Коммуналдық шығынды ҮНЕМДЕЙТІН ҚҰРЫЛҒЫЛАР

0
4 037


Коммуналдық шығынды ҮНЕМДЕЙТІН ҚҰРЫЛҒЫЛАР

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазіргі құрылғы дүкендерінден тірлігіңізді жеңілдетуге ғана емес, сонымен қатар отбасылық бюджетті үнемдеуге арналған көптеген заттарды табуға болады.


1. Электр қуатын үнемдейтін сүзгі

Қазір кез келген үйде электр қуатымен жұмыс істейтін бірнеше құрылғы бар. Сондықтан ай соңында пайдаланылған тоққа әжептәуір ақша төлейді. Әсіресе, теледидар, кір жуғыш машина, микротолқынды пеш пен компьютер электр күшін көп қажет етеді. Ал, электр қуатын қалай болса солай тұтынудан аулақ болудың екі жолы бар: құрылғыларды тоқ көзінен ажыратып жүру немесе пайдаланылмай тұрған құрылғыны тоқ көзінен автоматты түрде өшіретін ұзартқыш сүзгіні сатып алу. Өндірушілердің айтуынша, бұл құрылғы ресурстарды айтарлықтай үнемдеуге көмектеседі.

Сонымен қатар, құрылғы электр қуатын үнемдеуден басқа, тұрмыстық техниканы кернеудің жоғарылауы мен өзгеруінен қорғауға көмектеседі. Яғни құрылғылардың бұзылуына немесе жанып, күйіп кетпеуіне көмектеседі.



2. Диммерлер

Бұл құрылғының тағы бір атауы – жарық қуатын реттегіш. Сарапшылар мұндай гаджеттерді кешке жарықтандырудың қарқындылығын реттеуге болатындай етіп орнатуға кеңес береді. Сәйкесінше, бұл электр қуатын және шығынды үнемдеп, жайлы атмосфераны құруға көмектеседі. Ол үшін диммерді бұрасаңыз жеткілікті.


Құрылғының заманауи үлгілері тұтынушыға тағы бір нәрсе ұсына алады. Дәлірек айтсақ, автоматты түрде қосылады және ажыратылады, дыбыстық командаларменбасқарылады, жарықтандыруды біркелкі реттейді.



3. Ақылды розетка

Бұрын мұндай розетка сирек кездесетін және оны көптеген адам пайдасыз зат ретінде қабылдаған. Алайда, құрылғының сипаттамалары егжей-тегжейлі айтылғаннан кейін, адамдар оның қаржыны үнемдейтінін түсінді. Себебі, розетка желіге қосылған кез келген тұрмыстық техниканың қуатын қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Ол үшін телефонға қосымшаны жүктеу жеткілікті. Сондай-ақ, егер сіз үйде болсаңыз, басқаруды дауыс арқылы жүзеге асыруға болады. Мысалы, сіз жұмыста болсаңыз, смартондағы бағдарламасы арқылы құрылғыларды немесе жарық көзін қосып не өшіре аласыз. Демек, үйде болмаған кезде күні бойы өрт шығып кетпесе екен деп алаңдап жүрмейсіз. Мұндай розетканы таңдағанда қосымша мүмкіндіктеріне де назар аударыңыз.



4. Душ есептегіші

Бұл құрылғы бізге Жапония мен Еуропа елдерінен келген. Өйткені, шетелдегі коммуналдық қызметтердің құны біздікінен әлдеқайда жоғары болғандықтан, тұрғындар газ, жарық және су шығынын бақылауға көмектесетін әртүрлі құрылғылардың көмегіне жүгінеді. Егер, сіз душ қабылдау кезінде суды үнемдей алмасаңыз және айдың соңында коммуналдық қызметтер үшін біршама ақша төлеуге тура келетін болса, есептегіш өте пайдалы болады. Оның көмегімен сіз суды "бақылау көлемін" орната аласыз. Сіз сол көлемге жеткенде, белгіленген шектің таусылғанын ескертетін дыбыстық белгі береді. Сондай-ақ, есептегіштер су процедуралары үшін қанша су қажет екенін есте сақтайды. Пайдаланушылардың айтуынша, құрылғы суды 30% үнемдеуге мүмкіндік береді екен.


5. Қозғалыс сенсоры бар шамдар

Бұрынырақ электр қуатын үнемдейтін жарықдиодты шамдар өте танымал болды. Оларды пайдаланатын адамдар электр энергиясын үнемдеу тұрғысынан мұндай шамдардың теңдесі жоқ екенін айтатын. Дегенмен, прогресс бір орында тұрмайды. Енді сіз пәтерге қозғалыс сенсоры бар арнайы ақылды шамдарды орната аласыз. Олар сіз белгілі бір аймақта болған кезде ғана жанады. Сондай-ақ, олар бөлмеде басқа жарық көздері болмаған жағдайда ғана қосылады, яғни люстрамен немесе түнгі шаммен бір уақытта жанбайды. Сол себепті көбіне бұл шамдар дәліздерге орнатылады.

Сондай-ақ, қозғалыс пен дыбыстарға жауап беретін сымсыз шамдар да бар. Олар арнайы магниттермен бекітіледі. Оларды ас үйдегі жиһазға, айнаның бір бұрышына орналастыруға болады.



6. Кран аэраторы

Аэратор – судың ағынын жұмсарту үшін суды ауа көпіршіктерімен қанықтыратын крандағы саптама. Тиісінше, көпіршіктер судың күшті қысымының көрінісін тудырады, бірақ ресурсты тұтыну айтарлықтай төмендейді. Орташа алғанда, үнемдеу 40%-ға дейін жетеді.


7. Кернеу тұрақтандырғышы

Пәтерлерде кернеудің төмендеуі жиі кездеседі. Мәселен, үйдегі шамдар жиі жыпылықтайды, электрлік шайнек ұзақ уақыт қайнайды, электр пеші баяу қызады немесе бірнеше тұрмыстық техника бір уақытта жұмыс істей алмайды. Мұндай жағдайда тұрақтандырғыш көмектесе алады. Ол электр қуатымен жұмыс істейтін барлық құрылғыларды кернеудің салдарынан қорғап, соның арқасында құрылғыларды бұзылудан, сондай-ақ қысқа тұйықталудың зиянынан, тіпті өртен сақтайды.

Егер біздің тізімдегі алдыңғы құрылғылар электр қуатын үнемдеуге көмектесетін болса, тұрақтандырғыш кернеудің өзгеруіне байланысты туындауы мүмкін шығындардың алдын алады.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


«Берлин IFA 2022» көрмесіне қойылған ЕРЕКШЕ ГАДЖЕТТЕР


«Ақылды таразы» қалай жұмыс істейді? ОҒАН СЕНУГЕ БОЛА МА?