Гаджеттердің балаға тигізетін ЗИЯНЫ мен ПАЙДАСЫ қандай?

0
13 731

Бұл ақпараттар бала денсаулығын сақтау үшін өте маңызды!


Гаджеттердің балаға тигізетін ЗИЯНЫ мен ПАЙДАСЫ қандай?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Технология дамылсыз дамып жатыр. Тиісінше, XXI ғасырдың балаларын гаджеттер мен ғаламторсыз елестету мүмкін емес секілді. Бірақ, олардың зияны мен пайдасы туралы кейбір адамдар біле бермеуі мүмкін.


Гаджет жайлы

Гаджет – ағылшын тілінен аударғанда «белгілі бір міндеттерді орындайтын құрылғы немесе техникалық жаңалық» деген мағынаны білдіреді. Олардың қатарына смартфон, компьютер, ноутбук, планшет және басқа да электрондық құрылғылар жатады. Тиісінше аталған гаджеттер түрлі қызметтерді оңай атқара алады. Алайда, өмір сүруді жеңілдетуге арналған электрониканы шамадан тыс қолдану денсаулыққа зиян тигізуі әбден мүмкін.

Гаджеттердің пайдасы

Гаджеттерді ойын-сауық құралы ғана емес, көмекші ретінде де қарастыруға болады. Мысалы, гаджет арқылы реакцияны, логиканы, есте сақтау қабілетін және басқа да маңызды дағдыларды дамытуға бағытталған көптеген сайттар мен оқу бағдарламаларын (мектеп жасындағы бала жұмыс және сабақ кестесі, күнделік сияқты қосымшаларды) пайдалана аламыз және ғаламтордан оқушыны қызықтыратын ақпараттарды табуға болады.

Сонымен қатар, гаджеттерге арналған бағдарламалар салауатты өмір салтын сақтауға көмектеседі. Олардың ішіне жаттығулардың қалай орындалатынын бейнесабақтар арқылы енгізген.


Жалпы алғанда, электрондық құрылғылар біздің өмірімізге кірігіп кеткен және оларға толықтай тыйым салудың қажеті жоқ. Оның орнына, баланың гаджетке жұмсайтын уақытын нақты бақылап, мүмкіндегінше оқыту бағдарламаларын қолданған жөн. Ондай бағдарламаларды Play market немесе Appstore-дан табу оп-оңай, тек не керек екенін жазсаңыз болғаны.


Гаджеттердің денсаулыққа тигізетін зияны

Дәрігерлер, педагогтар мен психологтар гаджеттер баланың психикасын өзгертіп, ой-санасының дамуын бәсеңдетеді деп санайды.


Көру қабілетіне зияны

Компьютер алдында көп уақыт отыратын адамдар мониторға үздіксіз қарайтындықтан көз құрғау синдромынан зардап шегеді. Сол секілді гаджет экранына көп үңілетін балалардың да көзіндегі жас қабығы құрғап, кейде тіпті жойылып кетеді. Нәтижесінде, көз бұлшық еттері зақымданып, көру қабілеті айтарлықтай нашарлайды.


Бұлшықет жүйесіне зақым келтіруі

Мысалы, кез келген адам қандай да бір гаждетпен тапжылмай ұзақ ойнаса, бұлшықеттегі қан айналымы бұзылып, кейін аяқ-қолы ине шаншып жатқан сияқты шымырлап кетеді.

Ал балалар үшін бұл өте қауіпті. Дәрігерлердің айтуынша, компьютер немесе планшет алдында ұзақ отыру енді дамып келе жатқан баланың бұлшық еті мен сүйектеріне кері әсер етіп, қозғалу мүмкіндігінен айырады және жиі бас ауруына шалдықтырады.


Эмоционалды дамуға кедергі

Психологтардың айтуынша, гаджеттерді көп пайдалану балаларды тәуелділікке алып келіп, олар бос уақытын тек компьютерлік ойындар мен бағдарламаларға арнауға тырысатын болады және «сүйікті» электронды құрылғысынан ажыраған балалар өздерін ыңғайсыз сезіне бастайды. Бұл факторлар бала психологиясы бұзылғанының айқын дәлелдері болып саналады екен.


Керек кеңестер:

1. Балалардың гаджеттерді пайдалану уақыты туралы кесте (дәрігерлер кеңесі)

● 4-5 жас – 15 минуттан аспайды;

● 6 жас – 20 минут;

● 7-9 жас – 30 минут;

● 10-12 жас – 40 минут;

● 13-14 жас – 50 минут.

2. Егер монитордың алдында ұзақ уақыт сабақ оқыса, 20-30 минут сайын 10 минуттық үзіліс жасау қажет.

3. Көз бен монитор арасындағы қашықтық 60-70 см. болуы қажет.

4. Ұйықтар алдында гаджеттерді пайдалануға болмайды.

5. Таза ауадағы серуенге, спортқа және қозғалыстағы ойындарға уақыт бөлген дұрыс.

6. Ата-аналар мүмкіндігінше желідегі қауіп-қатерлерге тап болмауын қадағалап отыру керек.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Асүйдің ҚИЫН шаруасын Сіз үшін ІСТЕП БЕРЕТІНДЕР бар


2020 жылы АЛТЫ КАМЕРАЛЫ СМАРТФОНДАР шығады