Гаджетке кететін уақытты азайтудың ҚАРАПАЙЫМ әдістері

0
4 211

Телефон сынды құрылғыларға алтындай уақытымызды зая кетіріп жүрміз.


Гаджетке кететін уақытты азайтудың ҚАРАПАЙЫМ әдістері

ллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазір ақпараттық технология заманы дейміз де, пайдасы болсын, болмасын, гаджеттерге басымызбен кіріп кетіп жатамыз. Мысалы, қазір адамдар орташа есеппен телефонын күніне 20-25 рет ұстайды екен. Ол әрекетіміз біріншіден денсаулыққа зиян тигізсе, екіншіден уақытымыздың бос өтуіне соқтырады.

Өзі қысқа ғана өміріңіздің басым бөлігін осылай өткізіп және сол әдеттен арыла алмай жүрсеңіз, мына әдістерді пайдаланып, өмір салтын қалыпқа келтіруіңізге болады.


1. Технологиясыз кеңістік жасаңыз

Егер гаджеттерден алыстағыңыз келсе, алдымен оларды қуаттайтын орынды дұрыс таңдаңыз. Яғни гаджеттер сіздің көп уақытыңызды өткізетін бөлмеде болмағаны жөн. Осылайша, оларды пайдалану үшін басқа бөлмеге бару керек болады да, мұндай қолайсыздық технологияларды аз пайдалануға әсерін тигізеді.



2. Ұйықтаған кезде телефонды жақын жерге қоймаңыз

Қазір көптеген адамдардың қалыпты ұйқысын қолындағы телефоны бұзып жатқаны белгілі. Мәселен, төсек орнында жатып алып телефон шұқылайтындар аз емес. Бұл ұйқысыздыққа соқтыратын өте жаман әдет. Сондықтан, төсекке жатпас бұрын телефондағы хабарламаларды тексеріп, содан кейін смартфонды бөлменің басқа бұрышына қойып қойыңыз.



3. Аптасына бір күн ешқандай құрылғы қолданбаңыз

Бүгінде телефонсыз бір күн өткізуден қорқатын адамдар да кездеседі. Бірақ, сол қорқынышты жеңу арқылы гаджетке тәуелділікті жоюға болады. Ол үшін гаджетті отбасы, туған-туыс, қандай да бір хобби немесе қызықты кітаптармен алмастыру қажет.



4. Технологиямен байланыспайтын жоспар құрыңыз

Мына заман технологиямен етене байланыста болып отыр. Бірақ, кез келген адам бос уақытын басқа да істерге арнағаны дұрыс емес пе? Мысалы, бос уақытта еруендеңіз, саябақтарға барыңыз, велосипедпен жүріңіз, суға шомылыңыз, фитнеске жазылыңыз, жаңа хоббимен айналысыңыз немесе аптасына бір күнді белгілеп, кітап оқуды әдетке айналдырыңыз. Бірақ, бұл әдіске жүрдім-бардым қарамай, жоспарлы түрде жүзеге асыру қажет.



5. Достарыңызбен уақыт өткізіңіз

Адам өміріндегі ерекше жандардың бірі – достар. Олармен бірге болғанда кез келген мәселені ұмытып кетуіңіз әбден мүмкін. Сол мүмкіндікті гаджеттерден алыстауға да қолдансаңыз болады.


6. Медитация

Сіз медитацияның пайдасы туралы талай рет естіген шығарсыз. Естімесеңіз біле жүріңіз, бұл – қандай да бір уақытта жандүниеңізді тыныштандыру. Бұл әдісті әсіресе таңертең қолдану қажет. Сонда, ол сіздің бойыңызды қуаттандырып, қажетсіз нәрселерден алыстатады.



7. Айналаңызға көбірек назар аударыңыз

Дыбыстар, иістер, түстер – бұның барлығы адам өмірінде ерекше маңызға ие. Өйткені, бұлар сізге жақсы өмір сүруді үйренуге және сәттерді өткізіп алмауға көмектеседі. Телефонға аз қарап, айналаңызда болып жатқан барлық нәрселерге жиі назар аударыңыз.



8. Әлеуметтік желілердегі парақшаңыздан шығыңыз

Әлеуметтік желі бәріміздің «ауруымыз» шығар. Уақыт бола қалса, соған кіріп, желіні адақтап кетеміз. Соған қаншама уақытымыз кетіп жатыр десеңізші? Әрине, әлеуметтік желіден мүлдем қол үзуге де болмайды. Бірақ, соған жұмсайтын уақытты азайту қажет. Ол үшін желідегі парақшаңыздың логині мен құпиясөзін жүйеге сақтамау қажет. Егер, әрдайым логин мен құпиясөзді енгізу керек болса, бұл сіздің желіге кіруіңізді сиретеді.



9. Ескертулерді өшіріңіз

Телефонның бетінен ескертулер мен хабарламалар көрініп тұратын болса, ол гаджетті қолдануға итермелейді. Сондықтан, ол қызметті өшіріп қойған азал. Бұл сіздің алтын уақытыңыздың маңызсыз нәрселерге ысырап болмауына ықпал етеді.


10. Телефон мен компьютерге әлеуметтік желілерді бұғаттайтын қосымша орнатыңыз

Егер өзіңіздің әлеуметтік желілерге тәуелділігіңізді байқасаңыз, ол бағдарламаларды бұғаттайтын қосымшаны қолдануға болады. Олард телефон немесе компьютерді қаншалықты жиі қолданатындығыңызды бақылап, шектен асқан кезде әлеуметтік желілерді бұғаттап қояды. Мысалы, смартфон үшін Offtime, ал компьютер үшін ColdTurkey секілді бағдарламаларды қолдануға болады.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Смартфоныңыз "СУЫҚТАП" ҚАЛМАСЫН десеңіз


Қарияларға ОСЫНДАЙ құрылғыларды сыйлау қажет