Смартфонға арналған ЖЕЛДЕТКІШ те бар

0
2 292

40 градус ыстықта салқындаудың ауа баптағыштан да басқа амалдары.


Смартфонға арналған ЖЕЛДЕТКІШ те бар

Биылғы жаздың аптабы адамдарды әбден діңкелетті. Әлі де беті қайта қойған жоқ. Мүмкіндігі барлар 40 градус ыстықта ауа баптағыштың астына тығылып отыр. Оған жағдайы жетпегендер желдеткішпен жан бағуда. Ал екеуінің де игілігін көре алмайтындар қайтпек? Күні бойы көшеде жүретіндер, шаруамен ары-бері шапқылайтындар, жұмысын жол үстінде жасайтындар, иен даладағы диқандар мен малшылар... Кондиционерді көшеде өзіңмен алып жүре алмайсың.

Саспаңыз, ыстықтан қорғанудың жамғыз амалы ауа баптағыш пен желдеткіш емес. Төмендегі гаджеттердің өзіңізге ыңғайлысың, керегін таңдап-талғап, ғаламтор кеңістігінен тауып, тапсырыс берсеңіз болғаны. Биылғы ғана емес, келер жылдарда да қызмет етіп, жазды жайлы өткізуге көмектеседі.


Салқындатқыш кеудеше

Желдеткіші бар кеудеше ыстықта таптырмас пайдалы гаджет. Өндірушілер кемпингке арнап шығарған. Алайда, үйде, жол жүргенде, бау-бақша жұмыстарына, егістік басында, мал шаруашылығында, басқа да физикалық еңбекпен айналысу кезінде киюге әбден болады. Ол арнайы «тыныс алатын» матадан тігілген және төрт түрлі режимде жұмыс істейтін салқындатқыштар орнатылған. Олар ауаны тұрақты түрде айналдырып тұрады, салқын әрі таза ауамен қамтамасыз етеді. Осылайша өзіңді әлдеқайда жайлы сезінуге себеп болады.

Кеудеше қосылып тұрған режиміне байланысты, 10-25 сағат аралығына тоқтаусыз жұмыс істеуге қауқарлы. Қуаты таусылғанда, USB кабель арқылы қуатталады.


Мойын желдеткіші

Hanging Neck Fan аспалы мойын желдеткіші – Xiaomi брендінің өнімі. Көп функциялы құрылғы мойын айналасында біркелкі салқындатуды қамтамасыз ететін бірнеше ауа өткізгіштері бар құрсау түрінде жасалған. Дыбыссыз жұмыс істейтініктен, оны пайдалану ешқандай ыңғайсыздық тудырмайды. Әсіресе, компьютер алдында, бір оында отырып жұмыс істейтіндер үшін оңтайлы шешім.

Құрылғының бірнеше жұмыс режимі, батарея зарядын көрсететін дисплейі, сондай-ақ қараңғыда пайдалануға арналған жарықдиодты шамдар бар. Type-C USB-порты арқылы қуатталады. Гаджет өте жеңіл және ықшам, пайдалы, сондықтан сатып алсаңыз, өкінбейсіз.


Смартфонға арналған желдеткіш

Тағы бір аса қымбат емес, бірақ өте пайдалы құрылғы – смартфон батареясынан қуат алатын желдеткіш. Оны Android құрылғысына немесе iPhone-ға қосуға болады. Әрине, осындай шағын құрылғыдан өте күшті ауа ағынын күтпеген абзал. Алайда оның да қажеке жарайтын кезі болады. Мысалы, көліктегі кішкене болсын ауа айналымын орнатып, қапырықтан құтқарады.

Көлемі кішкентай болғанының арқасында оны әрқашан өзіңізбен бірге алып жүре аласыз. Дыбыссыз жұмыс істейді және батарея қуатын көп тұтынбайды.


«Ақылды» матрас

Ішіне мақта орнына су толтырылатын CUKYI матрасы температура сенсорымен және суды салқындату жүйесімен жабдықталған. Сондықтан оны төсеп жатсаңыз, түнде ыстықтан зардап шекпейсіз. Жұмыс принципі өте қарапайым - құрылғыда суды айналдыратын су сорғысы бар. Салқындату желдеткіштің көмегімен жүзеге асырылады. Салқындатуды қосу-тоқтату, температура деңгейін қашықтан басқару пульті арқылы орнатуға болады. Жалғыз кемшілігі – құрылғының жұмыс кезінде аздаған шу шығарады.


Көліктегі жайсыздықты жояды

Ыстықта есік-терезесі жабық тұрған көлікке келіп отыру, көлік отырғышының отта тұрған табадай қызып кетуі – мүлде жағымсыз сезім. Тіпті ауа баптағыш орнатылған көліктің өзін алдын ала оталдырып, желдеткішті қосып, салқындағасын барып отырмаса, онда да осы жағдай. Осы жайсыздықты жою үшін өнертапқыштар WAECO MagicComfort салқындатқышын жасап шығарды. Ауа желдеткіш орындықтың астына орнатылады және жүргізушінің арқа, бел, басқа да дене мүшелеріне суық тимеуі үшін дозаланады. Құрылғы темекі тұтандырғышынан қуат алып, көлік оталып тұрмаса да жұмысын жалғастыра береді. Қауіпсіздік жастықтарының ашылуына кедергі жасамайды.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Өз уақытын ЕРЕКШЕ БАҒАЛАЙТЫНДАР мына гаджеттерді алуы тиіс