«Берлин IFA 2022» көрмесіне қойылған ЕРЕКШЕ ГАДЖЕТТЕР

0
2 747

Өндірушілер жарысып жатыр.


«Берлин IFA 2022» көрмесіне қойылған ЕРЕКШЕ ГАДЖЕТТЕР

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бірнеше күн бұрын «IFA 2022» еуропалық көрмелерінің бірі аяқталды. Осы орайда, биылғы көрмеге қандай қызықты гаджеттер қойылғанына шолу жасалық. Редакция барынша ең ерекше гаджеттерді назарларыңызға ұсынуға тырысты.


LG-ден икемді монитор

Көрмелерде LG компаниясы үнемі икемді құрылғылар ұсынады. Тіпті, бұл компанияның икемді тауарлары өндірушіге бөлінген павильонның жартысын алып жатады десек те болады. Ал, біз айтып отырған икемді монитор пайдаланушының бұйрығымен бүктеледі екен. Яғни бұл жай теледидар емес, теледидар ретінде қолданылатын ойын мониторы.

Монитор стратегиялық және атыс ойындарына қызығатындарға арналған. Себебі, ойыншылар бүктелетін монитор арқылы көру аймағын ұлғайта алады. Ал, стратегиялық ойынға ауқымды көрініс қажет. Монитор 40 Вт-тық динамиктермен, кіріктірілген микрофондармен жабдықталған.

Бірақ, өнімнің сатылатын мерзімі мен бағасы айтылмаған.



Audio-Technica at-lp50bt-RW винил ойнатқышы

Audio-Technica әрдайым әдемі дизайндағы винил ойнатқыштарын жасайды. Ал, оларды музыка тыңдауға ғана емес, үй ішіне сән қосатын ретінде де қолдана аласыз. Сондай-ақ, заманауи винил ойнатқыштарында Bluetooth де бар. Яғни ұялы телефондағы әуендерді ешқандай сымды қолданбай да тыңдай беруге болады. Әрине, музыканы ескі әдіспен де тыңдауға болады. Құрылғы құны бар болғаны 500 АҚШ долларын құрайды.


LG PuriCare Objet Collection Aero Furniture

Бұл ауа тазартқыш, сонымен қатар телефонды сымсыз қуаттау құрылғысының қызметін атқаратын орындық сынды құрылғы. Ол бөлмеден көп орын алғанымен, гаджет кез келген жерге сән беріп тұрады.


JBL Tour Pro 2

Корпусқа орнатылған экран (1,45 дюйм) – JBL Tour Pro 2 құлаққаптарының басты ерекшелігі бар. Ол экраннан гаджеттің қуатын көріп, уақытты біліп, дыбысты азайта аласыз.


Құлаққаптардың алты бірдей кіріктірілген микрофоны бар. Ал, толық қуаты 10 сағат музыка тыңдауға жетеді. Бірақ, бұл гаджет сатылымға тек 2023 жылдың қаңтарында шығады деп жоспарланған.



EcoFlow DELTA 2

Бұл 1800 Вт-тық дыбыс шығаруға қабілетті динамик. Ол 1 кВт портативті қуаттау станциясымен жабдықталған. Станцияда 4 розетка, USB Type-C және классикалық USB Type-A, сонымен қатар станцияда Wi-Fi және Bluetooth бар.

Құрылғыны электр қуатымен де, күн көзінен алынатын қуатпен де зарядтауға болады. Нақтырақ айтсақ, күн энергиясымен қуаттау үшін 3-6 сағат, ал электр желісімен қуаттау үшін 50 минут қажет болады. Яғни, бұл динамикті кез келген сапарға алып жүруге болады.



Haier CHEF@HOME Series 6

Бұл – кіріктірілген үлкен сенсорлық экраны бар пеш. Ол аспаздың ішіне не салып жатқанын «тани» алады. Соның арқасында қажетті параметрлерді орнатады. Дегенмен, аталған гаджетке қатысты толық дерек әлі белгісіз.


Beko Save Water Series

Beko компаниясы көрмеде суды үнемдейтін техника ұсынды. Нақтырақ айтсақ, кір жуғыш машина киімді шаюға бөлінген суды келесі жуудың басында пайдалану үшін сақтайды екен. Дегенмен, бұл киімді жиі жуған кезде пайдалы болар. Әйтпесе, киімді сирек жуатын болса, сақтаған суы құрғап, қалдықтар жиналып қалады ғой.


Withings – ақылды таразы

«Ақылды» таразының кәдімгі таразыдан қандай айырмашылығы бар екенін білесіз бе? Білмесеңіз, біз айтайық. Withings атты жаңа таразы табанды зерделеу арқылы артериялар мен нервтердің өткізгіштігін өлшейді. Ал, мұның алдындағы таразылар майдың, бұлшықеттердің және сүйектердің пайызын ғана анықтай алатын. Содан кейін таразы ақпарат пайдаланушының жасына қаншалықты сәйкес келетінін айтатын көрінеді. Бірақ, бұл деректердің барлығы шынайы бола бермеуі әбден мүмкін.

Жалпы, мына заманда неше түрлі өнертабыс бар. Тіпті, не шығып жатқанын толық бақылап үлгере алмайсыз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ҚАЛТАҒА СЫЙЫП КЕТЕДІ: Ноутбуктың жаңа түрлері шығып жатыр

Компьютерлік ойындардың балаға тигізетін ЗИЯНЫ КӨП!