мәнін білсеңіз, бұлай етпеңіз!


Неге МҮШЕЛ ЖАСТА ҮЙЛЕНУГЕ, маңызды бір істі бастауға БОЛМАЙДЫ?



Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет