АЙНАНЫҢ да "АҚЫЛДЫ" түрлері шықты

0
3 787

Күн сайын дамылсыз дамып жатқан технологияның жаңалықтарында шек жоқ.


АЙНАНЫҢ да

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

«Ақылды» айна – кәдімгі смартфонның біршама қызметтерін атқара алатын және өзіндік бірегей техникалық сипаттама мен дизайнға ие жаңа гаджеттердің бірі. Бұл гаджет кез келген бөлмеге, әсіресе «ақылды үйге» өте қолайлы.


Үйге арналған «ақылды айна»

«Smart Mirror» – бұл бетіне айна қызметін атқара отырып, смартфон арқылы берілетін қажетті ақпараттарды: ауарайы болжамын, күнтізбе мен уақытты және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды бір уақытта көрсетуге мүмкіндік беретін экран орнатылған құрылғы. Тіпті, оны телефонға қосып, көптеген жұмыстарды үлкен экранда орындай аласыз.


Сонымен қатар, бұл гаджетке су зиян тигізбейтіндіктен, жуынатын бөлмеге орнатуға да болады. Оған қоса, ақпараттық және мультимедиалық қызметтерді оңай пайдалану үшін «ақылды» айналарға сенсорлық және дауыстық басқару жүйелері енгізілген. Тиісінше, сол көмекшілер арқылы музыка қосу, бейнеқоңырау шалу, жоспарланған істерді еске салу, хабарламаларды оқу және селфи жасау мен әлеуметтік желілерге кіру секілді мүмкіндіктерге ие боласыз.

Сондай-ақ, Google Play бағдарламасының барлық қосымшаларымен жұмыс істей алатын құрылғының жалғыз кемшілігі – бағасының қымбат болуы.


Макияжға арналған smart-айна

«Sensor Mirror Pro» атты смарт-айна опа-далап қолдану барысында әйелдердің таптырмас көмекшісі бола алады. Себебі ол елу мыңнан астам түс түрлерін ажыратып, пайдаланушы айнаға жақындағанда жақтауына орнатылған автоматты жарықтандыру құралдарының көмегімен қажетті жарықпен қамтамасыз ете алады. Оған қоса, бір рет толтырылған қуатпен 4 апта уақыт жұмыс істей алатын ерекше гаджет адам бетінің керек бөлігін он есе ұлғайтып көрсетуге қабілетті.

Сондай-ақ, аталған құрылғының кейбір үлгілері арқылы суретке түсуге, смартфонға келетін хабарламалар мен ауарайы болжамын және тағы да басқа ақпараттарды көруге болады.


Автокөлікке арналған «ақылды» айна

Көптеген жүргізушілер көлігіне қарапайым айна орнататын болса, біршама адамдар «ақылды» айналарды қолданады. Сонда олардың айырмашылығы қандай? Кәдімгі айнадан смарт-айнаның ерекшелігі мен мүмкіндігі өте көп, олар:

1. Смарт-айнадан қоңырау шалуға болады және сенсорлы экран немесе дауыс арқылы басқарылатын гаджеттің жазба кітапшасы бар. Сонымен қатар, оның динамик, микрофон секілді бөліктерін оңай ауыстыра аласыз.

2. Айнаны интернет желісіне қосып, мысалы кептелісте тұрғанда жаңалық немесе өзге де ақпараттарды оқуға болады.

3. «Ақылды» айнаның артқы бөлігіне орнатылған камера арқылы суретке немесе видеоға түсіре аласыз.

4. Тоқтап тұрған кезде, айнаны теледидар ретінде пайдалануға болады.

5. Дәл смартфон секілді айнаға Google Play-ден кез келген пайдалы қосымшаларды: карта, радар және т.б. жүктеп алуға болады.

6. Ең бастысы – көптеген мүмкіншілік сыйлайтын бұл гаджет артқы жақты толық және сапалы етіп көрсете алады.


«Ақылды» айна – спорттық жетекші

Айна қызметін атқаратын дисплейі бар бұл құрылғы фитнес сабақтарын өтетін жетекшінің орнына да жұмыс істей алады және оның жадына сақталған нұсқаулықтар арқылы ең күрделі жаттығуларды орындауға болады. Оған қоса, бұл гаджетке аудио, видеотрансляция жасау қызметтері де енгізілген және жаңа жаттығуларды жүктеп алуға болады.

Алайда, бұл гаджеттердің барлығының дерлік бағасы қарапайым айналардан қымбат. Бірақ, олар өз бағасына сай қызмет көрсете алады.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ

дереккөз: ашық ғаламтор беттері

Тағы оқыңыз:


2020 жылы АЛТЫ КАМЕРАЛЫ СМАРТФОНДАР шығады


Гаджеттердің балаға тигізетін ЗИЯНЫ мен ПАЙДАСЫ қандай?