2022 жылдың ЕҢ ҮЗДІК смартфондары

0
5 190

Бұл кеңестер сізге телефон таңдау кезінде көмектеседі.


2022 жылдың ЕҢ ҮЗДІК смартфондары

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазіргі заманғы қосымшалар мен медиа-ақпараттар смартфонның ішкі және жедел жадының көбірек болуын қажет етеді. Сол себепті оқырманға жады мол әрі сапасы жоғары смартфондардың тізімін ұсынамыз. Бұл мәліметтер телефон таңдау барысында пайдалы болатыны сөзсіз.


Қазір әлемде смартфоннан артық гаджет жоқ. Ал, оны өмірдегі барлық салаға қолданатындықтан, сапасы жоғары әрі мүмкіндігі мол болғаны дұрыс. Мүмкіндігі мол дегеніміз – жадының көп болуы екенін түсініп отырған боларсыз. Осы орайда смартфондарда жадтың кіріктірілген және жедел дегенекі түрі болатынын айта кеткен жөн. Кіріктірілген жад құрылғыға әртүрлі деректерді (қосымшалар, фотосуреттер, бейнелер және т.б.) сақтауға жауап берсе, жедел жад смартфон жұмысының жылдамдығына тікелей әсер етеді.


Енді сапасы және жады бойынша 2022 жылғы ЕҢ ҮЗДІК смартфондарды атап өтейік

1. ASUS ZenFone 7 Pro


Бұл смартфон Qualcomm Snapdragon 865 Plus – 8 ядролы процессорымен жұмыс істейді. Соның арқасында тез және үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы. Экранындағы AMOLED дисплейі бейнелерді ыңғайлы қабылдау үшін түстерді мүмкіндігінше нақты жеткізеді. Бұл модельдің тағы бір ерекшелігі – камерасының бұрылатындығы. Яғни артқы камераларын сельфи түсіруге қолдана бересіз. Сонымен қатар, 256 Гб-тық кіріктірілген жады көптеген қосымшаларды жүктеуге мүмкіндік береді. 5000 мегаамперлік батареясы да ұзақ уақытқа шыдайды.



2. Apple iPhone 11

Қазіргі уақытта бұл баға мен сапа қатынасын теңдей ұстап тұрған ең жақсы құрылғылардың бірі. Смартфон стильді дизайнға, оңтайлы өлшемге, сондай-ақ металл корпусқа ие. 6 ядролық Apple A13 Bionic процессорымен жабдықталған. Бұл модельдің алдыңғы және артқы камерасына, дисплейіне сын таға алмайсыз. Сонымен қатар, смартфонның корпусы құрылғыны шаң мен ылғалдан қорғайды. Соның арқасында құрылғы тиімді және ұзақ уақыт бойы қызмет етеді.



3. Sony Xperia 1 II

Бұл смартфонды шағын мультимедиялық орталық десек те болады. Өйткені, құрылғы диагоналі 6,5 дюйм болатын OLED 4K HDTV CinemaWide экраны арқылы бейнелерді кескінді кинематографиялық сапада көрсетеді. Құрылғының болаттан және әйнектен жасалған корпусы өте берік және сенімді. Qualcomm Snapdragon 865 процессоры жоғары өңдеу қуаты мен жұмыс жылдамдығын қамтамасыз етеді. Құрылғының камерасын автофокус саласындағы ең жақсы «Альфа» әзірлеушілері жасаған. Ал, аудио жүйесі Sony Music Entertainment компаниясымен бірлесіп жасалған.



4. OnePlus 9

OnePlus 9 – флагмандық сипаттамалары бар бюджеттік смартфон. Ол 6.55 дюймдік OLED дисплейі арқылы бейнелерді анық әрі қанық көрсетеді. Сондай-ақ, смартфон батареяны салқындату жүйесімен жабдықталған. Яғни «құрылғыны ұзақ қолдансам батареясы қызып кетеді» деп алаңдамайсыз. Жедел жады 12 және кіріктірілген жады 256 Гб-қа тең.



5. Xiaomi POCO X3 Pro

Бұл телефон бағасы арзан болғанына қарамастан, флагмандық модельдермен бірдей жұмыс істейді. Смартфон қуатты Snapdragon 860 процессорымен жабдықталған. Негізгі жедел жад 6 ГБ-ты құраса, ал кіріктірілген жады 128 ГБ-қа тең. Сондай-ақ, Liquidcool 1.0 Plus деп аталатын батареяны салқындату технологиясы үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Сымсыз қуаттағыштың ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ


Әлеуметік желінің ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ