«Ақылды таразы» қалай жұмыс істейді? ОҒАН СЕНУГЕ БОЛА МА?

0
5 842

Ақылды гаджеттің денсаулыққа зияны да болуы мүмкін.


«Ақылды таразы» қалай жұмыс істейді? ОҒАН СЕНУГЕ БОЛА МА?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Технология қарыштап дамыған мына заманда дененің барлық дерлік мүшелері мен организмнің жұмысын сағат немесе телефон арқылы бақылауға болады. Тіпті, күн өткен сайын ондай құрылғылар жетілдіріліп жатыр. Бірақ, кейбір өндірушілер құрылғыларының жасай алатыннан да асырып айтып жатады. Енді біреулері дұрыс сипаттама береді. Мәселен, бүгін сөз ететін «ақылды таразы» адамның бойынша қанша май және қанша сүйек бар екенін анықтап бере алатын көрінеді.


«Ақылды таразы» не үшін қажет?


Өндірушілердің айтуынша, мұндай ақылды таразылар салмақты өлшегеннен бөлек, мынандай қызметтерді атқара алады:

- дене салмағының индексі;

- денедегі майдың пайызы;

— висцеральды (іш) майдың мөлшері;

- бұлшықет тінінің пайызы;

- сүйек тінінің пайызы;

- ағзадағы судың пайызы.


Сондықтан ақылды таразыларды көбіне жаттығуларының нәтижесін бақылағысы келетін спортшылар, салмақ азайту процесіндегі адамдар немесе жай ғана салауатты өмір салтын ұстанушылар сатып алады екен.



«Ақылды таразы» қалай жұмыс істейді?


Адам денесі әртүрлі ұлпалардан (бұлшықеттер, сүйектер, май қабаты) және сұйықтықтан тұрады. Дененің осы мүшелерінің әрқайсысы электр қуатын өткізеді. Тиісінше, ақылды таразыға салмақ өлшегенде бетіндегі электродтар сіздің денеңізге өте әлсіз электр импульсін өткізеді. Смартфон экранына тиген кезде қолдың тоқты сезінбейтіні сияқты, оны да сезіну мүмкін емес. Осылайша, таразы сіздің денеңіздегі майсыз тіндердің пайыздық көрсеткішін анықтай алады. Осы ақпаратты және сіздің жалпы салмағыңызды анықтай отырып, гаджеттің ішіндегі процессор барлық қажетті көрсеткіштерді математикалық формулалар арқылы есептейді және ақпаратты экранға немесе мобильді қосымшаға жібереді.


Дегенмен, ақылды таразылардың көрсеткіштерін нақты ақпарат деп қабылдау да қиын. Өйткені, таразының бағдарламасы белгілі бір биіктік, жыныс және жас үшін орташа коэффициенттерді пайдаланып, көптеген деректерді есептейді.


Сонымен қатар, сарапшылар ақылды таразыларда қолданылатын биоимпеданс әдісі (қарсылық арқылы массаны анықтау) толық көрсеткіштерді анықтай алмайтынын айтып отыр. Себебі, электр қуаты ең аз қарсылық жолымен жүреді, яғни таразының бетіндегі жабдықтар тек аяқтардағы май қабатын оқи алады. Демек, таразы бағдарламасының бізге беретін ақпараттары жалпылама формулалар мен есептеулердің нәтижесі деп қабылдау қажет.


Ақылды таразыларға сенуге бола ма?


Жалпы, формулалар арқылы есептелген дене көрсеткіштерін жалған деп айту да қиын. Нақтырақ айтсақ, олар орташа көрсеткіштер. Егер сізге нақты сандар емес, жалпы прогрессті бақылау маңызды болса, ақылды таразылар пайдалы болуы мүмкін.



Ақылды таразылардың зиянды тұстары бар ма?


Денені тоқ арқылы өлшеу кезінде импульс пайда болатындықтан, медициналық электрлік импланттары бар адамдарға, мысалы, кардиостимуляторларға және жүкті әйелдерге ақылды таразыларды қолдануға тыйым салынады. Сондай-ақ, мұндай таразыларға дымқыл аяқпен шығуға болмайды. Өйткені, мұндай кезде электр қуаты дұрыс өте алмай, ақпараттар да дұрыс болмайды.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Компьютерлік ойындардың балаға тигізетін ЗИЯНЫ КӨП!

«Берлин IFA 2022» көрмесіне қойылған ЕРЕКШЕ ГАДЖЕТТЕР