​Өнертапқыштардың ЗАҒИП жандарға жасаған сыйы

0
2 955


​Өнертапқыштардың ЗАҒИП жандарға жасаған сыйы


Ғылымның алға жылжуда жасаған әрбір қадамы – адамзаттың кезекті жеңісі. Ғылым дамыған сайын өнертабыстар көші де өрге шыға бермек.

Арамызда заманауи ғылымның жетістіктеріне, көмекші гаджеттерге аса мұқтаж адамдар қатары бар. Айталық, зағип жандар. Олар көзінің көру қабілетін қайтара алатын қандай да бір құрылғы не емдік шаралар ойлап табылса, соған қол жеткізу үшін бәрін құрбан етуге бар. Тек, жанарына аз да болса сәуле сыйлап, жан-жағын көзбен көре алса болғаны.

Өкінішке орай, зағип жандардың осы арманын жүз пайыз жүзеге асыруға көмектесетін мүмкіндік әлі ойлап табылмады. Алайда, өнертапқыштар осы уақытқа дейін олардың күнделікті тіршіліктегі жүріс-тұрыс, іс-қимылын оңайлататын бірнеше гаджеттер жасапты.


Көзбен емес, смартфонмен көруге болады

I Can See мобильді қосымшасы айналадағы нысандарды анықтап, олардың атауын дыбыстайды. Осы арқылы зағип жан жақын маңда не барын біле алады. Бағдарламаны басқару оңай әрі қарапайым: оны іске қосып, смартфонды кеңістіктің кез-келген жағына қарай бағыттаса болғаны. Бейнекамера нысанына іліккен заттардың атауы дыбыстала бастайды. Жиһаз болсын, ыдыс-аяқ, электрқұрылғылар, тамақ, киім-кешек, көлік, ғимаратар, жан-жануарлар мен өсімдіктер – бағдарлама айналада болуы мүмкін нысанның бәрін «таниды».

Сондай-ақ, қосымшада уақыт айту, түнгі мезгілде, яғни, қараңғыда шам жарығымен іздеу, іздеуді тоқтату сияқты қызметтер де қарастырылған.

Тағы бір пайдалы қызметі – дауыстап айтылған белгілі бір затты іздеу. Смартфон иесі қандай да бір бұйымның атауын дыбыстап, құрылғыны түрлі бағытқа бағыттайды. Аталған нәрсе камера нысанына ілінген кезде дабыл белгісі беріледі.


Білезіктің жетегімен керек жерге жетуге болады

Нью-Йорктық өнертапқыштар Wayband атауымен қолға тағылатын білезік түрінде құрылғы жасап, оны сатылымға шығарды.

Білезік зағип жанды алдын-ала белгіленген бағыт-бағдар бойынша алып жүреді. Арнайы қосымшаның көмегімен смартфонға қосылады. Дауыстап айтып бекітілген бағдар бойынша жолаушыға «оңға, солға, алға» деген сияқты пәрмендер беру арқылы жол сілтейді. Егер кісі белгіленген бағыттан таятын болса, бірден дабыл беріледі.

Wayband құрылғысымен Саймон Уиткрофт атты зағип спортшы 2017 жылғы Нью-Йорк марафонын жүгіріп өткен екен.

Смартфонды Брайль «ақылды» сағатымен басқар

Dot құрылғысын жасаушылар оның зағиптарға арналған алғашқы «ақылды» сағат екенін айтады. Құрылғының кәдуілгі сағаттардан айырмашылығы – циферблат орнына саңылаулы ойықтары бар Брайль әліпбиінің орнатылуы. Брайль әліпбиі – зағиптар тілінде хабарлама берудің бір жолы. Бұл әліпбимен жете таныс кісі оның бетін саусақпен сипалау арқылы ақпараты оқи алады. «Ақылды» сағат иесіне бүгінгі күн, уақыт жайлы ақпарат беріп, таймер, секундомер, оятқыш қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, смартфонға қоңырау келсе, сағат бетінде арнайы әліпби арқылы кімнің қоңрау соғып жатқанын да біле алады. Қоңырауды қабылдау не қайтарып тастау, самртфонға келген хабарламаны оқу да осы сағат көмегімен жүзеге асырылады.


«Менің көз жанарым болшы»

Бұл – құрылғы емес, мәселені шешудің бір жолы. Мейірімді адамдардың көмегімен жүзеге асатын әлеуметтік жоба.

Дәлірек айтсақ, көру қабілетін жоғалтпаған кісілердің зағип жандардың орнына «көріп», көргенін баяндап отыруына мүмкіндік беретін онлайн платформа. Ол қалай жұмыс істейді?

Зағип кісі арнайы бейнекамера орнатылған көзілдірік киеді. Ондағы камераға түскен бейнелерді компьютер алдында отырған «агент» қарап отырады да, көргенін сипаттап айта бастайды. Оның даусы қандай қашықтықта болса да, зағип жанның құлағына құлаққап арқылы жетіп тұрады. Осылайша, ол айналасын алыстағы «агенттің» көмегімен көреді. Мәселен, серуен кезінде «агент» зағип кісіге жол сілтейді, сондай-ақ, айналадағы адамдарды, табиғаттың сұлулығын, тағы басқа сипаттарын баяндайды.

Қазіргі уақытта зағип кісі мен көзі көретін кісілерді байланыстыратын екі палтформа бар. Бірі – ақылы, онда жұмыс істейтін «агенттер» арнайы іріктеуден өтіп, жалақы алатын болады. Екіншісі – еріктілер қызметіне құрылған тегін қосымша.

Әрине, қандай көмекші құрылғы болмасын, әлемді өз көзіңмен көргенге жетпейтіні анық. Алайда, басқа осындай сынақ түссе, сынбай, алға жылжудың амалын іздеудің өзі ерлік емес пе?

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


«8» әлде «+7»: телефон нөмірін ҚАЛАЙ сақтаған дұрыс?


СМАРТФОННАН қай кезде ӨРТ шығуы мүмкін